Республикалық маңызға ие болып, өз алдына үшінші мегаполис атанғанына 2 жылдан енді асқан қаладағы мәселелер бір мезетте шешіле салмайды. Дегенмен биыл инфрақұрылымды дамыту үшін әр ауданға 1 млрд теңгеден қаржы берілген. Өткен жылы осынау қаржының бөлінетінін хабарлаған қала әкімі мемлекет ақшасы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, нәтижесі көрінетін, жылдар бойы шешімін таппаған мәселелерді шешуге жұмсалуы керегін айтқан. Сонымен, биыл аудандарда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
Базарлар жаңғыртылып жатыр
Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов қала әкімі Мұрат Әйтеновтің алдында 9 айда атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Аудан әкімінің айтуынша, бұл аймақта кәсіпкерлік саласы қарқынды түрде дамып келеді. Атап айтқанда, биыл аудан аумағында 24 ірі кәсіпкерлік нысан салынып жатыр. Бүгінде 13 нысанның құрылысы аяқталып, іске қосылған. Кәсіпкерлік нысандарының құрылысы кезінде және олар іске қосылғаннан кейін 548 адам жұмыспен қамтылған. Жалпы, осы нысандардың құрылысына 4 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Бүгінде қалған 11-інің құрылысы жалғасуда. Олардың арасында орталық «Қырғы базар» мен «Дархан» базарын қайта жаңғырту жұмыстары бар. Есеп беру кезінде Ғабит Патшаханұлы қала әкіміне көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, жолдарды жөндеу, шалғай елді мекендерді көркейту және қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары туралы да баяндады. Биыл Әл-Фараби ауданындағы көпқабатты 185 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, балаларға арналған ойын алаңшалары орнатылып жатыр. Аудан әкімдігінің мәліметі бойынша «Строи.ком «Прогресс» ЖШС мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 100 ауланы абаттандырып, тұрғындардың игілігіне берген. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 49 көпқабатты тұрғын үйдің ауласын абаттандыруға республикалық бюджеттен 1 миллиард 178 миллион теңге бөлінген. Бүгінде осынау жұмыстар да толығымен аяқталып, жаңарған аулалар тұрғындардың игілігіне беріліп жатыр. Бұдан бөлек, Әл-Фараби ауданындағы 36 қөпқабатты тұрғын үйдің ауласында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. «Агроспецмонтаж» ӨК-і жұмысты қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр. Жалпы, аудан аумағындағы 672 көпқабатты тұрғын үй 400 аулаға біріктірілгенін атап өткен жөн. Айта кетейік, Әл-Фараби қаланың орталық ауданы болғандықтан, ауызсу, табиғи газ және электр қуатымен қамту көрсеткіші 99,7 пайызды құрап отыр. Бірақ әкім жұмысында да «әттеген-ай» жоқ емес.15 тапсырманың 9-ы орындалмапты
Ғабит Патшаханұлының аудан аумағында атқарылған 9 айдағы есебін тыңдаған қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы бірқатар ескерту айтты. «2020 жылы Әл-Фараби ауданына қатысты 15 маңызды тапсырма берілген болатын. Бүгінгі таңда оның 6-уы ғана орындалып, 9-ы сол күйі тұр. Яғни, жұмыстың 75 пайызы әлі күнге дейін орындалмаған. 75 пайыз дегеніміз, демек мүлдем жұмыс істелмеді деген сөз», – деді қала басшысы. Шаһар басшысы Қонаев және Рысқұлов көшесі бойындағы заңсыз құрылыс жөнінде де ашына айтып, тиісті сала басшыларынан қатаң сұрады. Жанар-жағармай бекетінің жанында құрылыс жүріп жатқанын, оның заң талаптарына сай емес екенін ескертіп, құрылыстың неге қадағалаусыз екенін сұрады. Алайда сала басшысы қазіргі таңда жанар-жағармай бекетінің жұмыс істемей тұрғанын айтып ақталды. Одан бөлек, мегаполистегі құрылыс жұмыстарының жол салу кезіндегі бейберекетсіздігі де ескертілді. «Бұл республикалық маңызы бар қала. Құрылыс кезінде оның өзіндік талаптары, заң аясында ережелері сақталуы тиіс», – деді М. Әйтенов.Аудан әкімі учаскелік полицейлерге наразы
Ескертулерді ескерген Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов қалған шаруалар алдағы күндері орындалады деп уәде берді. Алайда аудандағы ең өзекті мәселе ретсіз сауда орындары екенін де жасырмады. Департамент басшысы тарапынан ретсіз сауда нүктелерін бақылау үшін 6 учаскелік полицей бөліп бергенімен, олардың тиісті жұмыстарына салғырт қарайтынын ашына жеткізді. «Учаскелік полицейлерді орнынан таппаймыз. Үнемі шақыртуға кетті, не болмаса басқармаға кетті деген жауап аламыз» деп шағымданды аудан әкімі. Есепті жиында Байтұрсынов көшесі мен №11 мектептің алдындағы бейберекетсіз сауда қатарлары да сынға алынды. Үшінші мегаполис әкімі Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – жергілікті әкімдіктердің алдындағы аса маңызды міндет екенін ескертіп, Шымкент қаласына қарасты аудан әкімдіктері тұрғындармен кері байланысты нығайтып, азаматтардың арыз-шағымдары мен өтініштеріне дер кезінде үн қатуы тиіс деп атап өтті. Алайда аудан әкімінің аппараты кейде тұрғындардың өтініштеріне тиісті деңгейде назар аудармайды екен. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданы әкімінің есебін тыңдап қана қоймай, ертесіне осы ауданды аралап, ондағы қордаланған мәселелермен танысты. Атап айтқанда, дендросаябақ аумағындағы қараусыз қалған балалар теміржол стансасындағы жағдаймен танысқан шаһар басшысы нысанды халық игілігіне берудің жолдарын қарастыруды тапсырды. Бұдан кейін аудан аумағындағы каналдарды аралап көрді. Ақбастау каналы арнасының 535 метр аумағы бетондалса, сол маңайда тұратын тұрғындар егіншілікті қолға алады деген сенім бар. Сондықтан аталған жұмыстарға бюджеттен қаржы бөлуді қарастыру қажет. Текесу тұрғын алабының тұрғындары биыл сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетін болды. Қала әкімімен кездескен тұрғындар мектеп салып беру туралы да өз өтініштерін жеткізді. Ал Сәуле шағынауданындағы 276 орамды инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз ету кезең-кезеңімен жүргізіліп келе жатыр екен. Орамды электр жүйесімен қамтамасыз ету мақсатында демеушілер тарапынан 25 бағана, 2 шақырым сым және қуаттылығы 160 кВт көтеретін трансформатор орнатылған. Бүгінгі күнге 150-ге жуық жеке тұрғын үй электр қуатымен қамтамасыз етілуде. Одан бөлек, жоғарыда аталған аумақты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін демеушілер тарапынан 350 метрге жуық су құбырының қазба жұмыстары жүргізіліп, ауызсу жүйесі тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілген. Міне, Шымкент қаласындағы 4 ауданның біріндегі бүгінгі жағдай. Қала басшысының айтуынша, мұндағы жұмыстың 75 пайызы орындалмаған. Сонда 12 айдың 9 айында бітпеген бұл жұмыс бар-жоғы екі айда атқарылады дегенге сенім аз. Демек, аудан басшысына да тықыр таянып тұрған сыңайлы...Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы