Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев азаматтарды қабылдады.
Министрмен кездесуге барлығы 5 адам жазылды. Олардың төртеуі бейнебайланыс арқылы сауалдарын жолдап, өтініштері мен ұсыныстарын жеткізді. Ал Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны қабылдауға арнайы келді. Алғашқы болып Алматы қаласынан байланысқа шыққан Жалғас Әбілов Талғар аудандық электр желісінің жұмысына көңілі толмайтынын айтты.
– Мен Кеңсайда тұрамын. 2008 жылы осы жаққа көшіп келдім. Содан бері жарықпен арпалысып келеміз. Жарық күндіз 65-70 вольтқа дейін барады, ал түнде 300 вольтқа дейін көтеріліп кетеді. Тоңазытқыш, теледидардан бастап біраз дүниелеріміз істен шықты. Амалсыз трансформатор алдық. Оны да күйдіріп жіберді. Жақында газ келді. Одан кейін пеш сатып алдық. Пештің өзі тоқпен жұмыс істейді. Қазіргі кезде жергілікті тұрғындар үшін осы мәселе өзекті болып тұр, – деді Жалғас Жылқайдарұлы.
Аталған мәселені шешу үшін арнайы комиссия құрылатынын айтқан министр осы мақсатта атқарылатын жұмыстың бәрі толық бақылауда болатынына сендірді.
– Алматы Жарық компаниясының мәліметінше, Талғар ауданындағы автотрансформатордың тозығы жеткен, желілері әбден ескірген. Біз тиісті комиссия құрып, мұның бәрін зерттеп, жағдайды қалай реттеуге болатынын қарастырамыз. Бұл бір күннің ішінде шешілетін мәселе емес. Жаңарту керек, жаңа трансформатор орнату керек, желілерді де жөндеу керек. Соның бәрін пысықтауға 1 айға жуық уақыт кетеді, – деді Қанат Бозымбаев.
Шамалған ауылының тұрғыны Алпамыс Аманов ТОО «Сигма» компаниясы орнатқан газдың бағасы тым қымбат екенін, бұл тұрғындарға қиындық туғызып отырғанын жасырмады.
– Біздің ауылға ТОО Сигма компаниясы газ құбырын орнатты. Бірақ бағасы өте қымбат. Газды үйге кіргізіп бергенге 10 метр труба ғана кетеді екен. Соған 180 мың теңге сұрап отыр. Оны қосу үшін тағы 180 мың теңге береді екенбіз. Пеш аласың, тағы да басқа ұсақ-түйек жұмыстары бар. Осының бәрін есептегенде, әр отбасынан 870 мың теңге ақша кетеді. Бұл тұрғындар үшін аз сома емес. Осы мәселе бойынша көпбалалы отбасыларға немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға жеңілдік қарастырылған ба? Жағдайды бақылауға алып, көмек көрсетсеңіздер екен, – дейді ол.
Алпамыстың әңгімесін тыңдап, өтінішіне құлақ асқан министр, бұл жағдайға да өз жауабын берді.
– Сигма – жекеменшік компания. Бұл компания инсвестиция тартып, сіздердің ауылдарыңызды газбен қамтамасыз етіп отыр. Әрине, олар өздері инвестиция құйғаннан соң сол соманы тезірек қайтару мақсатында жұмыс істеуде. Жалпы, 170 мың – өзге өңірлермен салыстырғанда, орташа сома. Басқа облыстарда 250, 304 мың теңгеден екен. Бұл мәселені әлі де зерттеу керек. «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясының басшылығына тапсырма беремін. Олар сіздердің ауылдарыңызға келіп, осы мәселемен танысады. Егер «Сигма» тұрғандардан артық ақша сұрап отырса, онда біз оларды кеңсемізге шақырып, сөйлесеміз, – деді Қанат Бозымбаев.
Қабылдауға жазылған Жамбыл облысының тұрғыны Нариман Айдаралиев энергетикалық тоқ өндіру саласындағы инновациялық жобасын ұсынды. Дегенмен сөз арасында бұл жобасын патенттеуге асықпайтынын айтты. Өз кезегінде Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жобаны осы саладағы мамандармен талқылауды, егер ол мақұлданса, идея авторын елордаға шақыратынын тілге тиек етті.
Министрмен кездесу барысында Mitsubishi компаниясының өкілі Бақтияр Айтқазыұлы құрылыс саласындағы энергетикалық шешімдер бойынша ұсынысын білдірсе, Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Алексей Иголкин үйінің ауласынан өтетін газ құбырын алып тастауды сұрады. Қоғамдық қабылдауды қорытындылаған Энергетика министрі азаматтардың барлық өтініштері жан-жақты зерделеніп, мәселелерді шешу жолдары бойынша тиісті іс-шаралар қолға алынатынын жеткізді.