Қысқарту қайшысы қайраулы
Қысқарту қайшысы қайраулы
267
оқылды

«Қағаз ауыстырғыштар» дәуірлеп тұр

Екі жыл ішінде шенеуніктер мен квазисектор қызметкерлерінің төрттен бірін қысқартып тас­тау­ды биылғы қыркүйекте жа­рия еткен Жолдауында ел Пре­­зи­­дентінің өзі тапсырған бо­ла­тын. Сарапшылардың бай­­ла­мынша, министрліктер, әкім­дік­тер, ұлт­тық компаниялар, холдинг­тер және Үкіметке қарасты өзге кә­сіп­орындардағы HR-ма­ман­дар­дың тиімді жұмыс істемеуі тө­­тенше қадамға түрткі болып отыр.

Шетелде меморгандардың өзінде кадр бөлімдері хэдхантер (head – бас, hunter – аңшы) қыз­метін атқарады, яғни ұжымға ең қажетті мамандарды қабылдап, рәсімдеумен шектелмей, оны өзге ұйымдардан іздеп тауып, үгіттеп-көндіріп, алып кетеді. Айталық, АҚШ-тағы прокуратураның үздік мамандарын Федералдық тергеу бюросы, FBI-ден – Ұлт­тық қауіпсіздік агенттігі (NSA) өзіне алып қоятыны, тіпті кино­фильм­дер сценарийіне арқау болған. Сонымен бірге әр штаттағы әртүрлі меморгандардың ірі, ізгі істерімен жергілікті жұртшы­лықтың көзіне түскен, қошеметіне бөленген ма­мандарын Сенат пен Конгресс Вашингтонға ша­қырады. «Білікті ұжым қалыптастырудың үлгілері елімізде де бар. Жеке сектордағы отандық белді компания­лар тиімділігі, KPI-і төмен, қажетсіз кадрларды ұстамайды, шығарып тастайды. Өйткені ол компанияның шығы­нын көбейтіп, табыс әкелмей, аяққа оралғы болады. Мемлекетте әрине, бәрі басқаша. Таңнан қара кешке дейін ақ тер-көк тер болып жұмыс істейтін бір қызметкерге оның үстінен бақылаумен ғана айна­лы­сатын екі адамнан келеді. Осы тұрғыда кезінде Елбасы «үстел үстін­дегі қағазды тек бір орыннан екінші орынға ауыстыратындар» деп әдемі теңеу айтқан болатын. Мери­токра­тия жағдайында кадр бөлімдері мұндайларды қатардан аяусыз қуып, босаған орынға майталман маман­­дарды алуы керек еді. Бірақ қуа алмайды, себебі ондай мамансы­мақтардың артында азулы қамқор­шысы тұр. Оған тиіссе, өзі «ұшып» кетеді. Тамыр-таныстық квазисекторға да терең тамыр жайған. Оның үстіне, ол жақта табыс мол. Егер мемлекеттік қызметте департамент тізгінін ұстаған бастық 250-450 мың теңге аралығындағы айлықты місе тұтса, ұлттық компа­ниялардағы департа­мент басшыла­рының қалтасы әлде­қайда қалың. «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығының басқару­шысы Қайрат Келімбетов АХҚО-ның қа­зақстандық мамандарының жала­қысы шама­мен миллион теңге бола­тынын айтқаны бар. Ал Қазақ­телеком, ҚазМұнайГаз, ҚазТранс­Ойл секілді компаниялар топ-ме­­недж­ментінің табысы одан да жоға­ры және олар ақшасын ай емес, апта сайын алып тұратын көрінеді. Алай­да ұлттық компаниялардың өзінде мемлекет дүркін-дүркін қысқарту және трансформация науқандарын жүргізіп тұруға мәжбүр.  

Қайталау – ақылы аздықтың белгісі

Ұлттық экономика министр­лігіне «мемлекеттік аппарат және квазимемлекеттік сектор қызмет­керлерін 25 пайызға қыс­қартуға» қатысты түрлі ұсыныстар түсуде. Осы министрлік Президент тапсыр­масын жүзеге асыру жөнінде ұсы­ныстар әзірлеп жатыр. Мысалы, оқытушы, қоғам бел­­­сендісі Сәния Тоғызбаева облыстар­дағы жергілікті билікпен араласа келе, көңілге түйгенімен бөлісті.

