Бұл тақырыптың өзегі – әлеуметтік желідегі «Астана. Пусть говорят» тобында жарық көрген жазба. Автордың айтуынша, ол жер әуежай емес, құдды базарға ұқсап кеткен. Посттың соңына кезек күткен жолаушылардың топтасып тұрған бірнеше суретін қоса іліпті. «Түнгі әуежайдағы жағдай мынау. Үш халықаралық рейс қатар келді. ПТР-тестке мөр қойдыру үшін кезекте тұрдық. Ешқандай әлеуметтік арақашықтық сақтау жоқ. Базарда жүрген сияқтымыз. Қолында тесті жоқ адамдар еш кезексіз, жайбарақат өтіп, автобусқа барып жатты. Ал тест тапсырып келгендер жарты сағаттан астам уақыт топырлап тұрды. Бір-бірінің үстіне мініп кетуге әзер қалды. Айқай-шу. Әуежай қызметкерлерінен тәртіпсіздік үнемі осылай бола ма, неге деген сұрақтарға жауап алдық. Сөйтсек, «бассыздық» тек түнде болады екен. Мөрді жыртылған бір бетке қойып берді. Ұят-ай. Тестті тексеріп жатқан ешкім жоқ. Әйтеуір бар болса болды. Бұлай ете берсе, фотошоппен де жасап алатын шығар ендігіде. Тәртіп жоқ» деп наразылығын білдірді.
Елорда тұрғындары Facebook желісіндегі бұл топқа белсенді түрде мәселелерін жазып тұрады. Жергілікті атқарушы биліктің де назары түсіп тұрады. Бұған дәлел ретінде Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабыловтың жеке аккаунтынан сол жазбаға қалдырған пікірін айтуға болады. Оның айтуынша, түнде Нұр-Сұлтан әуежайына бір мезетте 5 рейс келеді екен. «Сіздің ескертуіңізді қабыл алдық. Ұшып келетін аймақта ПТР анализ анықтамаларын тексеретін жерде әлеуметтік арақашықтық сақталатындай етіп ұйымдастырдық. Ұшып келетін аумақта әуежай қызметі сол мақсатта бағыттауыштар, белгілер қойды. Таспалар арқылы дәліз жасалды. Мысалы, бүгін түнде Нұр-Сұлтанға бір уақытта 5 рейс келді. Жалпы саны 533 жолаушының 415-інде анықтама болса, 118-інде анықтама болмады. Бәрі әлеуметтік арақашықтық сақтап, тәртіппен өтті» деп жауап қайтарды Байғабылов. Осы мәселеге байланысты бас қаланың әуежайының баспасөз қызметіне хабарластық. «Әуежайда жолаушылар арасындағы әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, әуе компанияларымен бірлесе отырып ұтымды қозғалыс дәлізін ұйымдастырдық. Ұшып келу аймағында қосымша қорғаныс кедергілері қойылды. Сонымен қатар әлеуметтік арақашықтық талаптарын сақтау керегін еске салатын ақпараттық жапсырмалар еден мен қабырғаға жапсырылған. Міндетті түрде әуежай кеңістігінде және гейттен шығаберісте санитайзерлер орналасқан. ПТР әдісімен алынған анықтамаларды тексеру және тіркеу жұмыстарын санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жүзеге асырады» делінген ресми жауапта. Енді бір жолаушылар Шымкент қаласындағы әуежайда да жағдайдың мәз емесін айтып шағымданған. «Шымкентте түнде екі рейс қатар келді. Жүк алатын жерде ине шаншар орын жоқ. Біле білсеңіздер, мұндағы жүк алатын орын 60 шаршы метрдей ғана», – дейді Лейла Гаджиева. Ал БАӘ-ден жақында келген Талғат Ибраев әуежай қызметіне ризашылық білдірді. «Біріккен Араб Әмірлігінен бірнеше күн бұрын түнгі 2-де қондық. Бәрі жақсы, бетпердемен жүр. Ұйымдастырылуы да дұрыс. Қатаң тексерістен өттік. Тесті жоқтарды автобусқа отырғызды, тест алды. Артынша қонақүйге орналастырды. Ол жерде таңғы ас, ішім-жем – бәрін берді. Мәдениетті, сыпайы. Таңертең сағат 10-дарда тест нәтижесін беріп, үйге қайтарды. Дәрігерлерге темірдей төзімі үшін алғыс. Қаншама сөз естиді. Әркім өзіне жауапты болса, бәрі жақсы болады. Бір жағдайдың өзін әртүрлі қарап, бағамдауға болады», – дейді жолаушы.