Ақылы тұраққа «ат байлауға» дайынсыз ба?
Ақылы тұраққа «ат байлауға» дайынсыз ба?
233
оқылды

Бұл жоба 2016 жылы қолға алын­ған екен. Бірақ дәл қазір соны серпін, ғаламат қарқын алды. Биылғы жылдың соңына қа­рай Нұр-Сұлтанда ақылы авто­тұрақтар ауданы 10 есе артып, 5 мың орынға дейін жетпек.

Елордалықтар неге естен танды?

Әр мектептің өз автотұрағы бар. Оған мұғалімдер, білім ор­да­сының жұмыскерлері күні бой­ға машинасын қалдырады. Сон­дай-ақ баласын мектепке әкел­генде және алып кеткенде оған ата-аналар өз көлігімен кі­реді. Пандемияның өршуіне бай­ла­нысты наурызда карантин енгізіліп, шәкірт атаулы қашықтан оқуға көшкенде бұл алаңдар да бос қалған. Таяуда кейбір ата-ана кезекші сыныпқа жазылған ба­ла­сын сабағына әкелгенде, жа­ғым­сыз жайтқа жолықты. Мек­тептің автотұрағына оның енді ақылы екенін көрсететін белгі орна­ты­лыпты. Елорданың сол жаға­лау­дағы жаңа орталығында орналасқан №66 мектеп-лицей оқушысының анасы Бақыт Қайдауылова тікелей Нұр-Сұлтан әкіміне жүгінді. «Әкім мырза, біздің мектеп жанындағы автотұрақты ақылы­дан қайтадан тегін етуді сұраймыз. Қадам басқан сайын ақылы авто­тұрақ белгілерін орнатып тастады. Не себепті мектептің жанындағы көліктер тоқтайтын жер ақылы болып кеткен? Қан­шама салық төлейміз, сол ар­қылы әлеуметтік, мемлекеттік ұйым­дарды қаржыландырып отырмыз. Мұның сыртында уақытша көлік қойғанымыз үшін де ақша алмақ па?!» деп ашынған ана әкімнен мұндай сорақылыққа тоқтау салуды сұрады. Нұр-Сұлтан қаласының  әкімі Алтай Көл­гі­нов мұның елге ешқандай қиянат емес, қайта игілік еке­ні­не сендіріп бағуда. Оның ай­туын­ша, ақылы автотұрақтар жүйесін ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары 2016 жылы 27 сәуірде қабылданыпты. Кейін, 2019 жылғы 8 қазанда МЖӘ те­тігі арқылы негізгі қалалық орын­дарды заманауи тұрақтармен және паркоматтармен жабдықтауға бағытталған шаралар бекітілген.

Нұр-Сұлтан қаласының әкім­дігі «Парковочное пространство Астаны» ЖШС-мен бірлесіп, «Астананың ақылы автотұрақ кеңістігін құру және пайдалану» жобасын жүзеге асыруда. Жоба­ның мақсаты – «қала көшелерін және жолдар желісін жүктемеден арылту, жүргіншілер мен көлік құ­рал­дарының қозғалысына қо­лайлы жағдай туғызу» көрінеді.

Әкім әлгі компанияға ақылы автотұрақтарын қаптатып ашу үшін берілетін барлық жер телімі мемлекеттік меншікте қала бере­тінін жеткізді.

«Ақы жинауды енгізу – жүр­гі­зу­шілерді қоғамдық орынды ана­­ғұрлым жауапты қолдануға, кө­лік қою уақытын жоспарлауға ын­таландырады. Нәтижесінде, те­­­­гін автотұраққа күні бойға қоя са­­­­лынған автомобильдер саны қыс­­қарады. Тұрақтардағы ол орын­­­д­ы бір күн ішінде мейлінше көп жүргізуші пайдалана алады. Бұ­ған қоса, ақылы автотұрақтар же­лісін ұйымдастыру жобасы қа­лада бейберекет-стихиялы тұрақ­тар­дың жо­йы­луына септеседі. Жол қозға­лысын жүйелендіреді», – деді қалабасы.

А.Көлгіновтің мәліметінше, белгілер жаппай орнатылғанымен, бүкіл қала бойынша ақы жинау жүйесі әзірге іске қосылған жоқ.
«Тек «Нұржол» бульварындағы телімде ғана ақылы автотұрақ істеп тұр. Ақылы автотұрақтан және салынған айыппұлдан түскен қаражат астананың жол-көлік инфрақұрылымын да­мы­туға жұмсалады. Атап айт­қанда, жол белгілерін, жол таң­ба­ларын жаңғыртуға, автобус аялда­ма­ла­рын ұстап тұруға, бағдар­шам­дар мен жолдарды жөндеуге шы­ғын­далады», – деді Нұр-Сұлтан қаласының  әкімі Алтай Көлгінов.
 

Лондон астанадан неге озық?

