Нобельде де нобель бар, саясаты бір бөлек
Нобельде де нобель бар, саясаты бір бөлек
219
оқылды

Биыл Польша жазушысы әрі ақын Ольга Токарчук пен авс­триялық жазушы, сце­на­рист Питер Хандкеге Нобель сыйлығы берілді. Екі бірдей жазушыға табыс етудің сыры неде? Нобель неге ерекшеле­ніп тұрады? Бұл сыйлықты ием­­денгендер кім? Үміт­кер­лер ше? Нобель сыйлығын бе­ретін комитет нені басты на­зарда ұстайды? Бұл сұрақ­тарға жауап іздеп көрсек.


Токарчук пен Хендке

Былтырғы жылғы академия­дағы «дау-дамайға» байланысты әдебиет номинациясы бойынша сыйлық беру кейінге шегерілген еді. Осыған байланысты, Ольга Токарчук 2018 жылдың сыйлығын, Питер Хандке 2019 жылдың сый­лы­ғын иемденіп отыр. Токарчук­тың алғашқы романы 1993 жылы жарық көрген. Романдарынан бө­лек, бірнеше өлеңдері мен қыс­қа әңгімелер жинағы шыққан. Токарчук – жазушы ғана емес, пси­хо­лог маман. Ол өз еңбекте­рінде Карл-Густав-Юнгтің психо­ло­гия­лық дәстүрлерін ұстанады. Оның әдеби марапаттары өте көп. Букер сыйлығын алған алғашқы поляк жазушыларының бірі. Оның кей көзқарастарын ұнатпайтын қар­сы­­ластары да баршылық. Тіпті олар­дың арасында құрметті азамат атағынан айыру қажеті туралы айтып, талап еткендер де бар.

Токарчук – Нобель сыйлығын алған бесінші поляк жазушы. Оған дейін сыйлық Генриз Сиен­ке­вичке, Владислав Реймонтқа, Чеслав Милошқа және Вислав Шимборскаяға бұйырды. Нобель ко­митетін Токарчук шығарма­ла­ры­ның ерекшелігі қызықтырса керек.

«Оның прозасы халықтар мен мәдениетті жақындастыруға, олар­дың арасындағы байланысты ны­ғайтуға ықпал етеді. Токарчук ұлт­шылдыққа қарсы, оны жазу­шының әрбір сөзінен байқау­ға бола­ды» деген пікірлер де айты­лып жатыр.

Ал австриялық Питер Хандке 1942 жылы дүниеге келген. Оның ал­ғашқы шығармалары 60-жыл­дары жарыққа шыға бастады. Оның ерекшелігі – дәстүрлі стиль­де жазатыны. «Рецензент­те­рім менің шығармаларымның әдемі екенін жазады. Бірақ онда сюжет пен интрига жоқ. Маған интрига ұнамайды. Олай жазылса, менің шығармам болмас еді. Тіл – ұлы кітаптардың тілі болуы үшін жаралған» дейді New York Times газетіне берген сұхбатында.

Хандке есімі қысқа әңгімелер, роман, өлеңдерден бөлек, фильм­дер­мен де жақсы танымал. Ол неміс режиссері Вим Вендерспен көп жұмыс істеді. Оның алғашқы толықметражды фильмдерінің бірі – «Қақпашының 11 метрлік қорқынышы». Бұл фильм Питер Хандкенің романы желісі бойын­ша түсірілген.

«Питер Хандке – терең білімді, жақсы жазушы. Ол қазір оқырма­ны­на арнап емес, өзі үшін жазады. Бұл оқырманның ойлануына мүм­кін­дік береді» деп жазады оның шығармашылығы туралы әдебиет­та­нушы Михаил Руднец­кий.

Әрине, бір жылда әдебиет сала­сына екі бірдей Нобель сый­лы­ғы берілуі қаламгер қауымды қанатт­андырып тастады. Токарчук пен Хендкенің сыйлыққа ие болға­ны туралы әзірге жағымды пікірлер ғана бар. Әдебиет­тану­шы­лардың да ықыласы жоғары. Әсіресе, Токарчуктың шығарма­шы­­лығын жоғары бағалап жат­қан­дар көп. Демек, лайық деген сөз.

1901 жылдан басталған сый­лық­қа орыс әдебиетінен бес бір­дей жазушы ие болыпты. Ал қазақ әдебиеті неге ұсынылмады, әлде Нобельге лайық шығарма жазыл­ған жоқ па? Оқырманды маза­лай­ты­ны да осы.

 

Толстой неге бас тартты?

Орыс әдебиетінде Нобель сый­лы­ғы­нан бас тартқан жазушы­ның бірі – Лев Толстой. Неге? Кей деректерге сүйенсек, Толстой сый­лықтан 1906 жылы бас тарт­қан. «1901 жылы енді ғана беріліп жат­қан, әлі айналасында дау бас­та­лып үлгермеген сыйлық жайын­да «қарияның» құлағдар болуы да күмәнді жағдай. Швеция хатшысы Карл Вирсен Толстойдың өлмей­тін шығармалар тудырғанын мо­йын­дай отырып, оның сыйлықты иеленуіне мүлдем қарсы болғаны» тура­лы жазады Хусан Эрматов өзі­н­ің «Нобель сыйлығының ие­гер­лері» атты кітабында. Қалай десек те, бұл сыйлықтың әдебиет­те жүрген қауым үшін орны бөлек. Осы орайда, Мемлекеттік сый­лық­­тың иегері Дулат Исабековпен тіл­дескен едік.

– Нобель сыйлығының иегер­ле­рі десе, елең ете қаламыз. Бұл сый­лық әдебиеттің нақты анық­тауы­шы бола алды ма?

– Нобельге қызықпаған бір-ақ адам болды, ол – Лев Толстой. Және ол дұрыс істеді деп ойлай­мын. Одан кейін Нобель сыйлығы жазу­шының мықтылығын, оның қай­таланбас суреткер екенін дә­лел­дейтін категорияға айналып кетті. Оған себепкер шын қайрат­кер жазушылар болды.

– Мәселен?

– Борис Пастернак, Эрнест Хемингуэй, Габриэль Гарсиа Мар­кес және тағы басқаларды айтуға болады. Мұның бәрі – әдебиетке шынайы баға берілген кезеңдерде ие болған қаламгерлер. Өткен ғасырдың 80-жылдарынан кейін Нобель сыйлығы өзінің прин­ци­пінен айни бастады. Тіпті сая­силанып кетті деп айтуға да болады. Мәселен, Солженицынге ұлы суреткер ретінде емес, диссе­дент ретінде, яғни коммунистік режимге қарсы тұрған адам болға­ны үшін берілді деп ойлаймын. Жалпы, орыс әдебиетінде Бунин, Пастернак, Шолохов, Солжени­цын, Бродский секілді жазушылар Нобель сыйлығын иемденген.

– «Нобель саясиланып кетті» дейсіз. Әзірбайжан жазушысы Анар Расул оглы Рзаев Светлана Алек­сеевич­тің жазушы емес, журналист еке­нін айтып еді. Яғни, ол жердегі саясат қандай?

– Алексеевичтің алдында Боб Диланға берілді. Дилан алған кезде көпшілік тарапынан өкпе-реніш­тер көп айтылды. Яғни, «бард ақындар өте көп. Олай бол­са, Высоцкийге де беру керек емес пе?» деген секілді пікірлерді де көзіміз шалды. КСРО ішінде Но­бе­ль­ге лайық жазушылардың көбі бұл сыйлықты ала алған жоқ. Максим Горькийдің өзі алты рет ұсынылған. Горькийге бермей қалған себебі, атеизмді жақтап кетті. Дінсіз болды. Шіркеуге де бар­мады. Ал Алексеевичке орыс­тар­ды сынағаны үшін берілген секілді.

