«2006 жылы «Жетімдерсіз Қазақстан» жобасын бастаған кезде елдегі балалар үйлерінде 19 800 тәрбиеленуші болған. 15 жылға жуық уақытта ол 5 есе қысқарып, мұндай мекемеде 4 мыңдай ғана бала қалды. Алматы бұл жағынан өзгелерге үлгі болып келеді», – деді Аружан Саин.
Әр бала отбасында өсіп, тәрбиеленуі тиіс. Бұл барлық кезде де маңызды тақырып. Өткен жылы Алматыда 94 бала өз отбасын тапты, яғни балалар үйінен отбасылардың тәрбиесіне ауысты. Ал биылғы жыл басынан бері – 25 бала. Оның айтуынша, ата-ана қамқорлығынсыз қалған әрбір бала мен жетім балаларға мемлекет 10-нан 75 АЕК-ке дейін жәрдемақы төлейді.
«Бізде әр аптада бала асырап алушы ата-аналар клубы жұмыс істейді. Ата-аналар бала асырап алуға кем дегенде 1-3 жылда дайын болады. Осы уақытта бала отбасыға бауыр басып, үлкендер де қалыпқа түседі. Қанша дегенмен балалар үйінде отбасының үлгісі жоқ. Олар алғашында қайда барып, не болып жатқанын түсінбейді. Сондықтан да балаларды алдымен отбасына баруға дайындау керек деп ойлаймын», – дейді Қазақстан бала асырап алушы ата-аналар қауымдастығының директоры Жанна Ким.
Қазіргі таңда Алматыда «Жанұя» мамандандырылған кешені мен «Алматы» балалар ауылы жұмыс істейді. Балалар ауылында жағдай барынша үйдегі ахуалға сәйкестендірілген.
Жоғарыда Жанна Ким ата-аналар мен балаларды алдын ала отбасылық жағдайға, бір-біріне үйренуге дайындауға баса көңіл бөліп жатқанын айтып қалды. Расында да, бұл ерекше көңіл аударатын жағдай екенін айтқымыз келеді. Себебі елімізде жыл сайын балалар үйінен отбасылық тәрбиеге алынған балалардың 18 пайызы қайтадан бұрынғы ұяларына оралған. Соңғы жылдары бала асырап алуға насихаттау жұмыстары жүйелі жүргізіле бастады. «Жетімдерсіз Қазақстан» жобасы аясында да көптеген іс тындырылып жатыр. Бұрынғы балалар үйлерінің жұмысын тоқтатуы да соның әсерінен. Еліміздегі балалар үйінің басым бөлігі қиын-қыстау соғыс жылдары, келмеске кеткен Кеңес Одағы тұсында ашылған. Қазіргідей мамыражай заманда балалар үйінің тарих қойнауына енуі туралы талай айтылған. 2017 жылы Мемлекет басшысы балалар үйлерін трансформациялау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл Жарлықтың мәні – ата-анасыз қалған балаларды жаңаша тәрбиелеу жүйесіне көшу. Содан бері елімізде оң өзгеріс байқалады – жыл сайын мыңдаған жетім бала асыраушысын тапты. 2010 жылдан бергі 10 жыл ішінде балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны 70 пайызға азайды. Нақты санды сөйлетер болсақ, 14 052 баладан 4 193-ке дейін төмендеген. Ал балалар үйі жүйесі 210-нан 101-ге дейін азайған. Пайыздық көрсеткішпен есептегенде 52 пайызға төмен. Тәрбиеленушілер Балаларды қолдау орталықтарына ауыстырылған.
Бүгінде балаларды асырап алу үдерісі барынша жеңілдетілген, www.usynovite.kz интернет-порталы ашылған. Осы порталда бала асырап алу, қамқорлыққа алу туралы барлық мәлімет топтастырылған. Қазақстанның бала құқын қорғау жөніндегі комитет пен «Мейірімділік» еріктілер қоғамы бірлесіп ұйымдастырған «Жетімдерсіз Қазақстан» жобасының оң ықпалы тиіп жатқанын атап өткен жөн. Осы жоба шеңберінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалардың дерекқоры жасалып, қаншама тәрбиеленуші өз жаңа отбасын тапты. Сондай-ақ бала асырап алушы ата-аналарға кеңес беріліп, заң жағынан қолдау көрсетілді. Балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны төмендеуіне «Аналар үйі» жобасының да оң әсері болғанын айта кету керек. Қиын жағдайға тап болған аналардың өз сәбиін перзентханада қалдырмай, уақытша баспана тауып, оқуын аяқтап, білім алуына, аяғынан тұруына, жаңа мамандық игеруіне «Аналар үйі» үлкен мүмкіндік жасады. Бүгінде еліміздің 17 қаласында «Аналар үйі» қорының 26 дағдарыс орталығы бар. Сондай-ақ республикада Бала асырап алушыларды қолдау ұлттық агенттігі құрылған. Бұл агенттік жетім балалардың тезірек жаңа отбасын табуына мұрындық болып отыр.