Атырауда пандемия кезінде жұмыс істегені үшін әлі күнге дейін өтемақы алмаған №1 қалалық емхананың 30-дан астам қызметкері емханаға жиналды. Олардың айтуынша, екі мәрте құжат тапсырғанымен, Денсаулық сақтау басқармасы өтемақы төлеуден бас тартқан. Пандемия кезінде коронавирус жұқтырған ең алғашқы медицина қызметкерлерінің бірі – емханаға келушілерді тіркеуші М. Қонарова. Ол қауіпті дертті емханаға келген науқастардан жұқтырғанына сенімді. Алайда әлі күнге өтемақысын ала алмай жүр.
– Мен көпбалалы анамын. Коронавирусты тексерген тест оң нәтиже көрсетіп, оған қоса пневмония диагнозы қойылды. Ауруханада емделіп шықтым, – дейді М.Қонарова. – Карантин кезінде емханамыз жабылған жоқ. Кейбір әріптесіміз ауырса да, емделіп алып, жұмысқа қайта шықты. Біз өтемақы алуға екі рет құжат тапсырдық. Екеуінде де себебін түсіндірместен бас тартты. Бұл – әділетсіздік. Бұдан бөлек, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының құжат қабылдаған қызметкерлері бізден: «Қашан, қай жерде жұқтырып алдыңдар?» деп сұрайды. Осы сұраққа жауап беру мүмкін бе өзі?Рентгенолог Азамат Әділбекұлы пандемияның алғашқы кезеңінде 200-ге жуық науқасқа, соның ішінде әріптестеріне де, «пневмония» диагнозын қойған.
– Мені ауыстыратын екінші рентгенолог ауырып қалып, жұмыстан жіберген жоқ. Екі күн дене қызуым жоғары болса да, жұмыста жүрдім, - дейді рентгенолог. – Компьютерлік томография нәтижесі бойынша пневмония болсақ та, қызметімізді атқара беруге тура келді. КТ-ға өз әріптестерімді де түсірдім, егер қажет болса, көбінде пневмония болғанын дәлелдей аламын.Дәрігер мамандардың айтуынша, 65 мың адамға қызмет көрсететін қаладағы ең үлкен емханада 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың көбі коронавируспен ауырып шықты. Қолдарында КТ мен COVID-ке тапсырған анализ қорытындылары бар дәрігерлер еңбекақыны уақытында алмағанын айтып отыр. Емхана қызметкерлері дифференциалды төлем мен сыйақылардан да қағылған. Оны басшылық №1 емхананың есепшотынан түсініксіз жағдайда 70 млн теңгенің жоғалуымен түсіндірген. Дегенмен №1 Атырау қалалық емханасы дәрігерлерінің наразылық білдіруіне қатысты Асхан Байдуәлиев емханадан ұрланған 70 млн теңгенің үстемеақыға, төлемақыға еш қатысы жоқ деп мәлім етті.
«Атырау қаласындағы аталмыш емхана шотынан 70 млн теңгеге электронды түрде ұрлық жасалған. Бұл туралы тиісті құқықтық органдар тергеу-анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Орын алған жағдайға байланысты емхана қызметкерлерінің жалақысы қысқармайды, уақытылы беріліп отыр. Міндетті медициналық сақтандыру қоры арқылы жалақылары төленуде», – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Асхан Байдуәлиев.Сондай-ақ А.Байдуәлиев тамыз айында аталған емхана әкімшілігі жергілікті басқармаға коронавируспен күресте қызмет еткен 33 дәрігердің құжаты жіберілгенін, оның 13-іне ғана үстемеақы төленетіні белгілі болғанын мәлімдеді. Бастапқыда 10 медицина қызметкерінің құжаты қабылданды, №129 бұйрыққа өзгеріс енгізілуіне байланысты тағы үш қызметкерге үстемеақы төленетін болды. Комиссия отырысында емхана қызметкерлері жекелей шақырылып, талаптары сұралған. Көпшілігінің құжаттары жетіспеуі себепті кері қайтарылды. Комиссия отырысы облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменованың басшылығымен тоғызыншы рет өтті. Қалай десек те, 70 млн теңгенің электронды түрде жоқ болып кетуі жұртшылықтың таңданысын туғызып отыр.
