Көрші Ресей баласы жоқ отбасыларға салық салу (налог на бездетность) бастамасын қарастыруда. Өйткені солтүстік көршіде биылғы өлім-жітім үкімет болжағаннан әлдеқайда көп болып шықты. Демография мәселесі Қазақстанда да өткір тұр. Ендеше біздің Үкіметте де бала туу көрсеткішін көтерудің түрлі жолын іздестіруі мүмкін бе?.
Қазақстанда да бала туу көрсеткіші жоғары емес. Биылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында ел Президенті Қ.Тоқаев отбасылық-демографиялық ахуал зор алаңдаушылық тудыратынын ашық айтты. Елде ажырасу көп. Мемлекет басшысының мәліметінше, Қазақстанда әрбір 6-шы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. БҰҰ еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамын жариялады, онда еліміз Орталық Азия елдерінен арттап қалғаны айтылады.«Үкімет демографияның құрылымын да, бала тууды ынталандыру мақсаттарын да дұрыс анықтамай отыр. Төрт және одан көпбалалы отбасыларға басымдық беріп, қолдау көрсетіледі. Ол да керек. Бірақ сонымен бірге қазіргі заманда бірінші баланы туу проблема. Жастардың оған батылы жетпейді, кейінге қалдырады. Сөйтіп жүріп уақыт өткізеді, қартаяды. Бірінші сәбиін дүниеге әкелуіне серпін беру керек. Содан кейін екінші баланың туылуын да ынталандырған жөн. Әйтпесе, заманауи отау иелері бір баланы өмірге әкелгеніне қанағаттанып, сонымен шектеліп жатады. Бұл, әсіресе жалғызбасты аналарға тән», – дейді әлеуметтанушы Есенгелді Алдоңғар.Оның байламынша, 1, 2 және 3-ші бала үшін берілетін жәрдемақыны салмақты әрі еселеп көтермей, халық көп бала тумайды. Ол кейбір адамдар айтып жүргендей, екінші әйел алу демографияны түзей алмайды деген пікірде.
«Баласыздық салығы – өткеннің жұрнағы. Кеңес кезіндегі бойдақ салығының бір түрі. Ол бала туу қабілетінен айырылған адамдарды кемсіту болады. Ондай бастаманы заң түрінде қабылдау – дамыған өркениетті әрі демократиялық елдер қатарына қосылу мақсатымен қош айтысу деген сөз. Феодализм не коммунизм заманына қарайлай бергенше Үкімет бала тууды ынталандырудың заманауи модельдеріне ден қоюы қажет», – деді сарапшы.Біз бұл тақырыпты неге қозғадық? Себебі көрші Ресей халқының саны 2024 жылға қарай, яғни 5 жыл ішінде бұл сценарий 1,2 миллион адамға азаюы мүмкін. Осындай жағдай бізде де болмасына кепілдік жоқ. Федералдық статистика қызметінің мәліметінше, Ресей халқы биылғы 7 айда ғана 316 мың 300 адамға азайды. Бұл тіпті 2019 жылмен салыстырғанда 106 мың адамға көп. Ресей демография институтының директоры Анатолий Вишневский Ресейде ХХ ғасырдың 60-жылдарынан бері терең демографиялық дағдарыс байқалып отырғанын айтады.
«Халық санының күрт қысқармауы мүмкін емес, себебі бізде бала туу көрсеткіші өлім-жітімнен төмен. Және бұл ондаған жылдардан бері жалғасуда. Салдарынан өмірге келген сәбилер сол азаю қарқынын бәсеңдете алмайды. Арифметика қарапайым: егер екі адам бас қосып, отау құрып, бір бала ғана туса, біреуінің орны ойсырайды. Яғни, екіден көп бала тумаса, халықтың саны өспейді», – деді демограф.Ол Ресей халқын тек мигранттар ғана толықтыра алатынын және Орталық Азиядан көшіп келушілерге жағдай жасау керегін жеткізді. Себебі – олар негізінен орыс тілін біледі, орыс мәдениетімен таныс. Әрі орталықазиялық ерлер мен әйелдердің фертильділігі, яғни бала туу қабілеті еуропалықтарға қарағанда біршама жоғары. Айтпақшы, қытайдың қаптауын орыстар да жақтырмайды. Ресей қазақстандықтарды да өз азаматтығына кіруге белсенді шақыруда. Сол «пиарға» сеніп қалған кейбір азамат артынан опық жеген.
«Күйеуіммен бірге Қазақстаннан бірнеше жыл бұрын көшіп келдік. БЖЗҚ-дан алған зейнетақы жинағымызға және қолдағы ақшаға осында шағын баспана алдық. Кейін ерімнің көңілі бұзылып, ажырасып кеттік. Осы кезде ортақ перзентіміз дүниеге келді. Бізге 466,6 мың рубль (2,5 миллион теңгедей) «ана капиталы» берілді. Шынын айтқанда, сертификатты ұстатты. Ақшалай бермейді екен. Енді оны пайдалана алмайтыным анықталып отыр: «ажырасып кеткендіктен, енді күйеуіңнің үйінің бір бөлігіне иесің, ендеше үйің бар» деп түсіндірді. Ана капиталын ипотекаға жұмсауға рұқсат етілген. Негізі, Қазақстанда бала тууға байланысты бір жолғысы, ай сайынғысы бар, бірнеше жәрдемақы төленеді ғой. Ал Ресейде ол жоқ. Барлығы негізінен ана капиталынан үміттенеді», – дейді Марина Есмурзина.Түйіндей келе айтарымыз, еліміздегі демографиялық алаңдауға себеп бар. Мәселен, былтыр солтүстік өңірлер адам өсімі бойынша минусқа кетті. Оған шетелге көшкен қазақстандықтардың көбеюі әсер етті. Жағдай қатты ушыға қоймаса да, мәселенің алдын алған жөн деп білеміз.
Айхан ШӘРІП