Алматыдағы Студенттер сарайында бірер күн бұрын мерейлі кеш өтті. Көбіне төрін әншілер мен музыканттарға ұсынатын сарай осы күні келушілерге руханияттың ләззатын сезіндірді. Бұл жолы аузы-мұрнынан шыға лық толған залда көрермен емес, оқырман отырды. Осылайша, жазушысын ардақтай білген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ айтулы жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жасқа толуына орай кездесуді жоғары деңгейде өткізді.
«Әбдіжәміл Нұрпейісов әдеби әлемі» деп ат қойылған кеш шымылдығын университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ашып берді. Рухани шараға мерейтой иесінен бөлек белгілі жазушылар Дулат Исабеков, Смағұл Елубаев, Бексұлтан Нұржеке қатысты. Алғашқы болып сөз алған Смағұл Елубаев кеш иесінің ерлікті істерін арқау еткен жағдайды айтып, жиылған қауымды қанаттандырып қойды.
– Қызыл империя құлап бара жатса да жан-жағын жалмай кеткісі келді. Ол үшін алдымен ауызды Қазақстанға салды. Сөйтіп, «Қазақстанның солтүстігі – орыс жері» дегенді беттері былш етпей айта бастады. Мұндай пікірді Солженицын өзінің «Известияға» шыққан мақаласында анық етіп жазды. Осы кезде оған қарсы тұрар батырлар бұғып қалып, тағы да аренаға айғайлап Әбекеңнің өзі шықты. Дәл сол «Известияға» жазған жауап мақаласында Әбекең 1897 жылы Қазақстанның солтүстігінде санақ бойынша славяндардың саны 17 пайыз болғанын бүкіл Одаққа жайып салды да, Солженицынға сілейте соққы берді. Сөйтіп, қазақ жерін қорғап қалды, – деді жазушы.
Бұдан кейін трибунаға кеш иесінің өзі көтеріліп, шығармашылығы жайлы сөз қозғады.
– Маған оқырмандар «шығармаларыңызды неге ұдайы жөндей бересіз?» деп жиі сұрақ қояды? Неге жөндемеймін. Зейнолла Қабдолов «әдебиет – ар ісі» деген. Сөз жоқ, қазақ тілі – бай тіл. Бірақ солай екен деп аузымызға келген сөзді аста-төк етіп жаза беру керек пе? Жоқ. Таңдау керек. Талдау керек. Талғам болу керек, – дейді ақсақал жазушы.
Дулат Исабеков болса кеш иесінің әзілге толы қырларын айтып, көпшілікті күлкіге қарық қылды.
– Бір күні таңғы 7-де хабарласады. Әдетте мұндай уақытта біреу қоңыраулатса не болып қалды екен деп қорқасың ғой. Телефонды ала сала «Не боп қалды, Әбеке?» десем, «Осы Балташ Тұрсымбаев қайда жұмыс істеп жатыр?» дейді. «Әбеке, осыны сағат 9-да сұрауға болмай ма?» деймін күйіп-пісіп. Ағамыздың осындай қызық мінездері бар.
Тағы бір қызық нәрсе – Әбекең өзінің туған жеріндегі Беларан деген жерден өзіне арнап мола салдырып қойған. Бір күні үйіне барсам, ашуланып бұлқан-талқан болып отыр. «Неге ашуланып отырсыз?» десем, Аралдағы моласы әбден ескіріп, шіріп кетіпті. Мәрмәрлары түсіп қалған, сылағы қашып кеткен дегендей. «Әкімге ұрысып-ұрысып, қайтып келдім» деп ашуланып отыр екен. Содан айттым: «Әбеке, ауданның бюджетінде тірі адамның моласын жөндеуге деген қаржы қарастырылмаған» деп. «Сонда не істеу керек?» дейді ағам. «Біріншісі – Арыстан бульдозер апарамын да моланы түгел бұздырып тастаймын, ал екіншісі – анда-санда барып жатып тұру керек» деймін. «Сен сонда маған өлім тілеп тұрсың ба?» дейді ашуға булығып. «Жоқ, тек анда-санда барып жатып тұру керек» деп жатырмын ғой деймін мен. Содан біраз уақыт менімен араласпай жүрді. Кейін татуласып кеттік, – деді Д.Исабеков.
Кезекті болып сөз алған белгілі жазушы Бексұлтан Нұржеке әңгімесін «Әбекеңнің мен бір қырын айтайын» деп бастады. «Жазушылар әдетте кішкентай дүниеден бастайды – әңгімеден, повесттен. Бұл кісі соғысқа қатысып келді де, бірден роман жазды. «Курляндия» деген. Кейін «Күткен күн» болып өзгерді. Бұл кісі Қазақстанның бірде-бір атағын алған жоқ, бірден Кеңес Одағының Мемлекеттік сыйлығын алды. 40, 50, 60, 70 жылдығының ешбірін де тойламастан, бірден 95-ін тойлап отыр. Бұл да бір ірілік. Жамбылдан кейін 90-нан ешкім аспай қойып еді, міне, ағамыз асып отыр. Бұл да ірілік. Осындай қарқынмен келе жатқан ағамыз жүзден де асып бір ірілік жасасын деп тілейміз» деген жазушы сөзіне зал дүрілдете қол соғып, қошемет білдірді.
Бұдан кейін оқырмандар мен мерейтой иесі арасында сұрақ-жауап стиліндегі сұхбат өрбіп, 95 дейтін торқалы жасқа келген жазушы барлық сауалдарға сергек отырып жауап берді. Шара соңында жиылған көпшілікке ақ батасын беріп аяқтады.