– Сыйлықтың басты критерий­лері қандай?

– Өз елінде танымал болған, шетел­дерге шығармалары көп аударылған, халықаралық сый­лық­тардың иегері болуы ке­рек. Дәл осы критерийге қарайық де­сек, Борис Пастернактың «Док­тор Живагосы» кеш аударылды. Жұртшылық оны осы шығармасы үшін берілді деп ойлайды. Негізі­нен, Пастернакқа поэзиясы үшін берілді. «Доктор Живаго» қосым­ша негіз болған секілді. Бірден Пастернактың романының қол­жаз­­басын алып, бастырып шығар­ды да, сол жылы Нобель сыйлығын беріп жіберді. Роман ол кезде өз елінде танымал бола қоймаған еді. Ал «Доктор Живаго» туралы орыс сыншыларының пікірі әртүрлі. «Лайық емес» деп сынағандар да көп болды. Шын мәнінде, Нобель сыйлығының ішінде ең әлсіз беріл­гені – Дилан мен Алексеевич болды-ау деп ой­лаймын. Қазір қаламгерлер де Но­бель сыйлығы­на аса қызық­пай­тын секілді.

– Нобельдің бәсі бәрібір жоғары емес пе?

– Жазушылардың бойында Нобель туралы жақсы ассоциация қалыптасып қалған. Керісінше, кей адамдар Букер сыйлығын жо­ға­ры бағалайды. Оның сыйа­қы­сы – 10 мың доллар. Букерді алған адамдардың өзі Нобельге өтпей қалып жатыр. Сондықтан болар бұл сыйлыққа сенім азайып бара­ды.

– Орыс әдебиетінде бес бірдей Нобель сыйлығының иегері бар. Қазақ әдебиеті өркендеген ХХ ғасыр­дың 60-70-жылдары қазақ қалам­герлері бұл сыйлыққа неге үміт­тенбеді?

– Нобельге лайық шығарма көп. Жалпы, қазақстандық қалам­гер­лер арасында осы сыйлыққа ұсынылғандар да болды. Мәселен, ПЕН клубқа мүше жазушылар өзде­рінің арасынан Симашконы ұсын­ған еді. Өкінішке қарай, 1-тур­дан өтпей қалды. Тіпті үміт­кер­лер тізіміне де іліге алмады. Сыйлыққа 350 адам ұсынылса, соның ішінде 10-ы үміткер болып қалады.

– «Тынық Дон» бірнеше жыл­дан кейін ғана сыйлыққа ұсыныл­д­ы. Таңдау неге Шолоховқа түсті деп ойлайсыз?

– Шолоховтың «Тынық Доны­на» орыс мінезін танытқаны үшін берілді. Бұл романда Бірінші дүние­­жүзілік соғыс пен Азамат со­ғысы кезіндегі орыс казактары­ның тағдыры бейнеленген. Шоло­хов өзін коммунист санағаны­мен, ол өз романында сол кездегі идео­ло­гияға қарсылық танытады. Қа­ра­­саңыз, тағдырдың қиынды­ғы­на қарамастан, қызылдарға қосылу­дан бас тартқан ақ казактардың өмірі елеңдетпей қоймайды. Сол себепті де «Тынық Дон» бұл сый­лық­қа лайық деп танылған болуы керек. Рас, оны 50-жылдары алуы­­на болар еді. Бірақ араға 8 жыл салып қана Шолоховтың ро­ма­ны сыйлыққа ие болды. Жақ­сы шығарма өлмейтінін, қандай да марапатқа лайық бола алаты­нын «Тынық Дон» дәлелдеп кетті.

– Шыңғыс Айтматов неге бұл сый­лыққа ұсынылмады деп ойлай­сыз?

– Айтматовтың алмаған себе­бі, мемлекеттік қызметте көп жүр­ді. Билікке жақын болды. Мүмкін сол жағы да себепкер болған шығар.