«Өңірлердегі аудан аппаратында терро­ризмге қарсы күрестің хатшы­ларын қыс­қартуды ұсынамын. Себе­бі барлық ауданда бұрыннан ішкі саясат бөлімі деген бар. Олардың ережесінде дін және діни ахуалды бақылау жайында жазылған. Ішкі саясат бөлімдері аты айтып тұрғандай ішкі саясатпен айналысуы тиіс, әрі өз ауданындағы қоғам­дық-саяси, діни ахуалға жауап береді. Терро­ризмге қарсы күрестің хатшылары мен ішкі саясаттағылар бірінің жұмысын бірі қайта­лайды. Бұған лаңкестікпен күреске жұмылған арнайы органдарды қосыңыз. Мем­лекеттің ақшасы босқа кетуде. Сон­дықтан осы хатшы лауазымын жойып, оның міндетін ішкі саясат бөлімдеріне беру керек. Сондағы маман­дардың жалақысын кішкене көтерген жөн. Бұл тиімді әрі дұрыс шешім деген ойдамын. Себебі терро­ризмге қарсы күреспен байла­­нысты жұмыстың 90%-ын ішкі саясат бөлімі атқарып отыр», – дейді С. Тоғызбаева.

Ол тағы бір ұсынысын министр­лікке жолдады. Әрбір аудан-қала әкімдігінің аппа­ратында төтенше жағдайлардың алдын алу комиссия­сының хатшысы жұмыс істейді екен.
«Мұнда да ұқсас жағдай. Оларды да қысқартып, функциясын аудан­дық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушы­лар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бер­ген абзал: бұл комиссияда қаралатын мәселенің көпшілігі тұрғын үйге қа­тысты. Мұндай оңтайландыру мемлекет қаржысын тиімді пайда­лануға ықпал етеді. Әкімдік аппара­тында мамандар мен бөлімдер бірі­нің ізін бірі басып жүр», – дейді Сәния Тоғызбаева.
Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов ұсыныстар түзу үдерісі жалғасып жатқанын, тиісінше, қоғам­нан, сарапшылардан түсіп жатқан бүкіл ұсыныс қаралатынын мәлім етті.
– Тиімді және ықшам мемле­кеттік аппарат құру мақсатында мемлекеттік қызметшілер штаты санын оңтайландыру тәсілдері пы­сықталуда. Бұл жұмыс асығыс емес, жүйелі және жоспарлы негізде жүр­­гізіледі. Осы мақсатта мемор­ган­­ардың қызметіне функ­цио­нал­­­дық талдау жасалып жатыр. Әрбір функ­­цияға талдау біріншіден, жүйелі проб­лемаларды анықтауға, екінші­­ден, функциялар санын оңтайлан­­­дыруға, үшіншіден, мемор­гандардың оңтайлы ұжымдық құрылымын және мемаппараттың штат санын әзірлеуге мүмкіндік береді, – деді Руслан Дәленов.
Оның айтуынша, аралас функ­­­­циялар өзара шоғырлан­­­дырылады. Бірін-бірі қай­талайтын функциялар және артық бизнес-үдерістер жойылады.

«Ұтымды оңтайландырылған мемқызмет қоғамның сұраныс­­­­тарына неғұрлым жедел ден қояды. Мемқызметкерлердің тиімділігі мен жауапкершілігі арттырылады, олар­дың қабылданған және жүзеге асқан шешімдер үшін жауапкершілігі күшей­­тіледі. Мемор­гандардың опе­­­ра­­­­циялық шығындары азайты­лады», – деді бас экономист.

Айтқандай, қысқарту шаралары, тіпті әр ведомствода бұған дейін мызғымастай көрініп келген заңгер­лер бөлімін де қамтитыны айтылды.  

