Қазақстанда тағы бір кезектің үлкен ауқымға жеткені анықталды: 500 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға бара алмай, өз кезегін күтіп жүр. Оның 437 мыңы 1-3 жас аралығындағылар. Күте-күте мектеп жасына жетіп қалғандары да жетерлік. Бұл деректерді Мәжілісте өткен Үкімет сағатында палата төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева жария етті.
Оның айтуынша, елдегі мектепке дейінгі ұйымдар желісі 3-6 жастағы балалардың 95,2 пайызын қамтыған. Бірақ кезегін күткендер өте көп. Сондықтан балаларды толық қамту үшін тиісті шара қабылдау қажет.
Балабақшаға баратындардың сапалы тәрбие алатынына еш кепілдік жоқ: бұл ұйымдар кадрлармен тек 60 пайызға жуыққа қамтылған. Бұл ретте депутаттарды балабақшаларда бала тәрбиесімен және оларды оқытумен айналысатын қызметкердің 40 пайызында тиісті білімнің болмауы алаңдатады.
Вице-спикердің айтуынша, апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын мектептердің проблемасы шешілмей келеді. Бүгінде олардың жалпы саны 160-тан асады. Сондықтан білім беру саласындағы мембағдарламадан үш ауысымды және апаттық мектептер бойынша нысаналы көрсеткішті алып тастаған министрліктің әрекетін ол «негізсіз» деп бағалады. Оның үстіне бұл Nur Otan партиясының Сайлауалды бағдарламасында белгіленген міндет пен меже болатын.
Мектептерді жылдамдығы секундына 4 мегабит болатын кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету көрсеткіші бір қарағанда, артығымен орындалған. Бірақ 93 мектеп интернетке мүлдем қосылмай қалыпты. Интернеттің жылдамдығы мәлімделгеннен әлдеқайда төмен мектептер де аз емес.
Азаматтар тегін жоғары білім алуы үшін гранттар саны артуда. Мәселен, 2019 жылы мемтапсырыс 71,5 мыңға жетті. Алайда 3 мыңнан астам гранттың берілмей қалғаны депутаттарды қайран қалдырды.
Өз кезегінде Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстан 2021 жылы 12 жылдық білім беруге көшуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
– Бізде бүгінде қағаз жүзінде де, іс жүзінде де бұрынғы 11 сыныптық білім беру қалуда. 11 жылдық жаңартылған мектеп бағдарламасы 2015 жылы бекітілді. Қазір барлық сыныптардың 95%-ы соған көшті. Келесі жылы 11-сыныптар көшеді деп жоспарлануда. Егер біз алдын ала дайындықсыз 12 жылдық білім беруді енгізсек, онда үлкен проблемаға маңдай соғамыз! Өйткені ол мектептер инфрақұрылымына ауыр жүктеме түсіреді, педагогтардың дайындығын талап етеді, жаңа оқулықты шығару қажет болады, – деді министр.
Оның үстіне министрлікке бұл мәселені мемлекеттік тілдің латын қарпінің енгізілуімен үйлестіру жүктеліпті. БҒМ басшысының пайымдауынша, 12 жылдыққа көшуді жылдамдатса, бұл үш ауысымды мектептер жағдайын қиындатып жібереді. Сондықтан әзірге ол науқан 2021 жылға қалып тұр.