Сарайшықта жерленген билеушілер

Сарайшықта жерленген билеушілер

Бүгінде Жошы ұлысы-Алтын Орда тарихындағы шешімін таппаған мәселенің бірі Сарайшықтағы пантеон және онда жерленген ел билеген тұлғалар тарихы болып отыр. Сарайшық пантеоны 1475 жылғы венециялық монах Фра Мауроның картасында Жайықтың оң жағалауына салынған екен. Итальяндық картограф оны күмбезбен белгілеп, «Билеушілер қабірстаны» деп анықтайды. Фра Мауро картасындағы деректі ХVІІІ ғасырдағы П.Рычков, П.Паллас, ХІХ ғасырдағы А.Левшин, 1861 жылғы топограф А.Алексеевтің еңбектері кеңірек тарқатады. Оларды саралап, Сарайшықта алғашқы кешенді археологиялық қазба жүргізген саратовтық археолог Н.Арзютов өзінің ғылыми есебінде зерттеу барысындағы міндеттерін анықтай келе: «Алтын Орда хандарының жерленген жері», 1950 жылы археолог Г.Пацевич Рашид-ад-дин, В.Бартольдтың еңбектеріне сүйене отыра, «Сарайшықта Жошы ұлысының астанасы және алғашқы Алтын Орда хандарының жерленген орны болғандай» деп түйіндейді.

Дегенмен Сарайшық тарихына қалам алушылар Сарайшықта жат­қан біртуар тұлғалардың аттарын атамайды. Олай болса, ХІХ ғасырда өмір сүрген ақын Шынияз Шанайұ­лы Сарайшықта жерленген хандар­дың санын нақты неге сүйеніп жаз­­ды? Біз оны тарихи шындық ре­тін­де неге сүйеніп қабылдадық?

Жазушы Әнес Сарай «Ноғайлы» еңбегінде жазғандай, ақын өлең­де­рі­нің бірінші басылымында «Сарай­шық­та бар дейді, тоғыз ханның мо­­ла­сы» деген өлең жолдары қай уа­­қытта 7 ханға өзгерген? Неліктен 1983 жылы кеңестік тарихшы В.Его­ров­­тың Астрахан облысында­ғы Ла­пас елді мекенінде: «Бату хан жә­не 4 мұсылман хандар Берке, Уз­бек, Джанибек и Бердибек жер­лен­гендей» деген болжамы қабылдан­ба­ды? Соған қарамастан, бүгінгі Сарайшық музей-қорығындағы хан­дар кесенесінде жазылған Алтын Орданың үш ханы – Мөңке Темір, Тоқтағу, Жәнібек, Қазақ хандығы­ның билеушісі Қасым, Ноғай орда­сы билері Əмір Оқас, Шейх-Мамай, Жүсіп билер қандай тарихи дерекке негізделген?

Осындай сан түрлі пікірлерге қарамастан, 1999 жылы 3 қыркүйек­те Сарайшықта хандар кесенесі ашылған кезеңде оны орнатушылар бір ортақ пікірге келгендей. Оның дә­лелі – тарихшы-археологтар З.Самашев, М.Қожа, Д.Талеевтің ең­бектері. Олар Сарайшықта жер­ленген Алтын Орда хандарынан Мөңке Темір ханды (1266-1280), Тоқты ханды (1290-1312), Жәнібек ханды (1342-1357), Бердібек ханды (1357-1359), Тоқтамыс ханның ба­сын, қазақтың Қасым ханын және Ноғай билері Едіге, Шейх Мамай, Жүсіп, эпикалық батырлар Ер Тар­ғын, Қамбарды көрсетеді. Ал тарих­шы М.Қасенов тізімге Ақ Орда ханы Барақ ханды қосады.

Нақты тарихи деректерге сүйен­сек, тұлғалар арасынан Тоқты мен Жәнібек, Қасым хандар ғана талас ту­дыр­майды. Өйткені Қасым хан­ның Сарайшықта жерленгенін ке­зін­де Н.Карамзин, В.Вельями­нов-Зернов жазса, кейін кеңестік тарих­шы А.Чулошников 1925 жылы атап өтеді. Оның жазуынша, ХVІІ ғасыр­дың басына дейін Қасым хан ес­керт­кіші сақталған.

А.Чулошников пікірін М.Ты­ныш­­паев: «Қазақ аңыз әңгімелері бойын­ша, ол Сарайшықта жерлен­ген», Әлкей Марғұлан 1950 жылы та­­мыз айында Сарайшықтағы ар­хео­­логиялық қазбадан соң: «Жазба қайнар көздерінен байқауымызша, ХV-ХVІ ғасырлардағы тамаша сәу­лет ескерткіштері қазақ хандары Жәні­бек пен Қасым ханға Сарай­шық­та тұрғызылды... 1524 жылы Сарай­шықта қазақ ханы – Қасым­ның қаза тауып, жерленгені қайнар көздерінен белгілі» деп дәлелдей түсе­ді. Дегенмен Ә.Марғұлан осы ба­ғыттағы зерттеулерін аяғына жет­кізбеді. Оның Алтын Орда тұлғала­рын арнайы зерттеуі кеңес­тік би­лік­ке ұнамады. Соңында ғалым қу­да­лау­ға ұшырап, Сарайшық бағытын­дағы зерттеулерін біржолата тоқта­ту­ғ­а мәжбүр болады. Ал Ә.Марғұлан жазған қазақ ханы Жәнібектің Со­зақ­та жерленгені кейінгі жыл­да­ры анықтала бастады.

