Аталған жобаның 5 бағыты бойынша жалпы 8 471 миллион теңге несие қаражаты игерілсе, оның «Тараз» ӘКК» АҚ-ы арқылы 7 200 миллион теңгеге 2,5 пайызбен 2 489 өтінім қаржыландырылған. «Тараз» МҚҰ» ЖШС-і арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің айналым қаржылары мен ауыл шаруашылығы техникаларына 1 271 миллион теңге несие қаражаты 5 пайызбен берілген. Осылайша, Жамбыл облысындағы 10 ауданнан 11 пилоттық ауылдық округтен 8 564 аула, 2 478 тұрғын мен 11 кооператив несиелендірілді.
– Бірінші бағыт үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бойынша 125,9 миллион теңге 11 АШК-і толық қаржыландырылса, 16 жылыжай құрылысына 138,1 миллион теңге берілді. Екінші бағыт аулада мал мен құс шаруашылығын дамыту бойынша болса, 6 905 миллион теңгеге 44 850 бас мал сатып алынды. Үшінші бағыт тұрғындардың ауыл сыртындағы жерлерін тиімді пайдалануға келсек, 230,1 миллион теңгеге 10 325 гектар ауыл сыртындағы егістік жер игерілуде. Төртінші бағыттағы жұмыстар да тетігін тауып, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техникалар лизинг жүйесімен сатып алуға 1 006,4 миллион теңге бөлініп, 191 дана техника алынды. Бесінші бағыт ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашуда 12 жоба мақұлданып, 64,7 миллион теңге мақсатты жұмсалды, – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының ауыл шаруашылығы кооперациясы және өңірлердің дамыту бөлімінің басшысы Дулат Оспанов.
Жалпы, іске асырылып отырған 5 бағыт бойынша бүгінгі таңда үй іргесінен 5 182 тонна көкөніс өндірілсе, оның 1 912,2 тоннасы – қызанақ, 1 024,9 тоннасы – қияр, 41,7 тоннасы – сарымсақ, 1 858 тоннасы – картоп,180 тоннасы – пияз, 129 тоннасы – жүгері, 89,5 тоннасы – қырыққабат, 105 тоннасы – сәбіз, 224 тоннасы – қауын, 134,4 тоннасы – қарбыз, 92 тоннасы – асқабақ және 493 тоннасы – жоңышқа. 16 жылыжайдан болса шаруалар 16,3 тонна көлемінде өнім алса, мал шаруашылығынан 2 808,9 тонна ет пен сүт өндірілген. Ауыл сыртындағы жерлерді игеруден 17 988 тонна дәнді дақылдар жиналса, оның 5 995 тоннасы – арпа, 1253 тоннасы – бидай, 10460 тоннасы – көпжылдық шөп және 280 тоннасы – жүгері. Жеке кәсіпкерлік бағытында ашылған шағын цехтар 16,3 тонна өніммен өңір қорын толтырды. Орта есеппен аталған пилоттық округтер 11,5 миллиард теңгенің өнімін шығарып отыр.
Бұл сөз жоқ, жанға жылу беретін ақпар. Оны өткен жылмен салыстырғандағы экономикалық көрсеткіш айқындап тұр. Мәселен, бірінші бағыт бойынша барлық пилоттық ауылдық округтегі 5 353 аула мен 603 гектар жер қамтылса, биыл 7 856 ауланың 932 гектар үй іргесіндегі жері кәдеге жараған. Яғни, аула саны 147 пайызға, 329 гектар жер 155 пайызға ұлғайған.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы