Қазақ елінің әр өңірінде киелі білім ошақтары бар. Оның бәрі тарихи негіздермен бекітіліп, жүйеленген. Сондай бір толғамалы тарихы бар білім ордасы – даналар мен рухани ұстындар шыққан Шыңғыстаудың Қарауылындағы Абай атындағы орта мектеп.
Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының есімімен аталатын мектеп-лицей – ұлылар мекеніндегі тамырын тереңге жайған білім қара шаңырағы. Сан дүлдүлді түлеткен, бірлігі бекем, қадамы нық қасиетті оқу ордасының 90 жылдық тарихы бергі жолы ғана. Ал оның тек-тамырына үңілсек, өңірдің тұтас шежіресін байыптау қажет болады.
Мектептің тарихы бала Абай даналыққа жол бастарда алғаш дәріс алған «Ескі там» мекенінен бастау алады. Болашақ ақынның әкесі Құнанбай Өскенбайұлы 1845 жылы Күшік-Тобықты елінің болысы болып жүргенде, Қарқаралы аумағының аға сұлтаны Құсбек Тәукеұлы арқылы шекара басқармасына сол заманның ресми тіліне жүйрік мұғалім тауып беруін сұрап, өтініш жазады. Шекара бастығы Құнанбайдың бұл тілегін мақұлдайды. Бірақ екітілді бірдей білетін мұғалім жоқтығын айтып, тобықты өңіріндегі тілмашқа қосымша еңбекақы төлеп, бала оқытуға пайдалануға кеңес береді. Міне, осылай Құнанбай «Ескі тамда» мектеп ашып, оған орысша сауатты Ғабитхан Ғабдыназарұлы деген ноғайды мұғалім етіп тағайындайды. Мұнда өзінің және ауылдастарының балаларын оқытқан. Құдайберді, Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан, Халиулла осы мектептен сауат ашқан.
Кеңес өкіметі тұсында, 1929 жылы атышулы елді ұжымдастыру науқаны кезінде Құнанбай ашқан «Ескі тамдағы» тарихи бастауыш мектеп мүлкі Жидебайға (кейінгі музей-қорыққа) көшіріліп, жаңа құрылған Шыңғыстау ауданының орталығы Қарауылда 5 сыныптық шаруа жастар мектебінің іргетасы болады. Бұл мектептің тұңғыш директоры – Кәмен Майтанұлы. Алғашқы мұғалімдері – Масғұт Майтанұлы, Ғаббас Смағұлұлы, Төкен Құттымбетұлы, Жұмагелді Сейтқазыұлы, Есентай Бердіұлы, Нағима Құтжанқызы т.б.
1935-1936 оқу жылының басында 5 сыныптық шаруа жастар мектебі үкімет қаулысымен «Қарауыл орта мектебі» болып қайта құрылды.
1939 жылы желтоқсан айында «Ескі там» мектебінің түлегі, болашақ заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің ақыл-кеңесімен мектепте «Абай ұрпақтары» қолжазба журналы жарық көреді. 1940 жылы ұлы ақынның туғанына 95 жыл толуына орай, мектепке Абай есімі берілді.
Тарихи мектеп 30-жылдардың қуғын-сүргінін де, ІІ дүниежүзілік соғыстың зардаптарын да, 50-жылдардың соқыр саясатын да бастан кешірді. НКВД саясат майшамымен қарамаған мұғалім де, оқу үдерісі де қалмады. Бірақ өзегі мықты, болмысы текті ұстаздар шәкірттерінің жүрек көзін ашуға бар ғұмырын арнады.
Классик М.Әуезов дүниеден озғанша, осы мектептің жағдайын біліп, қолынан келгенше, көмектесіп тұрды. Абайды іздеп келген зиялылардың бәрі осы білім ордасына соғып, астана мен өңірлердің рухани сабақтастығын жалғады.
Мектебіміз 1970 жылы 19 қаңтарда жаңадан салынған үшқабатты ғимаратқа көшті. Бүгінде мектеп-лицей деңгейінде өсіп-өркендеп, заманауи технологиямен жабдықталған. Жас ұрпақты бәсекеге қабілетті ету жолында сапалы тәрбие мен білім беруді жалғастырып келеді.
Шәкірттерін әдебиетті сүюге баулып, өзі де руханият саласында аянбай еңбек еткен және бүгін де ұстаздар сапында жүрген тұлғалар аз емес. Атап айтсақ, «Қазақстанның еңбегі сіңген мұғалімі», Абай ауданының «ХХ ғасыр тұлғасы», «Абайдан соң», «Абайдан соңғы арыстар» еңбектерінің авторы Кәмен Оразалин, «Қазақ ССР-дың еңбек сіңірген мұғалімі» Нұржамал Қалиева, Қазақ ССР-дың халық ағарту ісінің озық қызметкерлері: Нұрпиза Омарханова (және «КСРО халық ағарту ісінің озық қызметкері»), Нысанбек Омашев, «Еңбек қызыл ту» орденінің иегері Нағила Шаңбаева, Бағдаш Сақалова, Ұлықбек Байырбеков, Айтан Әбекова, Сақтай Биғозин, Байғали Байзақов, Назира Көбеева, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Нағима Құмарова, Бағира Төлеутаева, Шәрбат Әбілқасымова, Фатима Түскеева, Зинаида Абдуллина, Биқан Мұхтарова, Шәмшия Алипова, Роза Есбаева, Әскен Күзембаева, Қозқан Изатов, Дәмегүл Дәукенбаева, Майра Нұртазина, Бақыт Ылдибаева, Әсима Дүрмекбаева, Өркен Жұмабекова, Роза Арынғазина, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Саржан Нұрғалиев, «Қазақстан білім беру ісінің үздік қызметкерлері»: Ғалым Қуанышбай, Бақыт Бозанбаева, Бейбітгүл Құтанбекова, Қалдыгүл Тампишева, Нұргүл Дінслямова, Байболат Төреханов, Рымғали Баймағанбетов.
