Алтынқұмар алматылықтар
Ұлттық банктің өлшеуіш алтын құймалардың сатылымына қатысты деректеріне көз жүгіртейік. Айтқандай, қаңтар-қыркүйек аралығында жарты тоннадан астам алтын сатылған. Қыркүйек айына 65,2 келі болатын 1 480 дана алтын иесін тауыпты. Тамызда (1 217), шілдеде (2 010), маусымда (1 282), мамырда (997), сәуірде (108), наурызда (236), ақпанда (459) және қаңтарда (833) кесек алынған. Құйманың бес түрі бар: 5, 10, 20, 50 және 100 грамм. Қазақстандықтардың дені 10 грамдығын алады екен. Себебі жалпы сатылымнан оның үлесі 25 пайыз болып отыр. Осы күнге дейін мұндай өлшемді 8 701 кесек сатылған. 22 пайыздық үлеспен екінші орында 20 грамдығы «халық сүйіктісі» саналады, 7 648 дана алынған. Ең аз өлшемді алтын құйманың үлесі – 19 пайыз, 6 414 дана. 4 276 дана 50 грамдық сатылған, үлесі 12 пайызға тең екен. Алтынқұмар аймақтардың рейтингіне келсек, жалпы жүзеге асырылып, сатылған алтын кесектердің 55 пайызын алматылық ағайын иемденіпті. Одан кейінгі орында мұнайлы өлке – Атырау (14 пайыз), бас қала – Нұр-Сұлтан (10 пайыз) халқы тұр. Өзге қалалар мен аймақтардың үлесі қалған 21 пайызды құрайды.Қаржыны қалай сақтаған жөн?
Қаржыны қалай және қайда сақтау әркімнің жеке шаруасы саналады. Бірі – шетел валюталарында, бірі – алтынмен, енді бірі жылжитын не жылжымайтын мүлікке салады. Енді бір топ банктегі есепшотында, ұлттық валютамен сақтағанды жөн көреді. Мысалы, 2000-жылдардың басында доллар сатып алу сән болатын. Қолда бар қаржыны инвестициялаудың ең оңтайлы тәсілі саналды. Ал бүгінде валюта бағамы теңіздің толқынындай бірде жай, бірде қатты соғады. Бір сәтте шарықтап кеткен доллар, артынша саябырсиды. GSB UIB директоры, экономист Мақсат Халық қаржыны дифференциал ұстаған жөн дейді. «Қаржыгерлер ешқашан барлық қаражатты бір ұяшықта сақтамаған жөн деген кеңес береді. Оны бөліп сақтау қажет. Ол дегеніміз – бір бөлігін – шетел валютасында, бір бөлігін – теңгемен сақтаған дұрыс. Ұлттық валютада бір жылға арналған ақшаны сақтаған дұрыс болады. Мысалы, доллар көтерілген тұста ажиотаж болып, бәрі сатып алады. Содан нағыз қажет кезде алайын десе, сатып алған бағамынан төмен болып шығып жатады. Бұдан шығатын қорытынды – кемі жарты жылда жарататын ақшаңызды шетел валютасына ауыстырып қажет емес. Ал енді соның үстінде қалған қаражатты алтынмен, еуро, доллармен сақтай беріңіз», – дейді сарапшы.Тақырыптың өзегі болып отырған алтын құймаларымен сақтауға келсек, бұл соңғы тренд десек болады. Себебі валюталар бағамы тұрақсыз кезеңде құнын жоғалтпайтын алтын әлдеқайда тартымды. Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетовтің ойынша, алтын алуға құмарлықтың себебі теңгенің тұрақсыздығымен тікелей байланысты. «Өлшеуіш алтын құймалар депозиттердің баламасы іспеттес. Әрі алтын бағасының күрт өсуі қызықтырмай қоймайды. Теңге тұрақсыз болғандықтан, қазақстандықтар алтын сатып алып жатыр. Бірақ осы ретте мынаны ескеру қажет дер едім. Бүгінде бұл қымбат металдың бағасы шарықтап тұр. Демек, осы позициядан күрт өсіп кетеді деп күтудің қажеті шамалы».
Алтын алу теңгеге деген сенімсіздік пе?
