Ұшақ есігін әуеде ашпақ болды
Ұшақ есігін әуеде ашпақ болды
189
оқылды
Бұл – отандық кезекті киносымақтың сценарийі емес. Оқиға 24 қыркүйекте FlyArystan рейсінде болыпты. Жолаушылардың бірі айналасындағы көр­шілеріне тіл тигізіп, экипаж мүшелерімен сөзге келеді. Бетперде киіп, орнына отыру туралы талапты орында­маған. Керісінше, былапыт сөйлеп, доқ көрсете бастайды. Оның үстіне, өзі Алматы – Ақтау бағытына билет алса да, шын мәнінде Шымкентке ұшуы керегін айтып, ұшақтың есігін ашуға та­лап­танған. Жолаушылардың тәртіпке қайшы іс-қимылдарының алдын алу және жолын кесу нұсқамасына сәйкес, борт­серіктер «шекте­гіштер» көмегімен жанжалқорды матап тас­тайды. Бірақ ол қолын босатып алып, борт­серік қыздың мойнынан шап беріп, қылқын­дыра жөнелген. Мұны көрген жолау­шылар көмекке келеді, абырой бол­ғанда арасында әуесқой спортшылар бар болып шықты. Олар экипаж мүшелеріне тентекті тәртіпке келтіруге және жол бойы оны қалт етпей күзетуге көмектесіпті. Ұшақ Ақтауға қонғанда қаскүнем жолаушы полиция орган­дарына тапсырылды. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жәрдем көрсеткені үшін алғыс ретінде авиакомпания Нұрлан Боқанов пен Манас Тұрабековке ұшақ моделі түріндегі кәдесыйды және FlyArystan билеттерін сатып алуға ваучерлерді тарту етті. Air Astana тобының статистикасы бойын­­ша, жыл сайын жолаушылардың ұшақ ішінде бүлік шығаруының шамамен 400 оқиғасы тіркеледі. Яғни, күн сайын бір оқиға болып тұрады. Рас, оның ішінде тек 20-25-і ғана салмақты деп та­нылады және күш қолда­нылады.  

Елдос СЕНБАЙ