Дәрігерлер еңбегін сұрап алмауы керек
Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күрескен барлық медицина қызметкерлері тиесілі өтемақыны алуға тиіс деп мәлімдеді. Үкіметтен қаражат бөлінгенімен де үстемеақы мен сақтандыру төлемдерін алуда әлі күнге дейін бюрократиялық кедергілер орын алып отырғанын ел Президенті де біліп отыр. Сондықтан ол дәрігерлер өздеріне тиесілі ақшаны сұрап алмауы керек деп айтарын бір-ақ түйіндеген болатын. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшылығы 749 медицина қызметкеріне үстемеақы қараша айының 1-іне дейін толықтай төленеді деп мәлімдеді. Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Асхан Байдуәлиевтің мәлімдеуінше, дәрігерлерге үстемеақы төлеу туралы №129 бұйрыққа қайта өзгертулер енуіне байланысты Атырау облысы бойынша 1 055 медицина қызметкерінің құжаты комиссияға ұсынылды.«Өздеріңізге белгілі, облыста маусым айында эпидемиологиялық ахуал өршуі себепті, үстемеақы төлеу туралы комиссия отырысы кешеуілдеп тамыз айынан бастап өтті. Алғашқыда 955 медицина қызметкерінің құжаты қаралды, содан бері тоғыз комиссия отырысы өтті. Соңғы өзгеріске орай, 1 055 адамның құжаты қаралып, екі күн бойы талқыланды. 749 әріптесіміздің құжаты оң нәтижелі болып, қазір 476 дәрігер үстемеақысын алды, 296 құжат кері қайтарылды», – деді А.Байдуәлиев.Құжаттардың кері қайтарылуының бірнеше себебі бар. Атап айтқанда, медицина қызметкерінің карантин кезінде жұмыс істегені туралы дәлелі болмауы, еңбекке жарамсыздық парақшасының толтырылмауы, рентген, КТ қорытындысы мен эпидемиологиялық картасында ПТР сынамасының нәтижесі көрсетілмеуі себеп болып отыр. Жұмыс барысында COVID-19 инфекциясын жұқтырып қайтыс болған 14 медицина қызметкеріне 10 миллион теңгеден біржолғы өтемақы төленді. Атырау облысында жыл басынан бастап пневмониямен сырқаттанған 9 951 жағдай тіркелген. Өкінішке қарай, пневмониядан 523 адам қайтыс болды.Қазіргі таңда Атырау облысында карантин шектеу шаралары күшейтілді. Коронавирус инфекциясының бірінші толқынында дәрі-дәрмексіз қол қусырып, халықты дәріханалар алдында сенделтіп қойған жергілікті атқарушы билік, коронавирустың екінші толқынына сақадай-сай болуға жұмыстануда. Атырау облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мәліметінше, Атырауға 6-9 қазан аралығында шетелден 5 әуерейс ұшып келген. Стамбұл, Анталия және Амстердамнан жеткен ұшақтармен барлығы 493 адам келіпті. Олардың 67-сінде COVID-19-ға ПТР-тест қорытындысы болмағандықтан карантин стационарына жатқызылған. Алайда барлық жолаушылардан коронавирус жұқпасына сынама алынып, зерттеу нәтижелері теріс болып, ешқайсысынан қауіпті инфекция анықталмағандықтан үйлеріне жіберілді. Алайда жергілікті тұрғындар Стамбұл, Анталия және Амстердам бағыты бойынша ұшатын ұшақтар санын азайту керегін айтуда. Себебі COVID-19-дың бірінші әрі ауыр өткен толқынында алғашқы тіркелген науқас Стамбұлдан ұшып келген студент болды. Бірақ «Халық айтса, қалт айтпайды» деген нақылды ескерер басшылар бар ма екен...