Сұрақты бұлай төтесінен қоюымыздың себебі, бүгіндері елімізде ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен жеке шаруа қожалықтардың арасында малға паспорт алу көрсеткіші мүйізді ірі қара малы бойынша 44,4%, ал ұсақ мал бойынша 47,0% екен. Бұл – Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі берген дерек. Демек, еліміздегі мал атаулы толықтай паспорт алып болмаған. Неге? Ауыл шаруашылығы министрінің «Ветеринария саласындағы мемлекеттік қызметтер стандарттарын бекіту туралы» 2015 жылғы 6 мамырдағы №7-1/418 бұйрығына сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүргізу жөніндегі мемлекеттік қызмет жеке және заңды тұлғаларға малы үшін ветеринария паспортын бере отырып тегін көрсетіледі. Бұл қызметті Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар атқарады. Яғни, бұл жерде малына паспорт алуға құлықсыз деп мал иелерін емес, тегін қызмет көрсету жүктелген жергілікті атқарушы орган өкілдерін атаған дұрыс секілді. Егер олар мал паспортының маңызын түсіндірсе, пайдалы құжаттан халық қашушы ма еді? Мал паспорты туралы сөз болса, міндетті түрде Үкімет қаулысымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ережесі» туралы сөз болады. Осы жерде ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлену дегенге тоқтала кеткен жөн секілді. Орысша жазылған заңнан қазақшаға қотарылған аудармасы аса сәтті шықпаған соң ба, бұл тіркес құлаққа бірден сіңе қоймайды. Сондықтан таратыңқырап түсіндіруге тура келеді. Яғни, мұндағы бірдейлендіру дегеніміз – дерекқорға жануар туралы мәліметтерді енгізу және ветеринариялық паспортты бере отырып сырғалау, чиптеу, таңба салу жолымен оларға жеке нөмір беруді қамтитын есепке алу жүйесі. Ал бірдейлендіруді өткізу жөніндегі мемлекеттік қызмет, жоғарыда айтқанымыздай, ақысыз, яғни ауыл шаруашылығы жануарларына сырға мен ветеринариялық төлқұжат тегін беріледі. Міне, осы бірдейлендірудің нақты ауруға шалдыққан жануарды табу, аса қауіпті аурудың салдарынан жануарлар шығын болған жағдайда өтемақы, мал өсіру үшін субсидия алуда маңызы зор. Сол себепті мал иелері малын тіркету үшін өзінің ауылдық округінің ветеринария пункті меңгерушісіне өтініш беріп, жануарды АШЖБ дерекқор базасына енгізіп, өз иелігіне жаздырса, өтемақы мен субсидия алуда аса қиналмайды. бұл жүйе малын сатқысы келгендер үшін де пайдалды. Себебі ауылдық округтің ветеринар маманы «Форма №1» анықтамасын сырғасыз түлікке беруге хақысы жоқ. Малының паспорты бар адам ғана аталған анықтаманы алуға құқылы. Өкінішке қарай, ауыл арасында паспорты жоқ малға «Форма №1» анықтамасын жазып беретін мал дәрігерлері кездесіп жатады. Сонымен бірге осы анықтаманы елемейтін де мал иелері бар. Олар малын мал базарында еркін саудалап жүр. Себебі мал базары әкімшілігі ветеринария паспортын талап етпейді. Құқық қорғау органдары өкілдері арнайы рейд кезінде паспорты жоқ малды сатуға алып бара жатқандарды анықтап, айыппұл салады. Бірақ мұндай рейд күнде өтпегендіктен, мал иелері көп шығынға бата қоймаса керек, айыппұл төлесе де малға құжат алуға асықпайды. «Мен өзім де мал сатумен айналысамын. Малымды мал базарына өз көлігіммен жеткіземін. Заң талабын сақтап, сатып алған малға ветеринарлық паспорт аламын. Бірақ кәсібім мал сату мен сатып алу болғандықтан, әр мал үшін апта сайын мал дәрігерінің мазасын алуға тура келеді. Сондықтан мал саудасымен айналысатындар