Ордабасы аудандық ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын ағасының «Мазда-626» автокөлігімен жұмыстан шығып, үйіне қайтып келмегені туралы арызданған.
Із-түзсіз жоғалған адамды іздеу нәтижесінде жоғалған адамның автокөлігі Шымкент қаласының шетінен табылған. Кейіннен полицейлер жүргізушінің өртенген мәйітін Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылының маңынан тапты.
Қылмысты ашу үшін тәжірибелі қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы құрылды.
Бір аптадан кейін Түркістан облысының ПД криминалдық полиция қызметкерлері, Ордабасы аудандық ПБ және «Бүркіт» арнайы жасағымен бірге осы қылмысқа қатысы бар деген күдіктілерді Жамбыл облысынан келе жатқан «ВАЗ» автокөлігінен ұстады. Олар – бұрын бірнеше рет сотталған Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары.
Тергеу барысында күдіктілердің екеуі Шымкент қаласында жәбірленушінің көлігін тоқтатып, бір жерге апарып тастауды сұрағаны, діттеген жерге жеткен соң, жүргізушіні азаптап, тұншықтырып өлтіріп, оның ұялы телефонын алып кеткені, ал мәйітті қала сыртына шығарып өртегені анықталды.
Қаскүнемдер осы оқиғадан соң, тағы екі серіктесімен бірге Ордабасы ауданындағы тас жолда «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісіне шабуыл жасап, 45 мың теңгелік барсеткасын тартып алған.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауда отыр.