Мақсат Халық болса, мәселе ұлттық валютаға деген сенімде емес, халықтың қаржылық сауатының өскенінде деген пікірде. «Расында, қазір азаматтардың алтын сатып алуға қатысты ойы ауысқанын байқап отырмыз. Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде бұл тенденция бар. Соңғы бесжылдыққа қарасақ, алтын бағасында тек өсім бар. Яғни, қорын алтынмен жинақтаған кез келген адам ұтып отыр деген сөз. Қазақстанның валюталық резерв қорының 70 пайызы алтынмен жинақталған. Сондықтан пандемия тұсында алтынның бағасы күрт өскені алтын валюталық резервінің ұлғаюына септігін тигізді. Енді азаматтардың қызығушылығын тудырып отырған себептерге келсек, біріншіден, Ұлттық банктің мүмкіндігі. Арнайы кішкентай құймаларды шығарып, бөліп-бөліп сатып жатыр. Бұл қадамды құптаймын. Себебі тұтас 13 келілік кесекті алуға екінің бірінің жағдайы келе бермейді. Одан бөлек, азаматтар бұрын қорын теңгемен сақтайтын. Қазір өзгеруін ұлттық валютаға деген сенімсіздік дегеннен гөрі қаржылық сауаттың артқаны дер едім», – дейді экономист.
Алтын алам десеңіз…
Әлемдік алпауыт орталық банктер пайыздық мөлшерлемелерін күрт төмендетті. Тіпті, 1 пайыздан да төмен ұсынып отыр. Бәлкім, көпшіліктің алтынға көшуіне бұл да бір себеп болса керек. Пандемия да дүниежүзінің экономикасына айтарлықтай өзгеріс енгізіп жатыр. Қиын күндер, ауыр сәттер алда күтілуі мүмкін деген болжам да есті адамды ойландырмай қоймайды. Ал алтын болса, құнын жоғалтпайды. Оның бағасы тек өсе береді. Әрі оны кері өткізу де оңай. Бүгін түске дейін алғанды түстен кейін өткізуге болады. Тек ескеру керек жайт: алтынның қорғаныш орауын ашпаған жөн. Себебі әрбір кесек қорғаныш элементтерімен құймалардың бет жағы айнадай, микромәтін және бедерлі гурт және құймаларды механикалық зақымданудан қорғайтын және орауы ашылғанын немесе ашылмағанын тез анықтауға мүмкіндік беретін арнайы орауда шығарылады. Егер ашылса, оны өткізу қиындайды. Өйткені әлгі қорғаныш орауы құйма сапасының сертификаты саналады. Әрине, ашылса қабылдамай қояды деген сөз емес. Тек оны кері аларда мәселе туады. Оны қабылдар алдында экспертизаға өткізіледі. Осылайша, демде ақшаға айырбастай алмайсыз. [caption id="attachment_80106" align="alignnone" width="1088"] © коллаж: Айша Ерсұлтан[/caption] Ұлттық Банк халық үшін тазартылған алтынның өлшемдік құймаларын сату және кері сатып алу бағдарламасын 2017 жылы іске қосқан болатын. Үш жыл ішінде жалпы салмағы 1,25 тоннаны құрайтын 34 688 өлшеуіш құйма сатылған. Бүгінгі таңда алтын кесектерін Halyk Bank-тен, Еуразиялық Банктен, Jýsan Bank-тен, Банк ЦентрКредиттен, сондай-ақ банктік емес айырбастау пункттерінен сатып алуға және оларға кері сатуға мүмкіндік бар.Акция алу да – бір амал
Алтын не шетел валютасында ақша сақтаудан бөлек, инвестициялық құралдың тағы бір түрі – акциялар. Бұл тенденция да дамып келеді. Инвесторларды қымбат әрі бағасы үнемі өсіп тұратын акциялар тартатыны сөзсіз. Құнды қағаз деген аты да соған байланысты. Бірақ депозит не алтын құймаларға қарағанда, бұл жерде тәуекел жоғары. Сондықтан құнды қағазды алмас бұрын жүз ойланып, мың толғану қажет. Қаржылық сауат, күнделікті әлемдік экономикадағы ахуалдан хабардар болып отырмаса болмайды. Десек те, қазақстандық қор биржасы (KASE), «Астана» халықаралық қаржы орталығы жаныдағы пул белсенді жұмыс атқарып отыр.Жадыра АҚҚАЙЫР