– «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Барыс» хоккей клубы және Astana Pro Team велокомандасы секілді Samruk-Kazyna Trust құрамына кіретін барлық клуб жұмыстарын жалғастырады және тікелей «Самұрық-Қазына» қорынан қаржыландырылады. 2021 жылға арналған іс-шаралар жоспары 2020 жылдың соңына дейін жасалады. Ал қаржыландыру мөлшері қанша болатынын уақыт көрсетеді, – деді Асқар Баталов.Оның айтуынша, қор президенттік спорт клубын тарату туралы шешім қабылдаған. Спорт клубтарының құрылтайшысы Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры болады. Ал таратылатын ПКСК-ның бұрынғы басшысы Асқар Баталов Samruk-Kazyna Trust қоры бас директорының спорт мәселелері жөніндегі орынбасары ретінде қызметін жалғастыра береді.
– Бұл шешім көп деңгейлі есептілікті, сондай-ақ әкімшілік және басқарушылық құрамға кететін қосымша шығындарды алып тастау мақсатында қабылданды, – дейді ол.Жалпы, «Астана» ПКСК 2012 жылдың желтоқсанында Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен және «Самұрық-Қазына» қорының қаржылық қолдауымен спортқа мемлекеттік қолдауды күшейту, Қазақстан мен астананың әлемдік аренадағы оң имиджін нығайту, саламатты өмір салтын насихаттауға және жоғары спорттық жетістіктерді дамытуға ықпал ету мақсатында құрылған болатын. Президенттік кәсіби спорт клубы өз жұмысын бастаған кезде Pro Team Astana велокомандасы, баскетбол мен футбол клубтары, «Барыс» хоккей клубы, «Астана Дакар Тим», Astana Arlans боксшылары, су және ат спорты бойынша командалар, «Қазақстан барысы» ұлттық күресті дамыту жобасы мен сол жылы екі мәрте Олимпиада чемпионы болып, атағы дүркіреп тұрған Илья Ильин мен марқұм Денис Тен клуб қатарына қабылданды. Кейіннен қаржыландыру көлемі азайып, жобалардың саны қысқарды. Соған байланысты клуб қатарында футбол, баскетбол, хоккей, велокоманда ғана қалған еді. Енді, міне президенттік кәсіби спорт клубы жабылды. Өз кезегінде «Тарлан батырлары» ЖШС директоры Бақтияр Артаев та «Астана» президенттік кәсіби спорт клубы мен «Астана арландар» клубының жабылғанына қатысты пікірін білдірді.
– «Астана арландары» клубы, президенттік спорттық кәсіби клубы да жабылып жатыр. Басқа клубтарды бұрынғыдай тікелей «Самұрық-Қазына» қоры немесе «Қазақстан темір жолы» АҚ қаржыландырады. Қазір кәсіби спортты қаржыландыруды тоқтата тұрып, бұқаралық спортты дамытуды қолға алуымыз керек. Алматыдағы «Қайрат» командасын Қайрат Боранбаев деген кәсіпкер өз қалтасынан қаржыландырып, жүйелі түрде жұмыс істеп жатыр. Болашақта футбол сынды кәсіби спортты кәсіпкерлерге беруіміз керек. Ал мемлекет қаржысын бұқаралық спортты дамытып, кешендер салуға жұмсауымыз қажет, – дейді Олимпиада чемпионы.Шынында да, бұқаралық спортты дамытып, балалар спортына ерекше назар аударатын уақыт жетті. Еліміздегі инфраструктура мәселесіне де мықтап ден қойған жөн. Сөз соңында айтарымыз, спортты дамыту үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі механизмін іске қосып, қаржылы кәсіпорындарды спорт нысандарын салуға, спорт саласын қаржыландыруға тарту қажет. Бұл – ел спортын дамытуға септігін тигізетін игі қадам.
Абылайхан ЖҰМАШ