Тарихшылар сүйенген Сарай­шық пантеоны туралы құнды ақпа­рат­ты ХVІІ ғасыр басындағы Қа­дыр­­ғали Жалайыридің «Жылна­ма­лар жинағы», ХVІІ ғасырдың екінші жартысындағы Әбілғазының «Түрік шежіресі» және эпикалық жырлары­мыз береді. Қадырғали Жалайыри Қасым хан жөнінде: «Оның хикаясы әр жерде айтылады, сондықтан мә­лім, мәшһүр болды. Ақырында Са­райшықта дүние салды. Бұл күн­дері оның қабірі Сарайшықта жа­тыр» десе, Әбілғазы Алтын Орда хан­дары Тоқтағу хан «патшалық өмі­рі алты-ақ жыл болды, Сарай­шық шаһа­рын­да жерленді», Жәнібек хан Өзбекұ­лын «ол он жеті жыл патша­лық құр­­ды. Сарайшықта жерленді» деп анық жазады. Дегенмен Әбіл­ғазы ең­бегін пайдаланған ресейлік та­рих­шы, ноғайтанушы В.Трепав­лов Тоқтағу мен Жәнібек­тің Сарай­шық­та жерленгеніне күмәнмен қарап, «ол Еділ бойындағы Сарай болуы мүмкін» деген қорытынды жасайды. Біздіңше, ата-баба тарихы­на кел­ген­­де, хан тұқымынан шыққан Әбіл­­ға­зы­­ның қателесуі мүмкін емес және оның Сарай мен Сарайшықты жақ­сы айыра біле­ті­ні­не толық сенім біл­діруге болады.

Қадырғали мен Әбілғазы өзге хан­дардың тікелей Сарайшықта жер­ленгенін жазбайды. Соған қара­мас­тан, жоғарыдағы қазақстандық тарихшы-археологтар Мөңке Темір мен Бердібекті де Сарайшықта жерленгендер қатарына қосады. Әбілғазы еңбегінде Мөңке Темір туралы артық әңгіме болмағанымен, «Жәнібек хан өлгеннен соң Тебриз­ден Бердібек хан Сарайшыққа келді», содан билікті қолға алғанын, «екі жылдан кейін 762 жылы опат болды» (б.ж.с. 1359 жылы – Ә.М.) деп түйіндейді. Ал ХVІ ғасырдың ортасында түркі тілінде жазылған «Шыңғыс-наме» бойынша Бердібек хан: «Үш жыл ел биледі, Сарайда жерленді» дегенімен, Сарайдың қай қала екенін анық жазбайды. Біз Әбіл­ғазы дерегін негізге алып, Берді­бектің Сарайшықта хан болға­нын алға тартып, Сарайшық­тағы әкесінің жанына жерленуі әбден мүмкін деп түйіндейміз.

Соңғы жылдары татар ғалым­дары аударған «Шыңғыс-наменің» жаңа нұсқасы қазақ хандарының атасы Барақ ханның Сарайшық маңында қаза тапқаны туралы құнды дерек береді. Еңбекте «Барақ елі Жайықтан өтіп Жемге жетті. Шайқас Қайнар Сағызда болды. Қыпшақ Айас Барақты ұстап, басын алып, Мұхаммед хан мен Қади бек­ке берді. Өзі Сарайшық даруғасы (қала басшысы – Ә.М.) болды» деп жазылған. Осы деректі Қ.Жалайыри Барақ хан: «Ақыр аяғында Еділ тө­ңі­регінде, Жайық бойында Сарай­шық қаласына жақын жердегі Қас, Наурыз өңірінде опат болды» деп тар­қатады. Дегенмен Жалайыри ең­бегіндегі Қас пен Наурызды Шың­­­ғыс-наме Едіге бидің балалары ре­тін­­­де жазғанын атап өтеміз. Жо­ға­­ры­дағы ақпаратты Абдулгаф­фар Қы­рымидің 1747 жылғы «Ум­дет-ал-ах­бар» еңбегі де толық­ты­ра түседі. Қы­ры­ми зерттеуінде «Орыс хан ұлы Барақты халық хан сайлады. Ол қа­зақ жайлауында орналасты» дей ке­ле, ханның Күшік Мұхаммед хан­мен шайқасын баяндайды. Бұдан шы­ғатын қорытынды: Барақ хан өлтірі­ліп, Сарайшыққа жеткі­зіл­ген. Яғни, Ба­­рақ хан Сарайшықта мәңгі­лік ме­­кенін тапты деуімізге әбден бола­ды.

