Беларусь үлесі артты
Беларусь үлесі артты
121
оқылды
Отырыс барысында депутаттар «2014 жыл­ғы 29 мамырдағы Еуразиялық эконо­микалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу, сондай-ақ жекелеген халықаралық шарттардың қол­данысын өзгерту және тоқтату туралы хат­таманы» ратификациялайтын заңды бекітті.
– Еуразиялық экономикалық одақ Елба­сымыздың бастамасымен құрылды. Оның жұмысын өркендетуге Мемлекет басшысы да баса мән беріп отыр. Еуразиялық одақ, ең алдымен экономикалық дамуды, тауар айна­лымын арттыруды және инвестиция саласын­дағы ынтымақтастықты күшейтуді көздейді. Бүгін қабылданып отырған заң жаңа кедендік баждарды белгілеу арқылы осы аталған мақ­саттарды іске асыруға үлесін қосады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
ЕАЭО елдері арасындағы кедендік әкелу баждарын бөлудің жаңа нормативтері туралы депутат Сергей Карплюк айтып берді. Хаттама бойынша Беларусь үшін кедендік әкелу баждарын бөлу нормативі, яғни осы елдің үлесі көбейтілген. Себебі Беларусь елінде кедендік баждарды жинау коэффициенті бөлу норма­тивінен көп болып шығыпты. Ал Қазақстан импорттың қазіргі көлемін сақтаған жағдайда сальдо бойынша оң көрсеткішке қол жеткізеді.
«Хаттама арқылы құзыретті органдардың кедендік әкелу баж сомаларын түсіруді және бөлуді дұрыс орындауын, олардың Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің бюджет кірісіне аударуын бақылау тәртібі туралы ереже және ақпарат алмасу мәселелері анықталады», – деді Сергей Карплюк.
Осының алдында заң жобасы бойынша түсініктеме берген Ұлттық экономика ми­нистрі Руслан Дәленовтің айтуынша, хаттамада кедендік әкелу баждарының сомаларын бөлудің жаңа нормативтері бекітіледі. Норма­тивтердің мөлшері одаққа мүше 5 мем­лекеттің әрқайсысы үшін айқындалған. Бұл ретте, Қазақстанға арналған норматив 6,955%-ға тең. Сонымен қатар отырыста сенаторлар бірқатар депутаттық сауал жолдады. Сенат вице-спикері А.Шәкіров пен депутат Л.Сү­леймен тұрғын үй саясатын іске асы­рудағы проблемаларды көтерді. Е.Мамытбековтің сауалында өнеркәсіп саясатына, оның ішінде «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң жобасын әзірлеуге қатысты мәселе қозғалды. Өз ке­зегін­де сенатор О.Булавкина шекара маңын­дағы ауылдардағы жағдайға назар аударды.  

Елдос СЕНБАЙ