«Домбыра» фильмі халықаралық фестивальде үздік атанды
«Домбыра» фильмі халықаралық фестивальде үздік атанды
157
оқылды

Қазақстандық жас режиссер Рамазан Халиолланың «Домбыра» фильмі Нью-Дели қаласында өткен 8-ші Халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалінде (Delhi Shorts International Film Festival) жүлделі болды.

«Қазақфильм» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлағандай, картина «Үздік фильм» аталымында жеңімпаз атанды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның «Дебют» шығармашылық-өндірістік бірлестігі түсірген кинофильм домбыраның құлағында ойнап, үлкен сахнада өнер көрсетуді армандаған Әсет есімді баланың өмірін баяндайды.

Айта кетейік, аталған туынды биыл Алматыда өткен «Baiqonyr ISFF» IV Халықаралық кинофестивалінің конкурстан тыс бағдарламасында көрсетіліп, «Бродвейдің таңдауы» сыйлығын алған.

Нью-Делидегі DSIFF халықаралық кинофестивалі алғаш рет 2012 жылы өткен. Ұйымдастырушысы – Miniboxoffice үнді компаниясы. Биыл фестивальдің халықаралық қазылар алқасын испан режиссері Виктор Мануэль Лопесмуньос басқарды. Сонымен қатар, қазылар алқасы құрамында: продюсер Виктория Сил (Жапония), режиссер Ракел Руиз (Аргентина), режиссер Прашант Сегал (Үндістан) болды.

Рамазан Халиолла 1994 жылы 15 мамырда Қарағанды облысы, Балқаш қаласында дүниеге келген. 2012-2017 жылдар аралығында Нұрсұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Режиссер, кино және телеарна продюссері» мамандығы бойынша оқыған.