Аты айтып тұрғандай, «Парко­вочное пространство Астаны» (ППА) ЖШС – елорда аумағын ақылы авто­тұраққа айналдыру үшін құрылған. Ол компаниялар, мектеп не емхана ұжымы, өзге де заңды тұлғалар үшін корпоративтік абонемент енгізбек. Яғни, егер ұйым басшысының өз ұжымының жағдайы үшін жаны ашыса, басы ауырса, абонемент са­тып алып, таратсын. Компания астанадағы әр ұлтарақ жерді ақылы етуге қызу дайындық үстінде. Тіпті, осы мақсатта арнайы сайт (astanapark.kz) және Call-орталық құруда. Рас, онда өзекті ақпарат тапшы. akili tyrak Қазақстанның бас қаласы дамыған ел­дердің астаналарына қарап бой түзеп отырса керек. Мысалы, Ұлыбританияның орталығы – Лондонда барлық дерлік тұрақ ақылы. Тиісінше, қала тұрғындары «темір тұлпар» сатып алғанда тұрақ орындарына қосымша шығын шығаратынын біледі. Лондонда тіпті басты көшелермен жүру үшін қосымша алым жиналады (күніне 8-10 фунт). Бірақ елорданың одан бірнеше ерек­шелігі бар. Біріншіден, Нұр-Сұлтанда бұл сала толығымен монопо­лиялан­дырылған: екі тізгін, бір шылбыры ППА уысында. Ал Ұлыбритания астанасында автомобиль тұрағы қызметін NCP, Q-Park және басқа да бірнеше ірі оператор ұсынады. Екіншіден, олардың паркингтері дәретханамен, көлік соғылыспауы үшін қауіпсіз кіреберістермен жаб­дықталған. Лондонға барған қазақ­стандықтар білуі тиіс: мысалы, Q-Park операторына қарасты тұрақтарда тіпті балалар арбасын және жаңбыр­дан қорғар қолшатырды уақытша пайдалануға тегін ала аласыз. ППА авто­тұрақтарында мұның бірі жоқ. Ол тек бұрын көліктер тегін қойылып келген алаңдардың, жол «қалта­ларының» кіреберісіне ақы жинайтын паркоматты ғана орнатады. Оған ақы төлемей зып етіп кіріп, жылп етіп шығып кеткендер «Сергек» және бақы­лаушы көліктер арқылы тірке­ліп, айып­пұлмен жазаланады. Үшіншіден, Лондонда ақылы тұрақ­тардың біразы кешкі 18.30-дан таңғы 9.30-ға дейін, сондай-ақ де­малыс және мереке күндері – тегін. Елордада ондай қарас­тырылмаған. Күндіз-түні, қысы-жазы – бір баға. Төртіншіден, әрине Лондон тұрғын­дары астаналықтарға қара­ғанда шылқыған бай. Ендеше авто­тұраққа 2-4 фунт стерлинг (1 мың 116–2 мың 232 теңге) төлеу олардың қалтасын қақпайды. Ал қайта-қайта оралып соққан дағдарыстардан, теңгенің тоқтаусыз девальвациясынан, пандемия және шектеу­лерден ыңцыршағы айналған, тұрмысы төмендеген біздің азаматтардың қосымша алымның енгізілуін ауырсына қабылдағаны қайран қалдырмайды. Әлеуметтік желі­лерде, әртүрлі форумда ППА басшысының атына ауыр сын, тіпті балағат сөз айтылып жатқаны да содан болса керек.
«Ақылы автотұрақта 1 сағат тұрудың құны – 100 теңге. Ақша көлік қойылғанға дейін алдын ала енгізілуі тиіс», – дейді «ППА» ЖШС.
Бесіншіден, Лондонда автотұрақтардың көбі күзетіледі. Операторлар ондағы автокөліктерге нұқсан келтірілмеуін мұқият қарайды. «Парковочное пространство Астаны» директоры Шыңғыс Досыбаев елордадағы ақылы автотұрақтарда тұратын көліктердің қауіпсіздігіне және бүтіндігіне өздері­нің еш жауап бермейтінін ашық айтты.
– Біздің компания сақтандыру агент­тіктерімен ықтымақтастық жасамайды. Оған барсақ, тұрақ ақы­сы 100 теңге болмай, әлденеше есе қымбаттап шыға келер еді. Ашық қала­лық автотұрақтарда көліктердің бүтіндігін қамтамасыз ету мүлдем мүмкін емес деп санаймыз. Өйткені ақылы авто­тұрақта тұрған кезде залал келгенін тіркеу үшін әрбір автомо­бильдің тұрақтау сессия­сына дейінгі және одан кейінгі жай-күйіне талдау жасап, бағалап отыру қажет болады. Бұл тек машиналар ұзақ мерзімге қойылатын ірі, жабық автотұрақтар үшін ғана табысты-рентабельді іс, – дейді Ш.Досыбаев.
 

Ауадан қанша ақша табады?

