Биыл Польша жазушысы әрі ақын Ольга Токарчук пен австриялық жазушы, сценарист Питер Хандкеге Нобель сыйлығы берілді. Екі бірдей жазушыға табыс етудің сыры неде? Нобель неге ерекшеленіп тұрады? Бұл сыйлықты иемденгендер кім? Үміткерлер ше? Нобель сыйлығын беретін комитет нені басты назарда ұстайды? Бұл сұрақтарға жауап іздеп көрсек.
Токарчук пен Хендке
Былтырғы жылғы академиядағы «дау-дамайға» байланысты әдебиет номинациясы бойынша сыйлық беру кейінге шегерілген еді. Осыған байланысты, Ольга Токарчук 2018 жылдың сыйлығын, Питер Хандке 2019 жылдың сыйлығын иемденіп отыр. Токарчуктың алғашқы романы 1993 жылы жарық көрген. Романдарынан бөлек, бірнеше өлеңдері мен қысқа әңгімелер жинағы шыққан. Токарчук – жазушы ғана емес, психолог маман. Ол өз еңбектерінде Карл-Густав-Юнгтің психологиялық дәстүрлерін ұстанады. Оның әдеби марапаттары өте көп. Букер сыйлығын алған алғашқы поляк жазушыларының бірі. Оның кей көзқарастарын ұнатпайтын қарсыластары да баршылық. Тіпті олардың арасында құрметті азамат атағынан айыру қажеті туралы айтып, талап еткендер де бар.
Токарчук – Нобель сыйлығын алған бесінші поляк жазушы. Оған дейін сыйлық Генриз Сиенкевичке, Владислав Реймонтқа, Чеслав Милошқа және Вислав Шимборскаяға бұйырды. Нобель комитетін Токарчук шығармаларының ерекшелігі қызықтырса керек.
«Оның прозасы халықтар мен мәдениетті жақындастыруға, олардың арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Токарчук ұлтшылдыққа қарсы, оны жазушының әрбір сөзінен байқауға болады» деген пікірлер де айтылып жатыр.
Ал австриялық Питер Хандке 1942 жылы дүниеге келген. Оның алғашқы шығармалары 60-жылдары жарыққа шыға бастады. Оның ерекшелігі – дәстүрлі стильде жазатыны. «Рецензенттерім менің шығармаларымның әдемі екенін жазады. Бірақ онда сюжет пен интрига жоқ. Маған интрига ұнамайды. Олай жазылса, менің шығармам болмас еді. Тіл – ұлы кітаптардың тілі болуы үшін жаралған» дейді New York Times газетіне берген сұхбатында.
Хандке есімі қысқа әңгімелер, роман, өлеңдерден бөлек, фильмдермен де жақсы танымал. Ол неміс режиссері Вим Вендерспен көп жұмыс істеді. Оның алғашқы толықметражды фильмдерінің бірі – «Қақпашының 11 метрлік қорқынышы». Бұл фильм Питер Хандкенің романы желісі бойынша түсірілген.
«Питер Хандке – терең білімді, жақсы жазушы. Ол қазір оқырманына арнап емес, өзі үшін жазады. Бұл оқырманның ойлануына мүмкіндік береді» деп жазады оның шығармашылығы туралы әдебиеттанушы Михаил Руднецкий.
Әрине, бір жылда әдебиет саласына екі бірдей Нобель сыйлығы берілуі қаламгер қауымды қанаттандырып тастады. Токарчук пен Хендкенің сыйлыққа ие болғаны туралы әзірге жағымды пікірлер ғана бар. Әдебиеттанушылардың да ықыласы жоғары. Әсіресе, Токарчуктың шығармашылығын жоғары бағалап жатқандар көп. Демек, лайық деген сөз.
1901 жылдан басталған сыйлыққа орыс әдебиетінен бес бірдей жазушы ие болыпты. Ал қазақ әдебиеті неге ұсынылмады, әлде Нобельге лайық шығарма жазылған жоқ па? Оқырманды мазалайтыны да осы.
Толстой неге бас тартты?
Орыс әдебиетінде Нобель сыйлығынан бас тартқан жазушының бірі – Лев Толстой. Неге? Кей деректерге сүйенсек, Толстой сыйлықтан 1906 жылы бас тартқан. «1901 жылы енді ғана беріліп жатқан, әлі айналасында дау басталып үлгермеген сыйлық жайында «қарияның» құлағдар болуы да күмәнді жағдай. Швеция хатшысы Карл Вирсен Толстойдың өлмейтін шығармалар тудырғанын мойындай отырып, оның сыйлықты иеленуіне мүлдем қарсы болғаны» туралы жазады Хусан Эрматов өзінің «Нобель сыйлығының иегерлері» атты кітабында. Қалай десек те, бұл сыйлықтың әдебиетте жүрген қауым үшін орны бөлек. Осы орайда, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабековпен тілдескен едік.
– Нобель сыйлығының иегерлері десе, елең ете қаламыз. Бұл сыйлық әдебиеттің нақты анықтауышы бола алды ма?
– Нобельге қызықпаған бір-ақ адам болды, ол – Лев Толстой. Және ол дұрыс істеді деп ойлаймын. Одан кейін Нобель сыйлығы жазушының мықтылығын, оның қайталанбас суреткер екенін дәлелдейтін категорияға айналып кетті. Оған себепкер шын қайраткер жазушылар болды.