Квазисектордың бизнес сектормен күресі

Тәуелсіздік жылдары елде әкім­шілік реформаның бірнеше толқыны жүрді. Оның барысында министр­­­ліктер мен әкімдіктер өз жанынан еншілес ұйымдар құрып, штатын­дағы қызметкерлерін соның құрамы­на беріп, «шенеунік қысқартты». Жеке зертхана директоры, Қазақ­станның еңбегі сіңген мет­ро­логы Владимир Черный мұндай қулықтың қандай кесірге ұшыратқанын әңгі­меледі.
«Министрліктер өзі құрып алған РМК-лар, сыбайлас құрылымдар үшін лобби жүргізеді. «Министрлік комитеттеріне түсетін жүктемені азайту, әлемдік тәжірибені енгізу» деген сылтаумен мұндай кәсіп­орындардың басшылары мемлекет функцияларын өз қолына алып алды. Мысалы, өлшем құрал­дарын салыстырып тексерту саласын алайық. Халыққа нотариус қанша­лықты қажет болса, дәл осы қызмет те соншалықты қажет. Тек нотариус­тер жеке секторға шығарыл­­ды және мемлекеттің қатаң бақылауында. Ал өлшем құралдарын салыстырып тексеруге (поверка) рұқсатнаманы енді Ұлттық аккредиттеу орталығы береді. Зертханалардың аспап тек­серу қызметін де ЖШС мәрте­бесіндегі осы орталық қада­ғалайды. Орталық саланы сауын сиырға айналдырып алды», – дейді сарап­шы.
Ол ҰАО өз қызметіне көп ақы­ талап ететініне шағымданады.
«Бұрын, 2001 жылға дейін «Өл­шем құралдарын салыстырып тек­серу» қызметіне рұқсатнаманы мемлекет тегін беріп келді. Кейін лицензиялау рәсімі енгізілді, лицен­зия алу үшін лицензиялық алым төлеуің керек болды. Ол аз болған­дай, Техникалық реттеу және метро­логия комитеті нарық субъек­тілерінің біліктілігін анықтайтын бөлек кә­сіпорын құрды. Онысының қыз­меті ақылы және біршама қымбат», – дейді В.Черный.
Бұрын зертханалар әр 3 жыл сайын лицензиялаудан өтетін. Биз­неске түсер ауыртпалықты азайту үшін алдымен лицензия «мерзімсіз» етілді.
«Сол-ақ екен, әлгі комитет жағ­дайды тез түсіне қойып, лицен­зиялауға қосымша аккредит­теуді енгізді. Бертінде салыстырып тексе­ру саласын лицензиялау мүлдем жойыл­ды, салдарынан бұл қызмет түрін мемлекеттік бақылау жойыл­ды. Қазіргі кезде жағдай сын кө­термейді. Бұрын лицензиялық алым 10 АЕК-ті құрайтын. Ұлттық аккре­диттеу орталығы 900-ден 1100 АЕК-ке дейін төлемақы алады. Бұл зертханалар қызметінің қымбат­тауына соқтырды. Мәселен, бүгінде қарапайым электр қуатының есеп­теуішін тексерту 10-13 мың теңге тұрады. Базарда жаңа «счетчикті» 15 мыңға таба аласыз. Ендеше тұты­нушыға ескі есептеуішін тексертіп жүргенше, оны қоқысқа лақтырып тастап, жаңасын сатып алу оңай», – дейді Қазақстанның құрметті метрологы.
Сарапшылар Президент тапсыр­масын орындау барысында Ұлттық экономика министрлігі квази­секторда қаптап ашылған кәсіп­орын­дарды оңтайландыру, қажет болса, олардан функцияларды меморгандарға кері алып қою жайын қарастырады деп үміттенеді. Шыны керек, бітпейтін-қой­майтын қыс­қа­ртулардан білікті мемлекеттік қызметшілер де қажы­ды. Мемлекеттік қызметке тұру оңай емес. Арнайы орган­дардың тексеруі­нен, қаптаған тестілеуден, әңгімеле­­суден өту керек. Жалақы да көбеймей тұр. Есепші Әсем Молдабаеваның мәлі­метінше, өңірлерде мемқыз­­метші саналатын, 25 жылдан астам жұмыс өтілі бар бухгалтердің ең­бекақысы ең көп дегенде 85 477 теңге екен. Бұл қайта өскендегісі. Мар­дым­­сыз жалақыға майталман ма­ман­дарды қызықтыра алмасы белгілі.

Қалай болғанда, егер билік осы жолы мемлекеттік және квази­мем­лекеттік секторды оңтайландыру науқанын сауатты жүргізсе, бола­шақта мұндай «хирургиялық» тә­жіри­беге қайта оралудың қажеті болмауы тиіс. Ары қарай HR, кадр бөлімдері өзі жауапты ұйымдағы ұжымға басы артық, біліксіз адам­дардың қызметке тұруына жол бер­меуі керек.

 

Айхан ШӘРІП