Жалпы, астанада даладағы, яғни қар, жаңбыр, бұршақ, дауыл және басқасынан еш қорғалмаған ашық тұрақ үшін ақы жинау 2,5 жылдан бері жүруде: тиісті жоба 2018 жылдың 15 қаңтарында іске қосылды. Әлгінде әкім айтқандай, әзірше тек елор­даның басты бір туристік нысаны – «Нұржол» бульварында ғана ақы жиналады. Әйткенмен, соның өзінде табысы шаш-етектен. ППА дерегінше, егер 2019 жылғы қаңтарда 1,7 миллион теңге түссе, 2020 жылғы қаңтар айында 3,1 миллион табыс құйылған. Яғни, кірісі бір жылда 81 пайызға ұлғайды! Былтырғы ақпанда табысы 1 млн 611,2 мың теңге болса, биылғы ақпанда 3 млн 108 мың теңгеге жетті. Елде төтенше жағдай енгізілген наурызда төмендеп, 1 млн 911,1 мың (2019 жылғы наурызда – 1 млн 803,7 мың), сәуірде – небәрі 10,4 мың (өткен жылғы сәуірде – 2 млн 645 мың) теңгені құрады. Есесіне одан кейінгі айларда астаналық ақылы автотұрақтардан түсетін ақша еселеп өсті: 2020 жылғы мамырда – 3 млн 50 мың (2019 жылғы мамырда – 2 млн 456,9 мың), маусымда – 4 млн 526,8 мың (былтырғы маусымда – 2 млн 348,6 мың), шілдеде – 3 млн 415,3 мың (2019 жылғы шілдеде – 2 млн 433,1 мың), тамызда – 4 млн 341,2 мың (2019 жылғы тамызда – 2 млн 390,7 мың), қыркүйекте – 5 млн 386,8 мың теңге (былтырғы қыркүйекте – 2 млн 611,1 мың). Осылайша, ақылы автотұрақтар жалпы алғанда өткен жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 20 миллионнан астам, ал биылғы 9 ай қорытындысында – 28,9 миллион теңгедей табыс әкелді. Егер бүкіл Нұр-Сұлтан ақылы болса, бұл кірістің қандай ғаламат ауқымға жетерін бағамдай аласыз. БАҚ-та жазылғандай, ақылы автотұрақтар биыл 5 мың орынға дейін кеңейтілсе, ықтимал түсім 1,8 миллиард теңгеге дейін бармақ. Бөліс келісімі бойынша оның 5%-ы қала әкімдігінің бюджетіне түседі, басым бөлігін, яғни 95%-ын ППА қалтасына басады.

– Елордада бірыңғай ақылы автотұрақ кеңістігін құру ісі тиімділігін көрсетті. Көлік қоюды ақылы ету, мысалы тұңғыш ақылы аймақтағы жағдайды айтарлықтай жақ­сартты. Егер бұрын адамдар «Нұржол» бульварына көлігін орта есеппен 4 сағатқа тастап кетсе, қазір ол 40 минуттан да ас­пайды. Кез келген дамыған қала уақыт өте тұрақтарды тегіс ақылы етуге мәжбүр болады. Нұр-Сұлтанда 1 мың тұрғынға 250-ден астам көліктен келеді. Яғни, қала бөле алатын тұрақ орындарына қарағанда машиналар саны әлдеқайда көп», – дейді «Парковочное пространство Астаны» компаниясының директоры.

Ш.Досыбаев бүгінде «Нұржол» буль­варында 487 ақылы тұрақ орны то­лыққанды жұмыс істеп тұрғанын хабар­лады. Нұр-Сұлтанның Есіл және Сарыарқа ау­дан­дарында тағы 3 мың 381 орын қол­данысқа беруге дайын екен. Дегенмен онда қашан ақы жинау баста­латынын қала әкім­дігі белгілейді. ППА мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімі бойынша әрекет ете­тіндіктен, қала басшылығы бекітпей, паркинг желісін өз бетінше кеңейтуге оның қақысы жоқ. Рұқсат етілсе, жыл соңына дейін ақылы тұрақ санын 5 мыңға дейін жеткізуге ниетті.    P.S.

Жұртшылықтың пікірі күрсі­ніске толы. «Бұл идеяға жоба қожайын­дарынан басқа ешкім қуанып отырған жоқ. Жоба бар жүк­темені көшеден аулаларға көшіре са­лады. Сол себепті аулалардағы тегін тұ­рақ­тар да ақылы етіледі деп жатыр. Бұлар қа­шан қақа­лар екен?» – дейді Аслан Еркімбай. Ел­орданың ақы жинау жөнінен Лондонмен үзеңгі қағыстырғаны қуанатын іс емес. Одан да бас қаламыз алдымен британ астанасымен жүзжылдықтар бойы тұрар ғимараттар са­пасымен, туристік тартымдылығымен, тұр­ғындарының ауқатымен, қаржы орта­лы­ғымен теңессе, нағыз мақтаныш сол болар еді.

Елдос СЕНБАЙ