Стамбұл – Ақтау бағытымен келген Қуандық Қосжанов Денсаулық сақтау министрінің жұмысына риза емес. «8 қыркүйек күні Стамбұл әуежайынан түстім. Түспес бұрын қолымызға анкета беріп оны толтыруымызды сұрады. Толтырдық. Шыға бергенде кедендік бақылауда анкетаны ұстаттық. Бетперде тағу міндетті екенін әр 2-3 минут сайын айтып тұрды. Одан бөлек, не үшін келгеніңді сұрап жатқан қызметкерлер жетіп жатыр. Әр 20 метр сайын дезинфекция құралдарын іліп қойған. Оны шашу үшін сенсор немесе аяқпен бассаң өзі ақ шашады. Бізде ше? 26 қыркүйек ұшаққа отырдық. Борт толы. Біреулер құтылғандай бетперделерін шешіп, арқасын кеңге салып отырып алған. Ұшақ Ақтауға келіп қонды. Ешкім анкета бермеді. Анкета толтырмадық. Шығаберісте бір кісі «мына қағазға ЖСН-деріңді жазып беріңдерші» деп А4 қағазын қолға ұстатты. Оны өзіміз қайтып бердік, біреулер берген жоқ, өйткені сұрап жатқан ешкім жоқ. Сөйтіп, әуежайдан қайттық. Күн сенбі еді, таңертең тест тапсыруға зертханаға звондадым. Сөйтсем, демалыс екен. Әлеуметтік жауапкершілік бар ғой деп үйден шықпай, дүйсенбіге дейін карантинде жаттым. Нәтижесін күтіп тағы үйде отырдым. «Теріс» нәтиже деп хат келді. Бір қызығы, биліктен ешкім хабарласпады. Денсаулық сақтау министрі бұл қарқынмен екінші толқында жағдайды ушықтырып алатын сияқты» деп ойын бөлісті. Айтпақшы, желідегі топта жарияланған жазбаның соңындағы пікірлерден байқағанымыз, көпшілік әуежайда дене қызуын өлшеп жатқан ешкім жоқ депті. Бұл сауал бойынша да әуежайдан жауап алдық. Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, әуежайда дене қызуын өлшейтін ақылды камералар орнатылған. «Камералардың ұтымды тұсы сол – жүз адам келе жатса да, ультракүлгін сәулелер арқылы температура өлшейді. Яғни, кімдікі жоғары болса, соны автоматты түрде анықтайды. Дене қызуын өлшейтін құрал ұстап, күтіп тұрмайды», – дейді баспасөз қызметі. 16 қазанда Стамбұлдан мерзімі өткен ПТР анықтамасымен келген Түркия азаматы мен Ресейдің үш азаматы Нұр-Сұлтан қаласының әуежайынан депортацияланды. Бұл туралы көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл азаматтар COVID-19-ға ПТР анықтамасын 2020 жылдың 9 қазанында жасаған. «16 қазанға қараған түні 9 рейс, 1 114 жолаушы келді, олардың ішінде 897 адамда анықтама бар, 217 адамда жоқ. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласына 4 рейс, 475 жолаушы, анықтамасы бар – 365, анықтамасы жоқ – 110, депортацияланған – 4; Алматыда 4 рейс, 605 жолаушы, анықтамасы бар – 503, анықтамасы жоқ – 102; Ақтауда 1 рейс, 34 жолаушы, анықтамасы бар – 29, анықтамасыз 5 жолаушы», – деді санитар дәрігер. Қазір ереже бойынша, COVID-19-ға ПТР талдау туралы анықтамасыз келген қазақстандықтар тесттен өту үшін екікүндік карантинге жатқызылды.
Жадыра АҚҚАЙЫР