Банк несие бермей қалған жағдайда оның себебін түсіндіре бермейді. Ал оның бірнеше себебі болуы мүмкін. Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева Tengrinews.kz сайтына берген сұхбатында қандай жағдайларда несие берілмейтінін айтып берген.
Нашар несие тарихы
Маманның айтуынша, несиенің берілуіне басты факторлардың бірі – несие тарихы. Ол нашар болса, банк кредит беруден бас тартуы мүмкін. «Несиенің берілмеуіне негізгі екі себеп бар. Біріншісі – нашар несие тарихы. Яғни, несие алушының мерзімі өткен кредиттері болса. Әсіресе, ол әлі де жабылмаса, яғни, 30, 60, 90 күн бойы кредит төленбесе. Егер, борышкер 90 күннен аса уақыт бойы несиесін төлемесе, ол дефолтқа енеді. Ал төленбеген күндер 180 күннен асса, банк келесіде несие беруден бас тартады»,– дейді Ә.Нұрғалиева.
Жалақы көлемі
Ал екінші себеп – борышкердің жалақысының аз болуы. «Ұлттық банк басқармасының 292-қаулысы бойынша кепілсіз қарыз беретін кезде борыш жүктемеcінің коэффициентін есептеу керек. Яғни, кредит бойынша бұрынғы төлемдеріңіз бен жаңа несиенің төлемі табысыңыздың 50 пайызынан аспауы тиіс. Көп адамда табыстары бұрынғы төлемдерін жабуға жетпей жатса, банк несие беруден бас тартуы мүмкін. Ол жерде несие тарихының мінсіз болуы да көмектеспейді. Себебі ол борыш жүктемесіне қатысты талаптан өтпей қалуы мүмкін»,– дейді маман.
Жұмыс тәжірибесі
Әсем Нұрғалиеваның сөзінше, кредитке өтінім түскенде банк борышкердің қашаннан бері жұмыс істеп жатқанына да қарайды. «Бұл тұста борышкердің қашаннан бері жұмыс істеп жатқаны да есепке алынады. Борыш жүктемесінің коэффициенті соңғы 6 айда болған аударым арқылы есептеледі. Кем дегенде, 2-3 ай бойы үздіксіз аударым жасалып отыруы керек. Соңғы алты айда аударымдар, яғни жұмыс тәжірибесі болмаса, банк кредит беруден бас тартуға мәжбүр болады», – дейді ол.
Несие картасы
Лимиттелген несиелік карта да кредит алу кезінде әсер етуі ықтимал екен. «Мысалы, миллион теңге лимитімен несие картасын алып, толық лимитті таңдап, ай сайын минимал төлем жасап отырсаңыз, бұл жүз пайыздық «утилизация» – яғни, несие картасын кредит секілді пайдаландыңыз. Бұл негатив фактор саналады. Яғни, банк сізді қазіргі кредитіңізді жабу үшін тағы бір несие алғалы жатыр деп ойлайды. Сонымен қатар, қолданушылардың үйлестірілген несие картасы бар, мұнда лимитті ұстанып отырсаңыз, сізге кредит беру мүмкіндігі жоғарылайды. Себебі ол несие тарихын қалыптастырады»,– дейді маман.
Бірнеше банкке өтінім жіберу
Бірінші кредиттік бюроның атқарушы директорының айтуынша, бір уақытта түрлі банкке кредит алуға өтінім жіберсеңіз, бұл стоп-фактор болуы мүмкін. «Егер кредит бюросына 5-тен аса өтінім келгенін көрсе, банк несие беруден бас тартуы ықтимал. Себебі бұл несиелік шоппинг деп аталады. Бұл жағдайда алаяқтық бойынша күдікке ілінуіңіз мүмкін. Сондықтан банк несие беруден бас тартуы мүмкін. Бұл жерде әр банктің ережелеріне қарау керек. Әр банк талаптарды өзіне ыңғайлап жасайды, сондықтан, бірі несиені берсе, бірі бермеуі мүмкін. Бәріне ортақ талап жоқ мұнда»,– дейді ол.
Мамандық пен жас
Несие алушының мамандығы мен жасы – шешім қабылдауға ең аз әсер ететін себептер, дейді маман. «Бұл жоғарыда аталған пункттерге қарағанда ең аз рөл атқарады. Статистикалық тұрғыда, табысты мамандықтар мен салалардың бар екені түсінікті. Бұл әр банктің субъектив шешімі, бірақ бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндерге сенім көбірек болады»,– деп қорытындылады ол.