Жалпы, мемлекеттік бюджеттің шығысы – 99,5 пайыз, республикалық бюджеттің шығысы – 99,8 пайыз, жергілікті бюджеттердің шығысы 99,5 пайыз атқарылыпты. Бірақ игерілмеген қаражат та баршылық – 20 млрд теңге. Атап айтқанда, Мәдениет және спорт министрлігі 1,8 млрд теңгені, Бас прокуратура – 1,5 млрд теңгені, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі – 1,4 млрд теңгені, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 0,9 млрд теңгені игермеген. Дегенмен ақшаны игермеу мен үнемдеу екеуі бір-біріне қарама-қайшы нәрселер екенін ескеру керек. Мәселен, 1,8 млрд теңгені игере алмаған Мәдениет және спорт министрлігі індет салдарынан қалтада қалған қомақты қаржыны сәуір айында-ақ қазынаға қайтарыпты. Тіпті, Токио Олимпиадасының кейінге шегерілуіне байланысты Қазақстанда өткен жартыжылдықта 4,3 млрд теңге үнемделді. Ол қаражат та оңтайландырылып, республикалық бюджетке берілген. Үнемделген ақша қайда жұмсалады? Көпшіліктің көкейін тескен бір сұрақ осы. Шенеуніктерге сенсек, үнемделген қаржы бірінші кезекте пандемиямен күрес шараларына бағытталады. Осы күні өңір-өңірде үнемделген қаражатқа түрлі медициналық жабдықтар, өкпені жасанды желдету аппараттары сатып алынған, стационарларға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Кейбір сарапшылар коронадағдарыс жағдайында қазіргі мемлекеттік шығындарды қайта қаралуы керек деп санайды. COVID-19 пандемиясы, әсіресе цифрландыру мен қашықтан жұмыс істеу арқылы ақшаны біршама үнемдеуге болатынын көрсетті. Қазірдің өзінде мемлекеттік аппараттың жартысы онлайн қызмет атқарып, өнімділікті онша төмендеткен жоқ. Демек, іс-шаралардың көбін онлайн режимде өткізуге болады. Бұл әдіс іссапарға немесе көлік шығындарына кететін қаражатты үнемдеуге жол ашады. Осы орайда, Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекеттік қызметкерлер мен ұлттық компания қызметкерлерінің бір бөлігін онлайнға ауыстырып, оңтайландыру мен шығындарды қысқарту мүмкіндігін мақсатты түрде зерттеуді ұсынған. – Бұл жерде әлеует айтарлықтай мол. Мәселен, 2019 жылдың бюджетінде елден тыс іссапарлар мен қызметтік сапарларға шығатын шығын 17,5 пайызға өскен. Ел ішіндегі бұл бағыттағы шығын 8,8 пайызға артқан. Көліктік қызмет төлемі 21 пайыз қымбаттаған. Қазіргі жағдайда мемлекеттің стратегиялық маңызы жоқ шығындарын да қысқарту керек. Мәселен, бұған консалтингті және зерттеу қызметтеріне шығатын шығындарды жатқызуға болады, – деген-ді Сенат Төрағасы. Коронадағдарыс қарапайым азаматтардың да шығынын азайтқан сыңайлы. Мысалы, АҚШ тұрғындары карантин кезінде үйден жұмыс істеп, 91 миллиард доллар үнемдеген. Себебі жұмыс пен үйдің арасында жөңкілудің өзіне америкалықтар күніне 758 млн доллар жұмсайды екен. Ал британиялық Vanarama компаниясы COVID-19 індеті кезінде әлемнің әр қаласындағы көлік жүргізушілері қанша уақыт үнемдегенін анықтапты. Ғалымдардың есебінше, мегаполис тұрғындары 5 ай ішінде кептелістен құтылғанының арқасында бірнеше тәулік үнемдеген. Бұл көрсеткіш Нью-Делиде – 79 сағат, Парижде – 69 сағат, Сан-Паолода – 63 сағат, Йоханнесбургте – 31 сағат, Берлинде 28 сағатты құраған. Ал уақыттың ақшадан да қымбат құндылық екені белгілі. Дүниежүзінде азаматтардың киім мен косметиканы сатып алу көрсеткіші төмендеген. Есесіне, азық-түлік, дәрі-дәрмек және балалар тауарларын көбірек сатып ала бастаған. Темекі тұтыну көрсеткіші сол баяғы деңгейден не аспаған, не түспеген. Зиян әдеттің ештеңеге қарамайтыны рас екен. Мамандардың пікірінше, тұтыну тұрғысынан қатардағы тұрғындардың дүниетанымы өзгеретін сияқты. Оқшауланып жатқан адамдар көптеген керексіз заттың артық екенін түсінген.
Айдар ДӘУІТҰЛЫ