Шыңғыс хан заманындағы атақты ақылгөй, Жошы ханға бөлінген төрт қосынның басшыларының бірі Майқы Мәнұлының кісе белдігі табылды. Бұл туралы тарихшы, профессор Жамбыл Артықбаев өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
Сіздерге түсінікті болу үшін әңгімені өзінің ретімен жүргізейік. Мен соңғы кезде Көкше өңіріне жиі барамын, одан сіздер де хабардар боларсыздар. Соның бір нәтижесі қазақ заманындағы Щучинскінің атауы Шортан-Қарағай, Щучье көлінің атауы Қыздың қара суы, осы көлді жағалай жатқан таудың аты Көкшенің Емелі екенін анықтадық. Биылғы жылы маусым айында Бурабай сыртындағы Абақай қыратының баурауында ежелден қасиеттілігімен аты аңыз болған, жергілікті ел «Қалмақ ханының қызы жерленді» дейтін сақ дәірінің патша қорғанына белгі тас қойдық. Осы сияқты әр түрлі іс-шаралардың кезінде бірде Щучье музейіне кіріп шықтым. Кірген себебім осы шағын ғана музейдің меңгерушісі Гүлден Өмірғалиқызы Шамиғанова маған бір кісе белдік туралы айтқан еді. Кісе белдікті Щучье индустриалды- педагогикалық техникумы жабылған уақытта, оның өлкетану музейінен Алевтина Макеевна Дараган алып келген. Ол кісі Щучье музейінің негізін салушы адам. Қолыма алып қарасам ескілікті дүние, ұзындығы 162 см, ені 2,5 см қайыстан жаслаған, күмістелген темір қапсырмалары бар, белдікке қалта бекітілген, оның ұзындығы 15 см, ені 10 см. Кісе белдік әбден тозығы жеткен екен, бірақ көненің көзі екені бірден сезіледі. Ең бастысы айылбастағы жазу, араб әріптерімен бір қатар жазылған қадым жазуына келеді. Өзімнің төтеме сенім болмағандықтан Гүлденге бір араб жазуын жетік білетін адам іздейін, соған көрсетіп алайын дедім.
Осылайша күнделікті жұмыстан қол тимей біраз уақыт өтіп кетті, бір ғажабы Гүлден Өмірғалиқызы кісе белдік туралы қайта-қайта еске салып, жазуды оқып беруді өтінді де отырды.
Құдайдың құдіреті, Гүлден осылайша бір хабар қылған уақытта, ЕҰУ-нің ауласында Моллақанағатұлы Сайпулла (mollakanagatuly@gmail.com) інімнің кездесе кеткені. Ол араб, парсы тілдерінің бірден -бір маманы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың докторанты, әріптесіміз профессор Сатай Сыздықовтың шәкірті. Аға оқып берейін деп сөзге келмей келісе кетті, жалма -жан Гүлденге телефон соғып ватсаппен кісе белдіктің, ондағы жазудың суретін жіберуді сұрадық.
Кешке қарай Сайпулла інім телефон соғын, «Ағай, сенсация болып жатыр» дейді. Белдіктегі арабша мәтіннің اوشبو ايسى بايخى مانى ولى транскрипциясы: Ұшбу иесі Байхы Маны улы, яғни қазақша мағынасы: Мұның иесі Байқы Маныұлы,- болып шыққан.
Біздің білетініміз Байхы Маныұлы Шыңғыс хан заманындағы атақты ақылгөй, Жошы ханға бөлінген төрт қосынның басшыларының бірі. Шыңғысм ханды хан көтерген жиында он екі бидік ішінде Майқы бар еді, қазақ руларына таңба таратқан осы Майқы еді делінеді. Рашид ад дин оны Хушин тайпасынан дейді, ал бұл тайпадан Шыңғыс ханның ең сенімді екі серігі атақты Бөрші ноян, Борағұл нояндар шыққан. Бұл туралы әңгіме бөлек.
Сонымен ойда жоқта осындай олжаға кездестік. Құтты болсын ағайын !