Бұдан елу жыл бұрынғы бір мақаласында Әбең: «Әуезовтің арқасында қазіргі қазақ әдебиетінің абыройы мен ажары артып, айбарлана түсті, бұл даусыз дүние» деп жазыпты. Елу жылдан кейін осы сөзді алыптардың інісі болған, кейінгі тынысы болған, ізін басып, жарқын дәстүрдің бағын ашқан, жаңа ғасыр әдебиетінің көш басындағы классик Әбдіжәміл Нұрпейісовтің өзіне арнап айтсақ та болғандай екен. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан Әбеңдей сұңғыла суреткері бар қазақтың мерейі биік, бақыты ерен шығар! Өз басымыз өзге жақта мұндай кемел жастағы кемеңгер қаламгері бар халық барын естімеппіз. Бар да болар, бірақ ол Әбең емес қой...
Жастау шағымызда Мұхтар Әуезовтей айдыны кең, айбары бөлек, тұғыры мықты тұлғаны көргендер, қатар жүргендер, дәрісін тыңдап, сөзін естігендер тамсана әңгімелеп жатса – аузымыздың суы құрып тыңдайтынбыз, оларға қарап қызығатынбыз. Кейін біздің ұрпаққа да есе тиіп, маңдайымызға қос Ғабеңді (Мүсірепов, Мұстафин) көріп қалу бақыты жазылды. Олардың жиналыстарда сөйлеген сөзіне, тағылымды әңгімесіне құлақ қойып, ұйып тыңдаушы едік. Алыптар санатындағы сол екі дос әдемі қартая білудің, ақсақалдықтың тамаша өнегесін көрсетіп кетті. Әзілдері жарасқан, жұптары жазылмаған сол қос құрдас та мынау жалғаннан желдей есіп өте шықты.
Шүкір дейік, алыптар тобы кетсе де сол алыптардың сарқытындай болған Әбдіжәміл Нұрпейісов әлі біздің арамызда. Әбеңдей ерен тұлғамен ел тәуелсіздігінің қуанышына бірге бөленіп, бір заманның ауасымен тыныстап, суын ішіп, дәмін татып отырғанымыздың өзі бір ғанибет деп білем! Иә, қаламгер ретінде біз Әбеңе қарап бой түзеп, сөз ұстауға ұмтылғанымыз рас. Алтайдың аю жортқан алыс түкпірінде жүргенде шағын кітапханамызға алдымен «Ымырт», «Сергелдең» атты екі кітап келгені есімде (трилогияның үшінші кітабы «Күйреу» 1970 жылы шыққан). Осы екі кітап қолдан түспейтін, оларды оқу үшін кезек күтіп сарылушы едік. Бұғы бағумен айналысатын біздің өңірге бір ғасырдың жүгін арқалап, бірін-бірі толықтырып, жалғасып отыратын бұл кітаптағы балықшы қазақтардың өмірі мүлдем таңсық болатын.
«Ымырт» пен «Сергелдеңнің» орысы мен кержағы басым біздің ауыл жастарына әкелген әсерін қазір де сағынышпен еске аламын. Ол кезде жазуы күрделі, айтар ойы қат-қабат «Абай жолына» тісіміз батпайды, өреміз жете бермейді. Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббаты», бүгінгі сөзбен айтқанда, бестселлер. Бірақ неге екенін білмеймін, ол кітапқа үлкендер тарапынан қатаң цензура қойылған. Тегі «махаббат» деген сөзінен үркеді білем. Орыс тіліндегі кітаптары самсаған кішкентай кітапханадағы жалғыз дана «Мөлдір махаббат» кімнің қолында – кезекке тұрған бүкіл ауыл санап-біліп отыратын. Бірінші сыныпқа он жасында барған, бізден бірер сынып жоғары оқыған Бағдат деген етжеңді бір қыз бар еді. Сәбеңнің әлгі романын кезегі жетіп қойшы әкесінің оқып жүргенін Бағдат көреді. Әкесі қойын жайып тауда жүрген кезінде, Бағдат оны құрбыларына мақтанып, мектепке әкелсе керек. Сөйтіп, партаның астына жасырып оқып жатқан жерінде оқыс қолға түседі. Содан бұл оқиғаға байланысты мектепте «ЧП», яғни «төтенше жағдай» жарияланғаны есімізде. Әке-шешесі шақырылып, қойшы қызының тәртібі майшаммен «педсебетте» қатаң түрде қаралады. Қызды мектептен шығармақ болып, ақыры әке-шешесінің өтінішімен сөгіспен қалдырады. Ол кезде он жетіге толған Бағдат қыз да қайсар екен, «олай болса мектептерің өздеріңе» дейді де, арада екі айдан соң көрші ауылдың шопыр жігітіне күйеуге қашып кетеді.
Ал жаңағы Әбеңнің екі кітабының жөні басқаша еді. Киносы жоқ, сауық-сайраннан ада біздің ауыл үшін цензура қойылмаған ол кітаптар кереметтей жаңалық, рухани азық болды. Кімге қай томы тиеді, ол жағына қарап жатқан жан жоқ, бұрқыратып оқи бердік. Қалай екені есімде қалмапты, мен екінші томнан бастап оқып, көптеген оқиғаны көпке дейін бытыстырып-шатастырып жүрдім.
Есейе келе әлемдік деңгейге көтерілген Әбеңнің әлемі Арал теңізімен ғана шектелмесін сезіндік. Әбеңнің әлемі шалқыған көк мұхит екен, оның көкжиегіне екінің бірінің қолы жетпейді, шетсіз, шексіз екен.
Пайымдап қарар болсақ, Мұхтар Әуезовтен кейін қазақ әдебиетін төрткүл дүниеге танытқан да осы Әбең – Әбдіжәміл Нұрпейісов екен-ау!
Кескін-келбеті, бүкіл болмысы ерекше жаратылған Мұхаңдай кемеңгерді кезінде бүкіл Одақтың ақын-жазушылары, ғалым-сыншылары қай елде кездессе де қақ жарылып қарсы алған деседі. Ол жайында куә болғандардың, көзкөргендердің естеліктерін оқыдық та, естідік те. Енді, мінеки, біз де қара жаяу емеспіз, Мәскеу барамыз, Питерде жүреміз, шығандап шетелге де шығып кетеміз. Содан ұққанымыз – төл әдебиетіміздегі ұлылық дәстүрдің алтын жібі үзілмепті, Мұқаңдай ұлы суреткердің ізін басқан Әбең бар екен. Оны әлгі шетелдік қаламгерлердің Әбеңе деген құрметінен байқайтынбыз, олардың Әбеңнің алдында құрдай жорғалап, иіліп тұрғанынан көретінбіз. Бөтен жұрттың тарапынан сезілген әлгіндей риясыз көңіл, шынайы сыйластықты байқап, іштей тәубе ететінбіз.
Әбең туралы шама-шарқынша олар айтты да, жазды да. Дегдар мінезді Луи Арагон, Андре Стиль, Жорж Буйон сияқты әлемдік тұлғалардың жақсы пікірлері, берген жоғары бағалары бар. Америка әдебиетін зерттеуші үлкен ғалым Николай Анастасьев Нұрпейісов туралы күректей монография да жазып шығарды. Анастасьев осы зерттеу кітабында: «Нұрпейісовтің бүкіл шығармашылығында биік талғампаздық пен талап, кісілік пен кішілік, азаматтық адалдық жатыр. Көркем дүниесін былай қойғанда, әдебиет жайындағы толғауы мен мақаласының өзі артық-кемі жоқ шымыр, тілі төгіліп тұрады. Бұл сөзімізге «Ақбидай туралы аңыз» атты очерктер жинағындағы танымдық дүниелер дәлел бола алады» деп жазыпты.
Ал испандық әйгілі әдебиет сыншысы Аугуст Видаль Әбеңнің «Қан мен тері» туралы: «Трилогия написана в классических традициях русской прозы – эпический размах, глубина изображаемых событий, вереница разнообразных персонажей и художественное мастерство заставляет вспомнить «Тихий Дон». Вероятно, можно сказать, что Нурпеисов в определенном смысле «Шолохов казахской литературы» деп жазған екен. Бұл – Әбең шығармашылығының әлемдік деңгейге көтерілгенін мойындаған ілтипат.
