«Балалардың аяқ-қолын жаялықпен байлап, сол күйде күні бойы қалдырған» – Динара Закиева
«Балалардың аяқ-қолын жаялықпен байлап, сол күйде күні бойы қалдырған» – Динара Закиева
204
оқылды

Бүгінгі таңда 4 жастан 18 жасқа дейінгі ерекше қажеттіліктері бар 2000 бала медициналық-әлеуметтік мекемелерде (МӘМ) тұрып, тәрбиеленуде. Оның ішінде жетім балалар да бар. Көптеген мекемелерде бала күтімі сапасының төмендігінің басты себептерінің бірі – қызметкерлер біліктілігінің жеткіліксіздігі.

14 қазанда Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балаларды қорғау мәселелері жөніндегі кеңес жұмысының қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Қоры жанындағы «Қамқорлық» Корпоративтік қоры мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұйымдастырған Қазақстан МӘМ-нің 200 қызметкерінің бірінші оқу күні өтті. – Оқу бастамасы тек біздің тарапымыздан ғана шықпағанын ерекше атап өткім келеді. Мекеме қызметкерлері өздері де осындай оқытудың өткізілуін сұрап, оны тәжірибе алмасу, біліктіліктерін арттыру қажет екенімен негіздеді, – деді Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер және балаларды қорғау мәселелері жөніндегі кеңестің төрағасы Динара Закиева. Ең бастысы, оқыту – медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұрып, емделіп жатқан барлық балалардың денсаулығы мен өмір сүру сапасы үшін аса маңызды қадам. Бұл қадам балалардың өмірін 180 градусқа бұруға мүмкіндік береді.

Оқыту балаларға күтім жасау сапасын арттыру, «құрметпен қарау» әдістемесін енгізу, дамуға арналған кешенді жұмыс, өзіне-өзі қызмет көрсету және балаларды медициналық, әлеуметтік, психологиялық және түзету қызметтерін қамтитын дербес өмірге дайындау мақсатында жүргізіледі. Аталмыш оқуды аяқтау оңай емес – нәтижесінде қызметкерлер тестілеуден өтіп, практикалық емтихан тапсырулары керек.

– Қазір ерекше қажеттіліктері бар балаларға көрсетілетін кешенді көмекті заманауи тәсілдермен қайта құру өте маңызды. Бізге ерекше баланы өзінің қимылдарын, іс-әрекеттерін басқаруға, қабылдауды ұйымдастыруға, өзін-өзі күтуге үйретуді қамтитын мүлдем басқа тәсіл қажет. Бұл ретте тиімділігі мен қауіпсіздігі ғылыми түрде дәлелденген тәсілдерді ғана пайдалануымыз қажет. Оқытуға басқарма қызметкерлерінің де қатысатыны маңызды, олар қызметкерлерден не талап ету және қалай тексеру керектігін түсінеді. Естеріңізде болса, 6 ақпанда Кеңес жұмыс тобының өңірлердегі жұмысының қорытындысы бойынша біз МӘМ-де балалардың өмір сүру жағдайлары мәселелерін көтерген едік. МӘМ-дегі балаларға арналған жағдайларды зерделеу барысында біз материалдық-техникалық жабдықтаудағы, балаларды күту сапасындағы, балалардың жеке даму жоспарларын, күн тәртібін сақтаудағы, емдеу және оңалту сапасындағы, материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейіндегі біраз кемшіліктерді анықтадық. Мысалы, біз МӘМ-лерінің камераларынан бейнежазбаларды қарап шыққанда, тіпті отыра алатын балаларды да жатқызып қойып, басын көтермей, көлденең күйде қасықтан тамақтандырылатындығын көрдік. Олардың аяқ-қолын жаялықпен байлап, сол күйде күні бойы қалдырған, 2 күнде балалар бөлмеден көп дегенде 1,5-2 сағатқа шығарылды, ал бір қыз таңертеңгі 6:40-тан кешкі 8-ге дейін 2 күн бойы өзінің арбашасында бір қалыпта отырды. Сонымен қатар, арбашалар балалардың жасына және бойына сәйкес келмегендіктен, балалар күні бойы ыңғайсыз, ауыр күйде иіліп отыруға мәжбүр еді. Қазір Кеңес анықтаған материалдық-техникалық базаға қатысты бұзушылықтар, соның ішінде арбалар, кереуеттер бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, материалдық-техникалық базаны сатып алуды және жаңартуды жүргізуде. Дегенмен, ең бастысы – қызметкерлердің біліктілігін арттыру, – деді Динара Закиева. Ал қазір барлық өңірлерде материалдық-техникалық база жаңартылып, жағдай жақсаруда. Алайда, балаларды күту, оңалту, дамыту сапасын арттырудың маңызды құрамдас бөлігі – оқыту. Ашылу барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов министрлік МӘМ-нің әрбір қызметкері авторизациядан өтіп, аккредитация мен аттестациядан өте алатын интерактивті платформа әзірлеуді жоспарлап отырғанын айтты. Оның айтуынша, алдағы уақытта бұндай оқытулар мен семинарлар қызметкерлерді оқыту және олардың құзыреттілігін тестілеу арқылы растау процесінің ажырамас бөлігіне айналады. – Біз медициналық-әлеуметтік мекемелердің барлық қызметкерлерінің жалақысын осы 3 жылда 2 есеге, яғни 1 қаңтардан бастап 1,5 есеге, бір жылдан кейін 1,75 есеге және 2023 жылы 2 есеге арттыру туралы мәселені көтеріп отырмыз. Бұл салада қызмет көрсету стандарттарын білетін және оларды сақтайтын, соның ішінде өзінің кәсіби оқуымен және өз құзыретін арттырумен айналысатын жүрегі ыстық адамдар ғана жұмыс істеуі тиіс, – деді ол өз сөзінде.