Футболшылар да вируспен күресіп жатыр
Футболшылар да вируспен күресіп жатыр
207
оқылды
Қазіргі кезде вирус танымал спорт­шылардан да табылуда. Біраз күн бұрын «Миланның» жұлдызды ойыншысы Златан Ибрагимович командадан оқшауланды. Түнеугүні Францияға қарсы ойнаған Криштиану Роналдудан ертесіне корона­вирус инфекциясы анықталды. Сол себепті 35 жастағы португалдық футболшы УЕФА Ұлттар лигасындағы Швециямен кездесуге қатыса аламады. Сондай-ақ Роналду Италия чемпионатында «Кротоне» және «Веронамен», Чемпиондар лигасында Киев­тің «Динамосымен» өтетін матч­тарда жасыл алаңға шықпайтын болды. Дәл осындай ке­леңсіз жағдаймен біз­дің футболшылар да күресіп әлек. Бельгиялық «Беерсхот» клубының қор­ғаушысы Ян Вороговский ко­ронавирус жұқтырғандықтан, Қазақстан құ­рамасына Албания мен Беларуське қарсы матч­тарда көмектесе алмады. Маңызды кез­десуде қазақстандық футболшының алаңдағы орны ойырап тұрды. Бұл екі ойын барысында да анық сезілді. Бірақ екі апталық үзілістен кейін футболшы команда сапына оралып, қайтадан қатарға қосылды. Сонымен қатар ұлттық құрамамыздың негізгі ойыншысы, қорғаушы Нұралы Әліп пен Қазақстан жастар құрамасында өнер көрсететін Сұлтанбек Астановтан вирустың белгілері табылып, олар екі апталық карантинге жатқызылды. Жақында «Қайрат» футбол клу­бы корона­вирус жұқтырған қос фут­болшысының хал-жағдайы туралы хабар­лады.
– Нұралы Әліп пен Сұлтанбек Астанов Ұлт­тық құрама сапында жүрген кезде тап­сырған COVID-19 тестінде оң нәтиже көрсетті. Қазір футболшылар ұлттық құра­мадан оқ­шау­ланды. Футболшылардың денсаулығы жақсы, дәрігерлердің қа­рауында, – делінген хабарламада. Осы жағдайдан соң, апта ба­сында команданың барлық футболшысы, бапкерлері және команда қызметкерлері тест тапсырды. Оның қорытындысы бойынша, өзге футболшылардан, қызметкерлерден вирус табылмады.
Біз осы орайда белгілі спорт маманынан вирустың қазақстандық футболшыларға залалы тимей ме және ішкі чемпионаттың тоқтауына себеп болмай ма деген сауал қойғанбыз.
– Командадағы бір-екі футболшыдан коронавирустың табылуы чемпионатты тоқтатуға себеп бола қоймайтын секілді. Өйт­кені Еуропадағы командалардың жар­­ты құрамы да осындай жағдайға тап бол­­ды. Бірақ кездесулерді кейінге шегеріп, вирус жұқтырған ойыншаларды оқшаулап қана  жатыр. Бұрын бір футболшыдан коронавирус анықталса, бүкіл команданы карантинге жауып тастайтын. Қазір тек сол ойыншаларды ғана белгілі бір уа­қытқа, яғни екі аптаға оқшаулайды. Бұл коронавирустың емі де табылып келе жатқанын аңғартса керек. Адамдар да коронавируспен бірге өмір сүруге еп­теп үйренісіп жатқандай көрінеді. Ба­сында жұрттың бәрі дүрлігуші еді. Кейін бұған да еті үйренді. Әлемдегі әй­гілі футболшылардың өзі де бұл індетке шалдықты. Ибрагимович, Роналду секілді футболшылар қазіргі кезде оқшауланып жатыр. Сондықтан қазақстандық футбол­шылардан коронавирус табылды деп бай­балам салудың, үрейленудің қажеті жоқ. Қа­жетті сақтық шараларын сақтаса, екі аптаға карантинге жатса, өзге спортшылар секілді аурудан құлан таза жазылып шы­ғады, – дейді Qazsport арнасының комен­таторы Ермек Төрениязов.
Спорт журналисі Қуаныш Қаппас өз кезегінде коронавирус індетінің әлемдік спортқа ауыр соққы болып тигенін, соның салдарынан спорттық шараларға біршама өзгеріс енгізілгенін айтып отыр.
– Ең алдымен көптеген айтулы жарыс­тар кейінге шегерілді. Оның ішінде Токио Олимпиадасын ерекше айтсақ болады. Қа­зіргі кезде ақырындап болса да жарыс­тар өткізілуде. Осы орайда, жарысты ұйым­дастыру комитеті бірінші кезекте маска тағу, әлеуметтік арақашықтық пен регламентті сақтауға жауапты бол­ды. Қатысушылардың барлығы ко­ронавирустың жоғын дәлелдейтін тест көр­сетуі тиіс. Спортшылар күн сайын дене қызуын өлшеп, адамдар көп жиналатын жерге бармай, қоғамдық көлікке мінбеуі қа­жет. Жарыс кезінде әрбір қатысушы әр күн сайын тест тапсырып, аренадағы қа­тал талаптарды сақтайды. Тәртіп бұз­ған жағдайда, жарыстан шеттетіледі. Фут­бол ойынында бұрынғыдай үш емес, бес ойын­шыға қосалқы құрамнан алаңға шығуға рұқсат етті. Кейінгі кезде стадионға ақырындап болса да белгілі бір мөлшерде жанкүйерлерді кіргізіп жатыр. Бұл да бол­са бағы қалыпқа келу үшін жасалынып жатқан жағдай болса керек. Бастысы, адамдар сақтық шараларын қатаң түрде сақтаса болғаны, – дейді ол.
Бұған дейін «Барыс» хоккей коман­дасы­ның бір топ ойыншылары да вирус жұқтырғаны­ жөнінде ақпарат шыққан. Кейін команда мүшелері, қызметкерлер толықтай оқшауланып, қажетті сақтық шараларын ұстанды.  Екі апталық карантиннен соң, «Барыс» кейінге ше­герілген кездесулерін толық құрамда өткізіп жатыр. Карантиндегі «Қайраттың» қос футболшысы Нұралы Әліп пен Сұлтанбек Астанов та жақында қайта қатарға қосылады. Сондықтан байбалам салуға, уайымға берілуге еш негіз жоқ. Бастысы, дер кезінде дәрігерлер көрсеткен барлық талапты орындап, тәртіпке бағыну қажет. Сонда ғана бәрі бәз баяғы қалпына келеді. Қорыта айтқанда, бізді індеттен темірдей тәртіп пен тазалық, сақтық қана құтқара алады.  

AblaiАбылайхан ЖҰМАШ