Дөңгелек үстел жұмысына Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихы» бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Сәбит Шілдебай қатысып, «Автономиялы Кеңестік Қазақ Республикасының құрылуы: тарихы және өзекті мәселелері» атты тақырыпта баяндама жасады. Сәбит Шілдебай баяндамасында бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасына тарихи негіз болған Қырғыз (Қазақ) Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының құрылу тарихы мен оған қатысты мифтерді саралап, ұлттық автономия құруға қатысты қазақ қайраткерлерінің қоғамдық-саяси көзқарасындағы қайшылықтар мен әртүрлі бағыттарға ғылыми тұрғыдан талдау жасады және ұлт қайраткерлерінің осы жолдағы саяси күресіне объективті тарихи баға берді. «Кеңестік Қазақ Республикасының құрылған күні – 6 қазан. Себебі дәл осы күні ҚАКСР Кеңестері Құрылтай съезінің кешкі мәжілісінде 2 «қарсы» және 5 «қалыс» дауыспен «ҚАКСР еңбекшілері құқығының декларациясы» атты бірінші конституциялық құжат қабылданып, съезд ҚАКСР-ды жұмысшылардың, еңбекші қазақ халқының, шаруалар, казактар, қызыл әскерлер депутаттары кеңестерінің республикасы деп жариялады» дей отырып, 1920 жылы 26 тамызда РКФСР БОАК пен ХКК-нің «Автономиялы Қырғыз (Қазақ) Социалистік Кеңестік Республикасын құру туралы» декреті қабылданғанымен, республиканың құрылмағанын, 4 қазанда кешкі сағат 18.00-де Орынбордағы Свердлов сарайында ҚАКСР Кеңестері Құрылтай съезі салтанатты түрде ашылғанымен, ол күні республиканың жарияланбағанын нақты архив құжаттары негізінде дәлелдеп, дөңгелек үстел қатысушыларына көрсетіп берді. «2020 жылы 6 қазанда Кеңестік Қазақ Республикасының құрылғанына 100 жыл толады. Дәл осы республика – қазіргі тәуелсіз Қазақстанға тарихи негіз болды»,– деді тарихшы. Ал 1920 жылы 4-12 қазан аралығында өткен ҚАКСР Кеңестері Құрылтай съезінің ең соңғы – 12 қазанда өткен мәжілісінде 76 мүшеден және 25 мүшелікке кандидаттан тұратын ҚазОАК құрамы сайланып, 10 адамнан тұратын ҚазОАК Президиумы мен 14 адамнан тұратын ХКК сайланғанын баяндап берді. Осы уақытқа дейін жарық көрген «Қазақстан тарихы» оқулықтарында бұл мәселелер айтылмаған. Студенттерді Қазақ автономиясын құрудағы Алашорданың көсемі Ә.Бөкейханов пен оның бұрынғы мүшесі болған Ә.Ермековтің рөлі туралы сұрақтар қызықтырады екен. Тарихшы С.Шілдебай Ә.Бөкейхановтың 1920 жылдың тамызында Мәскеуде болғаны туралы ешқандай деректің жоқ екенін, осы уақытқа дейін осы мәселені зерттеген ірі ғалымдар С.Зиманов, С.Бейсембаев және Д.Аманжолованың да еңбектерінде ондай пікірдің жоқтығын алға тарта отырып, өзі тапқан архив құжаттары да «1920 жылы 12 тамызда В.И.Лениннің төрағалығымен өткен «Қырғыз туралы мәселелер жөніндегі» кеңестің мәжілістеріне Ә.Бөкейхановтың қатыспағанын дәлелдейді», – деді. Еліміздегі тарихпен айналысатын бас ғылыми-зерттеу мекемесінің тарихшысымен кездесу студенттер үшін де, оқытушылар үшін де пайдалы болды.
Алмагүл ОРДАХАНОВА, Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры міндетін атқарушы