Қыдыр дарып, құт қонған қасиетті қара шаңырақтан түлеп ұшқан әдебиет майталмандары, бүгінгі руханият тұлғалары да елге мәлім. Арыдан бастасақ, ақын Тұрсынхан Әбдірахманова, жазушы Роллан Сейсенбаев, ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, өнер тұлғалары – Жәнібек Кәрменов, Мерғали Ибраев, Төлеген Жанғалиев, Совет Махметов, тележурналистер – Серік Жанболат, Еркін Байғабыл – қашанда жас ұрпаққа өнеге.
Кезінде академик-жазушымыз Мұхтар Әуезов КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері атанса, ақиық ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлы Қазақстанның әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын алды. Бұл үрдіс өз жалғасын табатынына сенімдіміз.
2016 жылы 14 шілдеде Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі келісімімен және Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен Абай мектебі облыстық дарынды мектептер қатарына енді. Бұл – біз үшін зор мақтаныш және жауапты міндет.
Абайды «рухани хакім» деп бағалаған ақын Мағжан Жұмабаев: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады» деп жазған екен. Әу бастағы тарихы мен тағдыры тек ұлт мұратына арналған Абай мектебі осы Мағжан айтқан талапқа сәйкес келеді деп санаймыз. Бұл – осы білім шаңырағын басқарған тұлғалар мен еңбек еткен ұстаздардың және аманатқа адал түлектердің арқасы.
ХХІ ғасыр – ғылым мен білімнің қарыштап дамитын ғасыры болмақ. Сондықтан бәсекеге қабілетті оқушы даярлау әр мектептің басты мақсаты деп білеміз. Қазіргі бой емес, ой жарыстыратын заманда мектеп оқушыларын тарих тағылымы мен заманауи жаңалықтар аясында тәрбиелеу маңызды.
Шәкірт ұстазға қарап өседі. Ол ұстазының білімін, берген тәрбиесін, кеңесін алады. Ұлағатты ұстаздың алдын көрген бала жақсы қоғам мүшесі, талапты тұлға болып өседі. Өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейеді. Мектептің, ұстаздардың берген білімін бойына сіңірген білімді, талантты, дарынды шәкірттеріміз қашанда мектеп мақтанышы.
Көп тіл білу – заман талабы. Осы орайда, мектебімізде «Абай әлеміне саяхат» атты клуб ашылды. Клуб президенті – әйгілі сәулетші Сайын Назарбекұлы. Шығармашыл ұйымның мақсаты – жас ұрпақтың рухани болмысын аман сақтау үшін оларды Абай сөздері мен Елбасы ойлары арқылы биік ұлттық мұраттарға баулу. Бағдарламаға сәйкес, Абай Құнанбайұлы қарасөздері үш тілде насихатталып, дәріптеледі.
Қазір ағылшын тілі – әлемдік кеңістікті танудың тілі. Мұны оқытуда жаңа әдістемелерді әр сабақта жан-жақты қолдану, жаңаша оқытудың тиімді жолдарын жүйелі түрде қолдану – заман талабы. Білім берудің мазмұны жаңарып жатқан тұста мектебімізде жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін ағылшын тілінде оқыту жүзеге асырылды. Мектебіміздің жас ұстаздары осы жүйені қолға алып, жаңашылдық танытып отыр.
Ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлы: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, заңғар жазушы М.Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім болмақ» деп тұжырымдағаны мәлім. Біз ұлт пен әлем ғұламалары аманаттаған білімді шәкірт санасына лайықты сіңіруді Абай мектебінің парызы деп білеміз. Саналы ұрпаққа сапалы білім беруде атаулы білім ордаларының жоғары деңгейде қызмет көрсетуі аса маңызды. Бүгінгі ұрпақ – еліміздің ертеңі. Сондықтан бәсекеге қабілетті, білімді де білікті шәкірт даярлау – мектебіміздің басты мақсатының бірі.
Алдағы жыл ел Президенті Қ.Тоқаевтың Жарлығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтой жылы болып белгіленді. Абай мектебі бұл жаңалықты өрлеу үстінде қабыл алды. Үлкен елдік іске кішкентай ұжымымыз қал-қадерінше атсалысуды жоспарлап та қойды. Оның бәрі – біліммен және оқушылар шығармашылығымен байланысты шаралар.
Әрбір елдің өркендеуі, тұғырының берік болуы білімге келіп тіреледі. Талай жылдық тарихы бар, тамыры терең Абай мектебі – жан-жақты жетілген, білімді, саналы, Отанына адал қызмет ететін өрелі ұрпақтың ұлттық бесігі. Сан дүлдүлді тәрбиелеп, жақсылықтың жаршысына айналған алтын ұя мектебіміздің алар асуы, шығар шыңы, бағындырар белесі алда.
Роллан ТІЛЕУХАНОВ,
Абай атындағы
мектеп-лицейдің директоры