Классик жазушымен кездесу
Классик жазушымен кездесу
428
оқылды

Алматыдағы Студенттер сарайында бірер күн бұрын мерейлі кеш өтті. Көбіне төрін әншілер мен музыканттарға ұсы­­натын сарай осы күні ке­лу­­шілерге руханияттың ләз­­затын сезіндірді. Бұл жо­лы аузы-мұрнынан шыға лық толған залда көрермен­ емес, оқырман отыр­ды. Осы­лайша, жазушысын ар­дақ­тай білген әл-Фараби атын­­дағы ҚазҰУ айтулы жазу­шы Әбдіжәміл Нұр­пе­йі­сов­­тің 95 жасқа толуы­на орай кезде­су­ді жоға­ры деңгейде өткізді.

«Әбдіжәміл Нұрпейісов әдеби әле­мі» деп ат қойылған кеш шы­мыл­дығын университет ректоры Ғалым­қайыр Мұтанов ашып берді. Руха­ни шараға мерейтой иесінен бө­лек белгілі жазушылар Дулат Иса­­беков, Смағұл Елубаев, Бексұл­тан Нұржеке қатысты. Алғашқы болып сөз алған Смағұл Елубаев кеш иесінің ерлікті істерін арқау ет­кен жағдайды айтып, жиылған қауымды қанаттандырып қойды.

– Қызыл империя құлап бара жатса да жан-жағын жалмай кеткісі келді. Ол үшін алдымен ауызды Қа­зақ­станға салды. Сөйтіп, «Қа­зақ­­станның солтүстігі – орыс жері» дегенді беттері былш етпей айта бастады. Мұндай пікірді Солжени­цын өзінің «Известияға» шыққан мақаласында анық етіп жазды. Осы кезде оған қарсы тұрар батырлар бұ­ғып қалып, тағы да аренаға ай­ғай­лап Әбекеңнің өзі шықты. Дәл сол «Известияға» жазған жауап мақаласында Әбекең 1897 жылы Қазақстанның солтүстігінде санақ бойынша славяндардың саны 17 пайыз болғанын бүкіл Одаққа жа­йып салды да, Солженицынға сілей­­те соққы берді. Сөйтіп, қазақ же­­рін қорғап қалды, – деді жазушы.

Бұдан кейін трибунаға кеш ие­сі­нің өзі көтеріліп, шығарма­шы­лығы жайлы сөз қозғады.

– Маған оқырмандар «шығар­ма­­­ларыңызды неге ұдайы жөндей бере­сіз?» деп жиі сұрақ қояды? Не­ге жөндемеймін. Зейнолла Қабдолов «әдебиет – ар ісі» деген. Сөз жоқ, қазақ тілі – бай тіл. Бірақ со­лай екен деп аузымызға келген сөзді аста-төк етіп жаза беру керек пе? Жоқ. Таңдау керек. Талдау ке­рек. Талғам болу керек, – дейді ақса­қал жазушы.

Дулат Исабеков болса кеш ие­сінің әзілге толы қырларын айтып, көпшілікті күлкіге қарық қылды.

– Бір күні таңғы 7-де хабарласа­ды. Әдетте мұндай уақытта біреу қоңыраулатса не болып қалды екен деп қорқасың ғой. Телефонды ала сала «Не боп қалды, Әбеке?» десем, «Осы Балташ Тұрсымбаев қайда жұмыс істеп жатыр?» дейді. «Әбеке, осыны сағат 9-да сұрауға болмай ма?» деймін күйіп-пісіп. Ағамыз­дың осындай қызық мінездері бар.

Тағы бір қызық нәрсе – Әбекең өзі­нің туған жеріндегі Беларан де­ген жерден өзіне арнап мола сал­дырып қойған. Бір күні үйіне бар­сам, ашуланып бұлқан-талқан бо­лып отыр. «Неге ашуланып отыр­­сыз?» десем, Аралдағы моласы әб­ден ескіріп, шіріп кетіпті. Мәр­мәр­лары түсіп қалған, сылағы қашып кеткен дегендей. «Әкімге ұрысып-ұрысып, қайтып келдім» деп ашу­ланып отыр екен. Содан айт­тым: «Әбеке, ауданның бюдже­тін­де тірі адамның моласын жөн­деу­ге деген қаржы қарастырыл­ма­­ған» деп. «Сонда не істеу керек?» дей­ді ағам. «Біріншісі – Арыстан бульдо­зер апарамын да моланы тү­гел бұздырып тастаймын, ал екіншісі – анда-санда барып жатып тұру керек» деймін. «Сен сонда маған өлім тілеп тұрсың ба?» дейді ашуға бу­лығып. «Жоқ, тек анда-санда ба­рып жатып тұру керек» деп жатырмын ғой деймін мен. Содан біраз уақыт менімен араласпай жүр­ді. Кейін татуласып кеттік, – деді Д.Исабеков.

Кезекті болып сөз алған белгілі жа­зу­шы Бексұлтан Нұржеке әңгі­ме­сін «Әбекеңнің мен бір қырын айтайын» деп бастады. «Жазушы­лар әдетте кішкентай дүниеден бас­­тайды – әңгімеден, повесттен. Бұл кісі соғысқа қатысып келді де, бірден роман жазды. «Курляндия» деген. Кейін «Күткен күн» болып өзгерді. Бұл кісі Қазақстанның бір­де-бір атағын алған жоқ, бірден Кеңес Одағының Мемлекеттік сый­­лығын алды. 40, 50, 60, 70 жыл­ды­­ғының ешбірін де тойламас­тан, бірден 95-ін тойлап отыр. Бұл да бір ірілік. Жамбылдан кейін 90-нан ешкім аспай қойып еді, міне, ағамыз асып отыр. Бұл да ірілік. Осындай қарқынмен келе жатқан ағамыз жүзден де асып бір ірілік жасасын деп тілейміз» деген жазу­шы сөзіне зал дүрілдете қол соғып, қошемет білдірді.

Бұдан кейін оқырмандар мен ме­рейтой иесі арасында сұрақ-жа­уап стиліндегі сұхбат өрбіп, 95 дей­тін торқалы жасқа келген жазу­шы барлық сауалдарға сергек отырып жауап берді. Шара соңында жиылған көпшілікке ақ батасын беріп аяқтады.