– Мәселен?
– Борис Пастернак, Эрнест Хемингуэй, Габриэль Гарсиа Маркес және тағы басқаларды айтуға болады. Мұның бәрі – әдебиетке шынайы баға берілген кезеңдерде ие болған қаламгерлер. Өткен ғасырдың 80-жылдарынан кейін Нобель сыйлығы өзінің принципінен айни бастады. Тіпті саясиланып кетті деп айтуға да болады. Мәселен, Солженицынге ұлы суреткер ретінде емес, дисседент ретінде, яғни коммунистік режимге қарсы тұрған адам болғаны үшін берілді деп ойлаймын. Жалпы, орыс әдебиетінде Бунин, Пастернак, Шолохов, Солженицын, Бродский секілді жазушылар Нобель сыйлығын иемденген.
– «Нобель саясиланып кетті» дейсіз. Әзірбайжан жазушысы Анар Расул оглы Рзаев Светлана Алексеевичтің жазушы емес, журналист екенін айтып еді. Яғни, ол жердегі саясат қандай?
– Алексеевичтің алдында Боб Диланға берілді. Дилан алған кезде көпшілік тарапынан өкпе-реніштер көп айтылды. Яғни, «бард ақындар өте көп. Олай болса, Высоцкийге де беру керек емес пе?» деген секілді пікірлерді де көзіміз шалды. КСРО ішінде Нобельге лайық жазушылардың көбі бұл сыйлықты ала алған жоқ. Максим Горькийдің өзі алты рет ұсынылған. Горькийге бермей қалған себебі, атеизмді жақтап кетті. Дінсіз болды. Шіркеуге де бармады. Ал Алексеевичке орыстарды сынағаны үшін берілген секілді.
– Сыйлықтың басты критерийлері қандай?
– Өз елінде танымал болған, шетелдерге шығармалары көп аударылған, халықаралық сыйлықтардың иегері болуы керек. Дәл осы критерийге қарайық десек, Борис Пастернактың «Доктор Живагосы» кеш аударылды. Жұртшылық оны осы шығармасы үшін берілді деп ойлайды. Негізінен, Пастернакқа поэзиясы үшін берілді. «Доктор Живаго» қосымша негіз болған секілді. Бірден Пастернактың романының қолжазбасын алып, бастырып шығарды да, сол жылы Нобель сыйлығын беріп жіберді. Роман ол кезде өз елінде танымал бола қоймаған еді. Ал «Доктор Живаго» туралы орыс сыншыларының пікірі әртүрлі. «Лайық емес» деп сынағандар да көп болды. Шын мәнінде, Нобель сыйлығының ішінде ең әлсіз берілгені – Дилан мен Алексеевич болды-ау деп ойлаймын. Қазір қаламгерлер де Нобель сыйлығына аса қызықпайтын секілді.
– Нобельдің бәсі бәрібір жоғары емес пе?
– Жазушылардың бойында Нобель туралы жақсы ассоциация қалыптасып қалған. Керісінше, кей адамдар Букер сыйлығын жоғары бағалайды. Оның сыйақысы – 10 мың доллар. Букерді алған адамдардың өзі Нобельге өтпей қалып жатыр. Сондықтан болар бұл сыйлыққа сенім азайып барады.
– Орыс әдебиетінде бес бірдей Нобель сыйлығының иегері бар. Қазақ әдебиеті өркендеген ХХ ғасырдың 60-70-жылдары қазақ қаламгерлері бұл сыйлыққа неге үміттенбеді?
– Нобельге лайық шығарма көп. Жалпы, қазақстандық қаламгерлер арасында осы сыйлыққа ұсынылғандар да болды. Мәселен, ПЕН клубқа мүше жазушылар өздерінің арасынан Симашконы ұсынған еді. Өкінішке қарай, 1-турдан өтпей қалды. Тіпті үміткерлер тізіміне де іліге алмады. Сыйлыққа 350 адам ұсынылса, соның ішінде 10-ы үміткер болып қалады.
– «Тынық Дон» бірнеше жылдан кейін ғана сыйлыққа ұсынылды. Таңдау неге Шолоховқа түсті деп ойлайсыз?
– Шолоховтың «Тынық Донына» орыс мінезін танытқаны үшін берілді. Бұл романда Бірінші дүниежүзілік соғыс пен Азамат соғысы кезіндегі орыс казактарының тағдыры бейнеленген. Шолохов өзін коммунист санағанымен, ол өз романында сол кездегі идеологияға қарсылық танытады. Қарасаңыз, тағдырдың қиындығына қарамастан, қызылдарға қосылудан бас тартқан ақ казактардың өмірі елеңдетпей қоймайды. Сол себепті де «Тынық Дон» бұл сыйлыққа лайық деп танылған болуы керек. Рас, оны 50-жылдары алуына болар еді. Бірақ араға 8 жыл салып қана Шолоховтың романы сыйлыққа ие болды. Жақсы шығарма өлмейтінін, қандай да марапатқа лайық бола алатынын «Тынық Дон» дәлелдеп кетті.
– Шыңғыс Айтматов неге бұл сыйлыққа ұсынылмады деп ойлайсыз?
– Айтматовтың алмаған себебі, мемлекеттік қызметте көп жүрді. Билікке жақын болды. Мүмкін сол жағы да себепкер болған шығар.