үшін ветеринарлық құжатты берудің басқалай жолын қарастыруға болмай ма? Мысалы, ветеринарлық құжатты ауыстыра бермей, сол құжатта мал иесінің ауысқанын жазатын кесте қосса қайтер екен?» – дейді мал саудасын кәсіп еткен Ғалым Тұрарұлы. Оның айтуынша, мал сатып алып, оны өсіріп, семіртіп сатушылар ветеринарлық құжат алудан мезі болып кеткен. Сондықтан кім бақылап отыр дейсіз деп, сатып алып, бордақылаған малын құжатсыз сата салады. Әсіресе, мал соятын қасапшылар семіз малды көргенде оның паспортын сұрап әуреге салмайды екен. Ал ол малдың қандай аурумен ауыратынын ешкім білмейді. «Кейде көлігіммен мал базарына басқа саудагерлердің малын тасимын. Әрине, олардан сатуға апара жатқан малының паспорты бар-жоғын сұраймын. Жоқ деп айтпайтыны белгілі ғой, сонда да сенемін. Бірақ жолай полиция тоқтатып, малдың паспорты жоғын анықтаса, мал иесімен қатар, маған да айыппұл салады. Менің жазығым не? Мал менікі емес десем де айыппұл төлетеді. Осыны да заң шеңберінде реттеу керек қой», – дейді ол. Әрине, ауыл-аймақта малды кәсіп еткен Ғалым сияқтылар аз емес. Бірақ олар мұндай мәселеге тап болмау үшін малды сырғалау мәселесіне көңіл бөлгені маңызды, әрине. Алайда олар малына паспорт алуға асықпай жүр. Бір анығы, мұның салдарын ең әуелі өздері тартады. Малы қырылса, өтемақыдан қағылады, малы жоғалып, табылса, мал өзінікі екенін дәлелдеуі қиынға соғады. Өтемақы демекші, осы малға жұт келгенде өтемақы алу үшін не істеу керегін де айта кеткен жөн. Жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарлардың жұқпалы ауруы пайда болғанда тиісті аумақтың бас мемлекеттік ветеринар-санитар инспекторының ұсынысы бойынша карантин немесе шектеу іс-шараларын белгілеу туралы жергілікті атқарушы органның шешімі болуы тиіс. Ол шешімді аудандық маңызы бар қала, елді мекен, ауыл, ауылдық округ әкімі шығарады. Жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, сол жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты алып қоюға арналған акті мен сол жануарлар мен олардан өндірілген өнімдердің көзі жойылғанын растайтын актілер қажет. Көзі жойылған жануар мен сол жануардан өндірілген өнімдердің орташа айлық нарықтық құнын белгілеу туралы акті де талап етіледі. Жануарлар мен өнімдерді алып қою туралы қаулыны да қоса тапсыру қажет екен. Сонымен қатар, диагностика немесе мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау және қадағалау объектілерінің сараптама қорытындысы бойынша ветеринарлық зертхананың сараптама актісі (сынақ хаттамасы) маңызды рөл атқарады. Ветеринария паспорты мен Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жөніндегі деректер базасынан алынған көшірмені де қоса ұсыну талабы тағы бар. Құжаттардың осындай толық пакетін ұсынғандарға ғана мал құнының өтемі төленеді. Мысалы, осыдан бір апта бұрын құс тұмауынан қырылған 2 585 құс бойынша құжаттар дайындалып, 8,9 млн теңге көлемінде өтемақы төленген. «Қыркүйек айының ортасынан бастап жеке қосалқы шаруашылықтарда жоғары патогенді құс тұмауын жұқтырудың салдарынан 25 мыңға жуық құс өлімі тіркелді. Сонымен қатар инфекция ошақтарынан 20 177 бас құс тәркіленді. Осылайша, қазіргі уақытта барлығы жеке қосалқы шаруашылықтағы 45 110 бас құсқа, оның ішінде 27 393 бас тауық, 777 күркетауық, 10 141 қаз, 6 799 бас үйрек үшін өтемақы беріледі», – деді АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов.
Айдана БЕГІМ