Дегенмен Барақ хан Моғол­станда өлтірілді деген де пікірлердің бар екенін айтуға тиіспіз. Егер ол Моғолстанда өлтірілсе, сонау ба­тыс­тағы Сарайшыққа қалай әкелі­не­ді? Тарихшы Н.Кенжеахмет: «Шахрух­тың орда тарихшысы Абд ар-Разақ Самарқанидің (1431-1482) мағлұматы бойынша, Жәнібектің әкесі Барақ хан 1429 жылы Моғол­станда Сұлтан Махмуд оғлан деген­нің қолынан қаза табады» деп жаз­ған болатын.

Сарайшық Мәскеуді бағындыр­ған Тоқтамыс ханның да мәңгілік мекеніне айналғандай. Тоқтамыс Жошының ұлы Тоқай Темірден тарайтын Тайқожаның ұрпағы еді. Тарихшылар оның 1406 жылы Түмен маңында Едіге бидің ұлы Нұра­дынның қолынан өлтірілгенін жазғанымен, оның басының Сарай­шыққа әкетілгенін нақтыламай­ды. Ал ол турасында аңыз-әңгімелер жетер­лік. Оған негізгі дерек ретінде но­ғай халқының «Едіге» жыры алы­нады. Жырда Нұрадын атынан:

Токтамысдай бабаньды
Артын кувып еткенмен,
Еткешден аман-заман дегизмей,
Эрдинь басын шорт кыйып,
Канжыгага такганман,
Канжыгамдан калыр деп,
Ат оьлеге боьлетип,
Эт койныма салганман,
Кан суьеги кие деп,
Канларды койган Сарайжык –
Бабаньдынь басын анда аькелип койганман,

– деп айтылады. Біздің­ше, жырдағы ақпаратқа толық сену­ге болады. Өйткені Нұрадын әкесі Еді­генің кегін қайтарып, ханның ба­­­сын көпке көрсету үшін ноғайлар қо­ныс тепкен Сарайшыққа әкелінуі – заңдылық.

Жоғарыдағы деректерді негізге ала отыра, Алтын Орда хандары Жо­шының Батуынан тарайтын ұрпақтары Тоқтағу Мөңке Темірұлы, Жәнібек Өзбекұлы, Бердібек Жәні­бекұлы, Жошының Тоқай Темірінен тарайтын Тоқтамыс Тайқожаұлы, Жошының Орда Еженінен тарай­тын қазақ хандарының атасы Ақ Орда ханы Барақ Құйыршықұлы, Қазақ хандығының билеушісі Қасым Жәнібекұлы Сарайшықта жер­ленген деген қорытынды жасай­мыз. Ал Сарайшық кесенесін­дегі Бату хан немересі Мөңке Темір Тұқан­ұлын археолог ғалымдар «осын­да жатыр» деп көрсеткенімен, оны айғақтайтын деректер әзірше сенімсіздеу. Ол тыңғылықты зерт­теу­­ді қажет етеді. Болашақта жаңа деректермен Сарайшықта жерлен­ген хандар тізімі толығады деген сенімдеміз.

Сарайшық Ноғай ордасының да астанасы болғандықтан, ноғай билерінің осында жерленгені еш талас тудырмайды. Дегенмен нақты кім жерленген, оны қандай деректер дәлелдейді деген сұрақтар көзі­қа­рақ­ты оқырманды қызықтырады. Орыс архивтерінде ол турасында әзірше дерек кездеспегенін ноғай­та­нушы А.Исин зерттеулері айғақ­тай­ды. Әнес Сарай «Ноғайлы» зерт­теуінде «Ноғай билері мен мыр­за­­ларының орыс патшалығына жаз­ған хаттары мен қарым-қатынас жолдамаларында: «Жайықта біздің зиратымыз», «Жайықта, Жайықтағы Сарайшықта біздің ата-бабалары­мыз жатыр» деп талай мәлімдеген. Тарихи оқиғалардың даму барысына қарағанда,Жаңбыршы, Мұса, Орақ, Мамай, Жүніс сынды тарихи тұлға­лардың қабірлері осы Сарайшықта», ал кесенеде жазылған Шейхмамайды «1549 жылы өз өлімімен өліп, Ор (Орск) бекінісі іргесінде, Ырғызға бара­тын қара сүрлеудің жиегіне жер­ленген» деп жазғанымен оны қан­дай деректен алғанын көрсет­пейді. Ноғай билерінің ішінен атақ­ты Едігенің де Сарайшықта жер­ленгені туралы жазылып жүр­гені белгілі. Бұл пікірге қарама-қайшы Едіге бидің мәңгілік мекені Ұлы­тауда, Ақтөбе жерінде, Маңғыс­тау­да, Ресейдегі Астраханның шығы­сын­да екенін жазып жүргендер де баршылық. Оларға енді эпикалық жырлардағы Ер Тарғын, Қамбар батыр­ларды қосыңыз. Мұның өзі орта­ғасырлық Сарайшықтың ел би­леп, жауға шапқан тарихи тұлға­ларының пантеоны екенін дәлелде­ге­ні­мен оларды терең зерделеу қа­же­тін айғақтайды. Ол тарих­шы­лар­дың алдағы міндеті болмақ.

 

Әбілсейіт МҰҚТАР,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор