Обырдан құтылудың жолы бар ма?
Обырдан құтылудың жолы бар ма?
323
оқылды

Былтыр қатерлі ісік жер бетіндегі 9,6 млн адамның өмі­рін жалмады. Ал обыр диаг­­нозымен есепте тұрған­дардың саны 18 миллионнан асты. Мамандар 2040 жылға қарай жылына 30 млн түрлі обыр тіркелуі мүмкін деп да­был қағып жатыр. Қауіпті ін­дет көп тараған елдердің ба­сында АҚШ, Австралия мен Еуропа бар. Қазақстан да обыр ден­деген 50 мемле­кеттің қата­рында. Елімізде жыл сайын осы дерттен 15 мың адам көз жұмады. Өкі­ніш­ке қарай, қауіп­ті індет жас­тар мен бала­лардан жиі анық­талып жатыр.

Бүгінгі таңда жылына обыр­ға шалдыққан 35 мың адам тір­кеу­ге алынады. Жалпы есепте тұр­ған­дардың саны 180 мыңға жақын­даған. Емделушілердің басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы және Түр­кістан облысының тұрғындары. Қазақстан – ТМД-дағы тегін скрининг жүргізілетін жалғыз мемлекет. Алайда қатерлі ісік­ті ерте анықтау әлі мүмкін бол­май тұр. Сондықтан АҚШ сияқ­ты алпауыт мемлекеттердің тә­жіри­бесіне сүйенуге тура келеді. Осыған орай еліміздің бас қа­ла­сында алғаш рет президент­тер, бірінші ханымдар мен король­дік отбасы мүшелері, Сырт­қы істер және Денсаулық сақ­тау министрлері, сондай-ақ он­ко­логиялық ауруларды бақы­­лау саласындағы 350 ғалым қатысқан Дүниежүзілік саяси кеңес өтті. Мақсат – онколо­гия­лық ауруларға қарсы күрестің тың тәсілін іздеу.

– Былтыр Үкімет деңгейінде онкологиялық аурулармен ку­ресу­дің төрт жылдық кешенді жос­па­рын құрдық. Оған 35 мил­лиард теңге бөлінді. Соның арқа­сын­да қатерлі ісікті ерте бастан анықтайтын скринингтер өткізіп жатырмыз. Алайда халықтың 25 пайызы ғана скринингтен өтеді. Оның ішінде онкологиялық аурулардың 23 пайызы ғана ерте анықталады, – дейді Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Қатерлі ісікті бақылау жө­ніндегі халықаралық одақты бас­қарып отырған Иордания хан­шайымы Дина Майредтің ұлы да қауіпті кеселге шалдығыпты.

– Ұлым екі жасында ақ қан ау­руы­на шалдықты. АҚШ пен Ан­­глия­да емделіп келгеннен кейін тәуір болды. Содан түй­ге­нім, өз елімізде немесе шетелде бол­сын, емдейтін мекемелер, дәрі­гер­лер бар. Тек менеджмент жоқ. Сон­дықтан елде жұмыс жос­па­ры дұрыс құрылмаса, дәрі­герлер мен емхана жеткілікті бол­са да, одан нәтиже шықпайды, – дейді ол.

Қазір маңызды болып отыр­ған мәселе – мамандарды оқыту, диагностиканың заманауи әдісін пайдалану, науқастарға жедел медициналық қызмет көрсету және т.б. Еліміз обырмен күрес­ті күшейту үшін заманауи техноло­гияларды, Еуропаның иннова­циялық тәсілдерін қолданатын болады. Осы үшін қазынадан 36 млрд теңге бөлінбек.

– Дәрінің бәрі қымбат. Дү­ниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, дәрінің ба­ғасын төмендету мәселесін қарас­тырып жатырмыз. Әр елде баға әртүрлі. Бюджеттен қомақты қаржы бөлінбек, енді соның дұрыс жұмсалуы маңызды. Мәселен, оның бір бөлігі профилактикаға, бір бөлігі скринингке кетеді. Өткен жылдары скрининг 6 пато­логиядан тұратын, ол тиімсіз бо­лып шықты. Қазір қолданылып жатқан 3 скрининг жақсы нәти­же көрсетіп жатыр. Әйелдер арасында көз жұматындардың көбі жатыр мойны обырына шалдыққандар. Бұл кеселмен күресуге болады. Ол үшін қыз­дарға ерте 12-13 жастан екпе жа­салуы қажет. Келесі жылдан бас­тап, осы мақсатқа арнайы қар­жы бөлініп, ата-аналарының рұқ­сатымен ерікті түрде тегін екпе жа­саймыз. Бұл тұрғыда Австралия­ның тәжірибесі мол. Оларда он жыл бойы екпе жаса­лып келеді. Нәтижесінде, жа­тыр мойны обырына шалды­ға­тындардың саны азайды, – дейді Қазақстанның бас онкологы Диляра Қайдарова.


Елімізде сүт безі қатерлі ісі­гіне шалдығатындар да көбейді. Өкініштісі сол, бұл кесел жас­тарда да көп кездесіп жатыр. Сон­дықтан бұрын 50 жастағы әйелдер маммографиядан өтсе, енді 40 пен 70 жас аралығындағы әйел адамдар тексеруден тегін өте алады. Дәрігерлердің ай­туын­ша, өлім-жітім көрсеткіші­нің жо­ғары болуының себебі – диаг­ностикадан кеш өту, яғни адам­дардың дерт және оның қаупінен хабардар болмауы. Медицина саласы қызметкерлерінің білім деңгейінің жеткіліксіз болуы да – бір себеп.

– Жалпы, онколог мамандар он жыл оқиды. Биыл үшінші рет онколог резиденттерімізді тү­л­еттік. Олар қатерлі ісік көп тір­­келген Шығыс, Солтүстік Қа­­­зақстан және Павлодар облыс­та­рына жіберілді. 2020 жы­лы тағы 54 онкологты даярлап шы­ғарамыз. Қазір мамандарымыз Америка, Корея, Еуропада бі­ліктілігін арттырып жатыр. Біз­дегі басты мәселе – науқастар дер­тін асқындырып алады. Қауіп­ті ауруға шалдыққандардың 25 пайызы ғана дәрігерге дерттің алғашқы сатысында жүгінеді. Ау­ру­дың алғашқы кезеңінде адам­­­ды 100 пайыз емдеуге мүм­кін­дік бар. Өкпе қатерлі ісігіне шал­дық­қан­дардың 70 пайызы, бауыры ауыр­ғандардың 90 пайы­зы дерт асқын­ғанда келеді, – дейді бас онколог.

Қазақстанда 5 онкологиялық орталық бар. 2022 жылға дейінгі онкологиялық аурулармен күрес­тің кешенді жоспарына сәйкес, ел астанасында Орталық Азиядағы ең ірі кешен салынып жатыр. Құрылысы басталған Ұлттық онкология орталығына обырды емдеу мен диагностиканың ең озық технологияларын енгізу жоспарланған.

Аты жаман аурудан көрер жарығы таусылғандардың басым бөлігі – дұрыс тамақтанбаған және салауатты өмір салтын ұс­тан­бағандар. Мұнымен қоса ше­тел­дік сарапшылар қазір те­мекі­ден, өкпеге түтін тар­та­тын зат­тардан үлкен зиян келіп жат­қанын айтады. «Егер әлем шы­лым шегуден бас тартса, он­ко­логиялық ауруға шалдыққандар 22 пайызға азаяр еді» дейді олар. Аурудан алшақ жүру үшін дәрігерлер дұрыс тамақтануға кеңес береді. Медицина сала­сында 20 жыл тәжірибесі бар хирург, онколог-маммолог маман Мұратжан Исаұлы ең басты дүние адамның көңіл күйінде екенін айтады.

– 35 жастан кейін иммунитет әлсірегенде жасушалар көбейе бастайды. Ол он жыл өседі. Сол он жыл өткеннен кейін біз анық­таймыз. Ерте анықтау үшін скрининг әдістерді қолдану керек. Қазір осы мәселе қолға алынып жатыр. Аурудан сақтанудың жолы алдымен адамның көңіл күйіне байланысты. Қуаныш та, қайғы да – бәрі уақытша. Адам өзін бірқалыпты ұстауы керек. Одан кейін – тамақтануы. Жеген тамағының, сусындардың құрамын білуі керек. Денемізді улап жатамыз. Мысалы, кешке тамақ ішкеннен кейін, жатар ал­дында дене жаттығуын жасауы­мыз керек, 3-4 км жаяу жүр­ген жөн. Соны жасамаймыз. Ас­қа­занға салмақ түсіреміз. Адамдар сыраны көп тұтынады. Тазасын білмейді. Мысалы, Германия, Чехия елдерінде адамдар сы­ра­ның ары кетсе 1-2 бокалын ішеді. Ал бізде барға отырып, жарысып ішетіндерді байқаймыз. Соның салдарынан көп зардап шегетін – бауыр мен ішек», – дейді маман.