Блокбекеттегі жол апаты: Күдікті сотта Мұқағалидың өлеңін оқып, кешірім сұрады
Блокбекеттегі жол апаты: Күдікті сотта Мұқағалидың өлеңін оқып, кешірім сұрады
Бұл туралы Aikyn.kz тілшісі КТК арнасы сілтеме жасап хабарлайды. Алматыда блокбекеттегі апатқа кінәлі экс-полицей 10 жылға сотталуы мүмкін. Мемлекеттік айыптаушы Азат Азаматовқа осындай жаза сұрады. Прокурордың айтуынша, экс-полицей өмір бойы көлік жүргізу құқығынан айыру керек.

Прокурор Арыстан Әлікенов: «Кінәлі деп танып, оған осы баппен көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айра отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруды, жазасын қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік бөлімінде өтеуін белгілеуді сұраймын», – деді.

Мемлекеттік айыптаушы күдіктіден мемлекет пайдасына 5 жарым миллион теңге өндіріп алуды сұрады. Азат Азаматов сот басталғанда-ақ кінәсін мойындаған. Ол сол күні сыра ішкенін, сондықтан апаттың қалай болғанын білмейтінін айтқан. Ауруханаға жеткенде ғана есін жиған көрінеді. Күдікті соттағы соңғы сөзінде қылмысты қасақана істемегенін айтып кешірім сұрады.

Азат Азаматов: «Екі жігіт жай ғана әріптес болған жоқ. Маған бірі – аға, бірі – іні еді. Мен бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Мұқағали Мақатаевтың жақсы сөзі бар ғой: «...Мәңгі сені жазбаған сүрінуге, Қайта тұрып, қақың бар жүгіруге» демекші құрметті сот, мен сүріндім, мен құладым», – деді.

Айта кетейік, жантүршігерлік жол апаты Алматыда мамыр айында болды.  Апат салдарынан екі полицей қайтыс болды. Оқиғадан соң, Ішкі істер министрі Алматыға арнайы барған болатын.