Медет Мұратжанұлының айтуынша, полиция есебінде құқықбұзушылыққа бейім 354 жасөспірім мен 238 қолайсыз отбасы тұрған көрінеді. Ал кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 66 жасөспірім орналастырылған. Өткен айларда кәмелетке толмағандарға қатысты 139 қылмыс дерегі тіркеліпті. Соның ішіндегі жыныстық қолсұғушылыққа байланысты 84 дерек бәрімізді алаңдатып отыр. Жасөспірімдерді қорлағандар қатарында олардың әкелері мен ағалары, өгей әкелері мен көршілері бар. Тіпті, атасының немересін зорлауы жайлы бір оқиғаның орын алғаны жаға ұстатып, түңілдіреді. Жалпы, жоғарыда айтылған 84 қылмыстың 70-інде зорлық көргендерге бұрын білмейтін бөгде адамдардың қатысы болса, қалғаны бойынша көбіне туыстары зорлық жасаған. Нақты айтар болсақ, бір жасөспірімді атасы қорласа, үшеуін ағалары зорлаған. Жеті кәмелетке толмағанды әкелері масқаралаған. Өгей әкелер екі баланың обалына қалса, бір көрші де осындай жаманатқа іліккен. –Денсаулық сақтау органдары жасөспірімдердің жүкті болуын анықтауға қатысты 180 салыстыру актісін толтырды. Нәтижесінде, жасөспірімдердің жүктілігі туралы 273 дерек анықталып, 37 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл дерек те дабыл қағарлықтай екенін аңғартады. Мұндай олқылықтардың орын алмауы үшін отбасындағы тәрбиені күшейтуіміз керек. Оған ата-ана да, ұстаз да, қоғам да жауапты екенін ұмытпайық, – деген облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары мектеп оқушылары арасындағы қылмыс, құқықбұзушылық, зорлық-зомбылық, жаманатты жағдайлардың алдын алу бойынша әр оқу жылының басында жалпы білім беру ұйымдары аудандық, қалалық ішкі істер басқармаларымен бірлескен жоспар құрып, соған сай жұмыстар жүргізетіні жайлы да айта кетті. Қарап отырсақ, баланың білім алуы мен тәрбиесіне, құқының қорғалуына қатысы бар органдар қол қусырып отырмаған сыңайлы. Алайда жүргізілген жұмыстарда нақты нәтиже жоқ. Кәмелетке толмағандар құқы аяққа тапталып, олар ересектер тарапынан қорлыққа, зорлыққа ұшырауда. Мектеп қабырғасында жүрген қыздардың жүктілігі де жиілеп кеткен. Сондықтан балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне байланысты ықпалды шаралар ойластырып, кешіктірмей қолға алған жөн-ау деген ой келеді басқа. Ал кәмелетке толмағандардың ересектер тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшырауын тоқтатуда, осындай қылмыстарға қатысты жазаны барынша күшейту туралы қоғамдық пікірді қолдайтын уақыт жеткен сияқты.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы