Шетелдік нөмір тағылған көлік иелері жол ережесін бұзғаны үшін бұрын құтылып кететін еді. Енді оларға да айыппұл салынатын болады. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы хабарлады.
Қазіргі уақытта әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы толтыру оңай. Оған арнайы мобильді қосымшалар әзірленген.
– Еліміз бойынша ішкі істер органдарының 7 мыңнан аса қызметкерінде планшет бар. Осы жылдың сәуір айынан бастап тәртіп сақшылары хаттамаларды электронды түрде толтыра бастады,– деп хабарлайды Бас прокуратура.
Енді осындай электронды деректердің арқасында шетелден кіргізілген, алайда Қазақстанда тіркелмеген көліктердің де иесін табуға мүмкіндік пайда болды.
– Осы жылдың 21 қазанынан бастап астап фото және бейне жүйелерімен жазылған бұзушылық туралы нұсқамалар бас қалада, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс-Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында, сонымен қатар, Шымкент қаласында қазақстандық нөмірлері бар жүргізушілерге ғана емес, сондай-ақ шетелдік тіркеудегі автокөлік иелеріне де келетін болады,– дейді құзіретті орган.
Ал шетелдік нөмір таққан көлік иелері Қазақстан аумағында жүргендіктен, міндетті сақтандыру полисін жасатуы тиіс.