Ұлт қазынасына қосылған мұра
Ұлт қазынасына қосылған мұра
361
оқылды

Түркология саласына қос бірдей бағалы ең­бек қосылды. Халықаралық Түркі ака­де­миясы мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жол­дасбековтің «Ұлы Дала әдебиеті» және «Қор­қыт ата кітабы» кітаптарын таныстыру рәсімін өт­кізді.

Алқалы жиынды ашқан академия басшысы Дархан Қыдырәлі бұл басылымдар түркология саласына қосылған қомақты еңбек екенін атап өтті.

«Ұлы Дала әдебиеті» кітабын Халықаралық Түркі академиясы әзірлеп шығарды. Ал «Қорқыт ата кітабын» Мырзатай аға біздің тілімізге аударды дегеннен гөрі, осынау ерекше мұрамен қайта қауыштырды деген жөн болар, өйткені Қорқыттың өзі осы Ұлы Дала тілінде сөйлеген», – деді ол.

Кітаптар авторы қос кітап өмір бойы зерттеп жүрген еңбегі екенін айтады. «Ұлы Дала әдебиеті» кітабы 60 жылғы еңбегім. Көне түркі жазба ескерткіштеріне қатысты зерттеулеріммен қоса, қазақ ауыз әдебиетінің бірқатар мұралары туралы еңбектерім қамтылды. Екінші кітапқа тоқталсам, жас ғалым Гүлім Шәдиева қарындасыммен бұрынғы түркі ескерткіштерін жаңашалау тәжірибемді пайдаланып, төрт жылдың бедерінде қазақшалап шығардым», – деді. Айта кетейік, «Қорқыт ата кітабы» Дрезден нұсқасы бойынша қазақ тіліне тұңғыш рет толық аударылып, транскрипциясы мен сөздігі қоса ұсынылып отыр.

«Қазақта «Озған ел тарихын таспен жазады, ал тоз­ған ел тарихын жаспен жазады» деген даналық сөз бар. Біздің ата-бабаларымыз осы Орхон, Күлте­гін ескерткіштері арқылы тарихымызды тас­пен терең таңбалап кеткен. Еңбектердің авторы Мырза­тай ағамыз сонау кеңес заманының өзінде төл әдебиетімізді зерттеп, тарихын сан ғасырға терең­дет­кен тұлға. Бұл кітаптар өскелең ұрпақ үшін баға жетпес рухани байлық деп білеміз», – деді жиында сөз алған Мемлекеттік хат­шы Қырымбек Көшербаев.

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Са­парбаевтың айтуынша, ғалымдарымыз бен тарих­шыларымыз осындай зерттеу еңбектерді көбірек жа­рияласа, ұлт болашағына деген сенім мығым болады. Бұл кітаптар тарихымыздың тереңнен тамыр тартатынын көрсететін құнды еңбек.

Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева­ның кітаптар авторына жолдаған құттықтау хатын Мә­де­ниет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова оқып берді. «Адам өмірінің мағыналы да мазмұнды тұстары дамылсыз атқарған еңбектің қастерлі белестері мен адамдық адалдығымен өлшенеді. Бүгінгі «Ұлы Дала әде­биеті» мен «Қорқыт ата кітабының» жарыққа шығуы да сол бейнетті еңбек жолындағы жетістіктеріңіздің бағамы. Бұл туындыларыңыз терең зерделеніп, болашақ ұрпаққа тарту ретінде үлкен еңбекпен келген дүние екенін ұғынамыз. Осы жолдағы шығармашылық шабытыңыз сарқылмасын», – делінген құттықтауда.

Рухани басқосуға Түркия елшісі Невзат Уянык, Қыр­ғызстан елшісі Жээнбек Кулубаев, Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаев, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Бәйгелді, Түркі кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы – Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Мемлекеттік қызмет саласындағы өңірлік хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов, Сенат және Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері мен ғалымдар, БАҚ басшылары қатысты.