Әбеңнің соңындағы біз сияқты қаламгер інілері Нұрпейісовтің әдебиетке соншалықты адалдығына, қасиетті қазақ сөзіне соншалықты ұқыптылығына ылғи да қайран қалумен келеміз. Бұл ел ішінде аңызға айналған шындық. Екінің бірінің қолынан келмейтін, санаулы ғана саңлақтарға тән сирек мінез. Әңгіме Әбеңнің өзінің «Қан мен терін» өмір бойы көз майын тауысып қайта-қайта қарауында, бірде түзеп, бірде күзеуі жайында болып отыр. Кейінгі атышулы дилогиясы – «Соңғы парызды» да көңіл таразысынан қанша рет өткізді десеңізші! Мұндай жанкештілік, сірә, Әбеңдей ұлының ғана қолынан келетін іс шығар тегі. Көпіртіп көп жазбаудың арғы жағында өзіне деген осындай қатаң талап жатқан шығар тегі. Романдарына жылыстаған жылдарды ғана емес, бүкіл ғұмырын арнап, қадала үңіліп, арқандай ширатып, шылбырдай шегелеп шығаруы – өлшеусіз еңбектің нәтижесі. Содан болар, бүгін Әбеңнің шеберліктің шыңына шығып, қаламды құдірет тұтқандардың баршасына үлгі болып отырғаны.
Әбеңнің төл әдебиетіміздің жауһарына айналған өз туындыларын орыс тіліне аудару кезіндегі талапшылдығы да қайран қалдырады. Аударма сапасына ежіктей қарап, әр сөйлеміне терең мән беріп, орыс көркемсөзінің айтулы өкілдері Юрий Казаковты, Анатолий Ким мен Петр Красновты тартуын, өзінің жақын досы, қазақ сөзінің құдіретіне қанық Герольд Бельгерді араластыруын – ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінуі, сондай-ақ әдебиетке адалдығының айқын көрінісі деп білеміз. Оны айтасыз, орыс тілін қойып, әлемнің көптеген тілдеріне аударылған романының аудармасына да атүсті қарамай, білікті маманды тартып, мән беретінінен хабардармыз. «Аз жаз, бірақ саз жаз» қағидасын ұстанған үлкен қаламгердің тәлімі бұл.
Иә, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әдебиетке адалдығы, бізге ғана емес, кейінгілерге де өнеге болатыны рас. Бір ғасырлық халқымыздың тарихын кестелеген, өмірдің сан өткелінен қырандай қаймықпай, болаттай майыспай өткен ұлы суреткердің 95 жылдық мерейтойы – ұлтымыздың тойы, бүкіл қазақстандықтың мейрамы. Осы уақытқа дейін Әбең бірде-бір рет өзінің мерейлі жасын – алпысын да, жетпісін де, сексенін де, тіпті тоқсан жасын да атап өтіпті дегенді естіген емеспіз. Бұл пенде ретінде бізді бір жағынан таңғалдырса, екінші жағынан ойға бастар, тәрбиелік тағылым сияқты қабылдадық.
Әңгімемізді Әбеңнің Әуезов туралы айтқан сөзінен бастап едік. Ендеше, әңгіме түйінін сол Әбеңнің енді Сәбит Мұқанов туралы айтқанымен: «Қазақ халқы Сәбит Мұқановты осынша неге қадірлейді? Оның творчестволық өсу жолы мен өмір жолының әрбір елеулі кезеңін неге ұлттық мереке етіп өткізеді? Бұған себеп көп. Соның ішіндегі ең басты себебі – Сәбит Мұқановтың өз халқына деген шексіз адалдығы» деген сөзімен аяқтауды жөн көрдік.
Иә, Әбеңнің өзі де Сәбит Мұқанов секілді халқының өмір жолын, қилы тағдырын өшпестей етіп тасқа басқан кемел суреткер. Суреткердің ұлылығын өзінің көз алдында аспандатып, мерейлі тойын бүкіл елдің тойы ретінде абыроймен атап өтіп жатқанымыз – біздің де өскеніміздің, өркениет ауылына шындап бет бұрғанымыздың бір көрінісі болмақ.
Әлібек АСҚАРОВ,
«Тіл-Қазына» ұлттық
орталығының бас директоры