Үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік грант беру саласы көп сыналады. Шағымдарға құлақ түрсек, «гранттар тамыр-таныстықпен таратылады» дегенді айтады. Сондай-ақ мемлекет жобаны бастауға көмектеседі, әрі қарай жалғастыруға қаржы бермейді. Салдарынан жобалар жабылып қалады. Бұдан бөлек, тіпті шағын жоба үшін көп есеп талап етіп, зықысын шығаратын көрінеді. Әрине, жауапты тұлғалар мұның бәрін жоққа шығарады.
ҮЕҰ-ларды қолдау, сөзсіз,қажет іс. Бұл дамыған елдерде де бар. Дамымаған, артта қалған елдер бұл тетікті қоғамдық ұйымдарды тізгіндеп ұстау және жазалау құралы ретінде пайдаланады: билікке жақпай қалған ұйым қаражаттан қағылады, жабылып тынады. Кейде қазақстандықтар «қоғамдық ұйымдарға бюджеттен ақша беруді тоқтату керек» деп ашу үстінде талап қойып жатады. Бұл, – азаматтық қоғамды дамыту қағидасына жат. Оның үстіне, егер отандық ұйымдарды мемлекет қаржылай қолдамаса, оны шетел жасайды. Ендеше ҮЕҰ-лар ұлардай шулап, жат елдердің сөзін сөйлеп, сойылын соғып кетпек. Онда ел жат пиғылдардың сынақ алаңына айналады. «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» (АБҚО) коммерциялық емес АҚ-ы – ҮЕҰ-ларға мембюджеттен грант беруші жалғыз оператор саналады. 2019 жылы ол 1 миллиард 59,5 миллион теңге бөлді.Орталық пен сарапшы неге араздасты?
Ақша жүрген жерде дау-жанжал, өкпе-реніш өріп жүретіні мәлім. Мысалы, 2019 жылғы желтоқсанда Павлодардың №2 қылмыстық істер жөніндегі қалалық соты белгілі психиатр-дәрігер, Семей медициналық университетінің ассистенті, ҮЕҰ саласының сарапшысы Сергей Молчановты Қылмыстық кодекстің 130-бабы бойынша соттады (Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылғы 26 маусымдағы жаңа заң арқылы бұл бап жойылғаны белгілі). Молчановты Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрайымы Бәтима Мукина «жала жапты» деп сотқа берді. Себебі жоғары санатты психиатр әртүрлі инстанцияларға – Үкімет басшысы Асқар Маминге, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа, Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке шағым жазған. Оның байламынша, гранттарды үлестіру үдерісінде «үлкен коррупциялық тәуекелдер бар», ал «квазимемлекеттік сектордың аталған элементі бюджет қаржыларын ұтымсыз пайдалануда».«Халыққа жақсы таныс емес үкіметтік емес ұйымдардың ең көп балл жинайтыны мені қайран қалдырады. Кейін олардың атқарылған жұмыстар туралы есебін қарап отырсаң, бюджет ақшасының заяға кеткенін түсінесің. Көптеген талдау есептері мен зерттеулер – интернеттің шетелдік бөлігінен алынған материалдар болып шығады. Оны тіпті дұрыс талдамаған және қазақстандық өмір шындығына бейімдемеген» деп жазады Сергей Молчанов.Бұл сөздер Б.Мукинаға ұнамады, сондықтан ол АБҚО қызметкерлерінің ар-намысын, абыройын және іскерлік беделін қорғау үшін 2019 жылғы 23 қыркүйекте Молчановтың үстінен павлодарлық сотқа жүгінген. Әрі қарай 5 қарашада Молчановты «жала жабу» бабы бойынша қылмыстық жауапқа тарту туралы жеке шағым берілді. Павлодар соты үкімді өткен жылы шығармақ болды. Алайда бейнеконференциялық байланыстың сапасы процесті жарға жығыпты: Нұр-Сұлтаннан қосылған жеке айыптаушы айыпталушы адвокатының сұрақтарын естімеген. Ал Павлодардағы қатысушылар елорда жақтан не айтылып жатқанын ұға алмаған. Нәтижесінде, сот отырысы биылға ауыстырылды. Дегенмен орталық төрайымы райынан қайтып, 28 қаңтарда шағымын кері алып қойды. Осыдан кейін Сергей Молчанов орталықпен ынтымақтастығын әрі қарай жалғастырмақ болады.
«Мені АБҚО қолдауымен іске асырылған жобаларға қоғамдық мониторинг жүргізуге тартамыз деген. Әйтсе де, орталық хабарласар емес. Мысалы, «Жастар арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізу» деп аталатын жобаға мониторинг жасамақ болғанмын. Өйткені менің білуімше, осы жобаға бөлінген 17 миллион теңгенің 11 миллионы жалақы ретінде шығындалған. Қалған 6 миллион теңге «үлкен деректермен» (Big data) жұмысқа, қарапайым тілмен айтқанда әлеуметтік желіні мониторингтеуге жұмсала салынған. Осы жобаның нәтижесі қандай екені қызықты», – дейді ол.Жақында Б.Мукина ресми блогы арқылы оған жауап қатты: жала жапқаны үшін АБҚО-ның онымен соттасқанын есіне салды.
Қаржы қайда кетуде?
Биылғы пандемия грант алған ұйымдардың «картасын бытыстырып» жіберді. Олар әдетте грант ақшасын аларда: «мұнша миллионға залдарды жалдап, мұнша адам жиып, семинар не тренинг өткіземін», «мұнша миллионын іссапарға шығындаймын» деп үйреншікті схемамен айдайтын. Кейін солай деп есеп беретін. Ал коронавирустың таралуы бұл схемаларға нүкте қойды: адам жинап, жабық залда жиын өткізуге де, өңірлер арасында сапарлауға да шектеу қойылды. Осы орайда, кейбір ұйым АБҚО-ға өтінішпен шығып, зал жалдауға, іссапарға көзделген қаржыларға компьютер, ноутбук, планшет алып, аз қамтылған отбасыларға таратуды ұсыныпты. Орталық оған рұқсат еткен. Неге үнемделген қаржыны бюджетке қайтармаған? Грантты толық игермесе, аудиторлар кінә тағып, іс қозғалуы мүмкін. Әйтеуір, игерсе болды.– Біздің орталықтың гранттық қаржыландыруы арқасында жыл сайын шамамен 80-100-ден аса ұйым әртүрлі әлеуметтік жобасын іске асырады. 2019 жылы – 128, ал биыл 119 әлеуметтік жоба аяқталды. Қаржының 10 пайызы ұйымды материалдық-техникалық жабдықтауға жұмсалады. Яғни, ұйым компьютер, үстел, қажетті басқа да техника сатып алады. Сондай-ақ қаржы жұмыс орындарына, еңбекақы қорына кетеді. Бұл – бухгалтердің, жоба басшыларының, менеджерлердің, үйлестіруші-координаторлардың, СММ-менеджерлердің жалақысы деген сөз. Сондай-ақ қаржының бір бөлігі салық төлеуге бағытталады, – дейді АБҚО басқарма төрайымы Бәтима Мукина.Ол грант қаржының бекер кетпейтініне, әлдекімнің қалтасына түспейтініне, қайта адамдарды еңбекпен қамту, ҮЕҰ-ларды қолдау арқылы әлеуметтік тиімділік әкелетініне сенімді. Мекеме басшысы «әрбір жобаның нәтижесін, қайтарымын жұртшылық көруі тиіс» деген байламмен келіседі. Тиісінше, грант игеріп жатқан ҮЕҰ-ларға «өз сайты, әлеуметтік желілер көмегімен жұмыс нәтижелерін, әлеуметтік жобаларының жетістіктерін дұрыс паш ету» жүктеліпті. Көбісінің көрсетпей отырғанына қарағанда, көрсететіні де жоқ болуы ғажап емес.
Сыйлыға – сый, сыйсызға – өкпе
Сарапшылар бұл саладағы «көлеңкелі» тұстарға назар аудартады. Қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдардың өмірін жақсартумен шұғылданатын қоғамдық қордың басшысы Виктор Дак бір келеңсіздікке маңдай соққанын әңгімеледі. Былтырғы 1 шілде мен 1 қыркүйек аралығында ҮЕҰ-ларға арналған сыйлықақыға өтінімдер қабылданыпты. Оның қоры бақ сынауға бел буады.«Сыйлықақы тағайындалған үміткерлер тізімі уәкілетті органның интернет-ресурсында жыл сайын 1 желтоқсаннан кешіктірмей жариялануы тиіс. 2019 жылғы 3 желтоқсанда көрсетілген телефонға қоңырау шалып, жеңімпаз ҮЕҰ-лар тізімі қашан шығатынын сұрадым. Белгіленген мерзім бұзылды ғой. Қызметкер тиісті комиссияның отырысы тек 5 желтоқсанда өтетінін жеткізді. Бұл нөмірге келесі жолы тек 10 желтоқсанда хабарласа алдым. Сол қызметкер тізім кешірек жарияланатынын, алайда комиссия «есепке қойылған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету кезінде пробация қызметтеріне жәрдемдесу» бағыты бойынша 2019 жылы сыйлықақы тағайындамау туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Мұндай шешімге не негіз болғанын ол айта алмады. 12 желтоқсанда жеңімпаздарды марапаттау салтанаты өтті, бірақ тізім бәрібір жария етілмеді», – дейді В.Дак.Әрине, оның өкпелейтін негізі жоқ: қоғамдық қор 2016 жылдан бері бюджеттен қаржы алып, түрмеден шыққандарды әлеуметке кіріктіру жобаларын жүзеге асырып келді. АБҚО-ның қаржылай қолдауымен ШҚО, Павлодар және Қарағанды облыстарында әрекет еткен. Мемлекет қаржы беруін тоқтатса, мұндай қоғамдық ұйымдар да қызметін доғарады, дағдарады. Яғни, бюджет мойнына масыл болып отыр. Басқаша айтқанда, аты – «үкіметтік емес» болғанымен, заты – «үкіметке қол жаятын ұйым». Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің түсіндіруінше, ҮЕҰ-ларға арналған сыйлықақы (премия) – оларды мемқолдаудың жаңа тетігі. Ол республикалық, салалық және өңірлік деңгейде әлеуметтік міндеттерді шешуге үлес қосқан ҮЕҰ-ларға 2017 жылдан бері беріліп келеді.
«2019 жылы барлығы 134 өтініш келіп түсті. Соның ішінен 15 бағыт-номинация бойынша 120 өтініш қарауға қабылданды. Ең көп өтініш – әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарды қолдау (31), білім, ғылым, ақпарат, денешынықтыру және спорт салаларындағы мақсаттарға қол жеткізу (15), азаматтық қоғамды дамытуға жәрдемдесу және ҮЕҰ қызметінің тиімділігін арттыру (11), жастар саясатын және балалар бастамаларын қолдау (10) бағыттарына тиесілі. Өтініштер бірнеше кезеңнен тұратын іріктеуден өтті, оларды бағалауға 75 сарапшыдан тұратын жұмыс тобы тартылды», – дейді ведомство.«Пробация қызметтеріне жәрдемдесу» деп аталатын 13 бағыт бойынша тек 2 өтініш беріліпті. Бұл өтініштердің жинаған балы «аз қамтылғандарды қолдау» жөніндегі 6-бағыттағы өтініштердің балынан әлдеқайда аз болып шыққан. Сол себепті комиссия 13-бағыттың қаражатын 6-шыға қайта бағдарлаған жөн деген ұйғарымға келіпті. Қорытындысында 6-бағыт бойынша үміткер 31 ҮЕҰ-ның көбіне – 15-іне сыйлықақы тағайындалды.
Елдос СЕНБАЙ