Димаш көрерменін таңдандыра біледі. Бұған жазда Нұр-Сұлтан қаласында өткен концертінде көзіміз жетті. Әр әнді ерекше талғаммен таңдап, қойылыммен әрлегені көрерменге ұнады. Енді ол 10 желтоқсанда Нью-Йоркте Arnau tour ENVOY атты жеке концертін береді. Күткеніміздей, әншінің дайындаған тосынсыйы бар.
Arnau tour ENVOY тұжырымдамасына елордада өткен Arnau концерттік бағдарламасының үздік сәттері енді. Астанадағы концерт әншінің елге деген ықыласын білдірсе, жаңа шоу оны қазақ мәдениеті мен әлем музыкасын бойына сіңірген талант ретінде көрсетеді.
Шоудың лейтмотиві – шексіз кеңістік. Әрине, мұның астары бар. Димаштың әндері адам санасына әсер етіп, ғарыштық көңіл күй сыйлайтынын білдіреді. Шынымен де, Димаш орындаған әннің шекарасы жоқ. Көпшілік музыка ырғағы мен дауыс үйлесімін жоғары бағалайды. Концертте шоу үшін арнайы жазылған шығармалар мен ескі хит әндер шырқалады. Әнші қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілінде ән салады.
Arnau tour ENVOY – имидждік жоба. Шоу арқылы жаһан елімізді жіті қадағалайды. Концерт барысы, жоспары, дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Басы-қасында жүргендердің дені жастар. Шоу бағдарламаға қатысушылардың орташа жасы – 25.
Қуаныш Бекен мен Арсен Именов – шоу хореографы. Олар Димаштың дауыс деңгейін, ән құдіретін бимен жеткізгісі келеді. Музыка мен бидің әуелгі үйлесімін әншінің әр әнінен іздеп көрмек. Қуаныш Бекен өзін түрлі телевизиялық жобада, клип пен эстрада жұлдыздарының үлкен концертінде сынап көрген. Тәжірибелі қоюшы хореограф. Арсен Именов Contemporary art бағытында жұмыс істейді. Түрлі еуропалық труппада бой көрсеткен.
Концерттегі би қойылымдарын 10 бишіден тұратын қазақстандық топ орындайды. Олардың қатарында атақты биші Александр Ли де бар. Естеріңізде болса, Александр Arnau концертінде жеке композиция ұсынған еді. Ендігіде ол қойылымның барынша піскен түрін Нью-Йорк көрермендеріне ұсынады. DQ_band – концертке қатысатын музыканттар мен мульти аспапшылар. Ұжымның әр мүшесі бірнеше аспапта еркін ойнайды.
Афишадағы Димаш бейнесінің артында үлкен еңбек тұр. Суретті дарынды фотограф Евгения Волкова түсірген. Постерді Contemporary art және New Media Art жанрларының өкілі Ринат Абдрахманов дайындады. Ол шоу идеясын графикалық нұсқада әзірлеп, көрерменге визуалды әсер етуді мақсат еткен. Ал шоу афишасының дизайн авторы –Анастасия Шиповалова.
Шоудың промо-ролигін дарынды қоюшы оператор Азамат Дулатов дайындады. Arnau tour ENVOY үшін Шарын шатқалында түсірілім жұмысын жүргізген. Қосымша түсірілімдер жұмысы хореографиялық элементтер бар павильонда өткен. Ролик негізі ретінде«Дүрдараз» әні таңдалды.
Димаштың командасымен бірге Нью-Йоркке «Астана балет» театрының ұжымы барады. «Астана балеттің» деңгейі бәрімізге мәлім. Ұжым классикалық және қазіргі заман стилі мен ұлттық хореографияның ортақ құрылымын жасап жүр. Нью-Йорк қазақ балетіне таңданады деген ойдамыз.
Концертті Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстанның АҚШ-тағы мәдени күндері аясында ұйымдастырады. Шоу Barclays Center аренасында өтеді. Аренаға барлығы 19 мың адам сияды. Концерт билеттері 13 қыркүйектен бастап сатылымға шықты.