Күдіктіні қинап өлтірген тәртіп сақшыларын тергеу басталды.
Мақаншы аулындағы полиция бөлімшесіне өз аяғымен келген 33 жастағы күдікті тергеу кезінде қайтыс болған.
Марқұм «мал ұрлады» деген күдікпен ұсталған екен.
Қайтыс болған азаматтың туыстары полиция бөлімшесіне келіп айқайға басты. Ашуға булыққандар жақынын қинап өлтіргендердің қатаң жазалануын талап етіп отыр.
Айқай-шудан кейін ауылға Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің басшысы келді.
Сағат Мәдиев тергеу тобы құрылып, тиісті сараптамалар тағайындалғанын айтты.
ШҚО ПД басшысы Сағат Мәдиев: «Аталмыш фактімен Өзіндік қауіпсіздік басқармасы «Қинау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Процессуалдық прокурорлардың тобы тағайындалды. Жақын туыстарының қатысуымен оқиға орнын қарау жүргізілді. Қажетті сараптамалар, оның ішінде паталогоанатомиялық зерттеулер өткізілді. Әзірге сараптама нәтижелері дайын емес», – деді.