Құжатсыз тасымалданған мұнай өнімдері тәркіленді
Құжатсыз тасымалданған мұнай өнімдері тәркіленді
209
оқылды

Алматы қаласының Алатау ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы мұнай өнімдерінің ілеспе шот-фактураларына қатысты рейд жүргізіп, «Т» ЖШС мұнай базаларының бірінде 833 280 теңгені құрайтын заң бұзушылықты анықтады.

Аталған база АИ-92 маркалы 6 510 литр бензинін ілеспе шот-фактурасыз сақтаған. Бұл жөнінде Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сонымен қатар, Наурызбай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлері «М» ЖШС-ның жанар-жағармай станцияларында 4 миллион теңгеден асатын 20 тонна мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін бақылау-өлшеу құралдарынсыз сату мен жөнелту фактісін анықтады.

Қазіргі уақытта әкімшілік заңнамаға сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасалып, материалдар Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жіберілді.

Мұндай заңбұзушылық шағын бизнеске немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 50 АЕК мөлшерінде, орта бизнес үшін – 100 АЕК, ірі бизнес үшін – 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Сонымен бірге, мұнай өнімдерін, темекі өнімдерін тәркіленеді.