Қазақстандағы ветеринария – сыннан көз ашпайтын саланың бірі. Маман жетіспеуі өз алдына, қорадағы малды аман сақтай алмай, үй құстарының қырылуына жол беріп жатқаны туралы жаңалық жылт еткелі көп бола қоймаған. Бұл саладағы күрмеуі шешілмеген көп мәселеге білікті де адал басшының болмауы деген бөлім қосылатын сыңайлы. Өйткені республикалық ветеринариялық зертхана басшысы ақша жымқырды деген күдікпен ұсталды. Ал өткен жылдың соңында зертхананың басшылық қызметіндегілер сыбайлас жемқорлық жасап, қамауға алынған еді.
Әлқисса, былтыр 3 желтоқсанда Ауылшаруашылық министрлігіне қарасты республикалық ветеринариялық зертханасының бұрынғы басшылығы пара алғаны үшін сотталды деген ақпарат тараған. Атап айтқанда, «Республикалық ветеринариялық зертхана» ШЖҚ РМК бас директорының міндетін атқарушы М.Итенов, оның орынбасары және зертхана меңгерушісі Г.Әділбаева, сондай-ақ осы РМК-ның тағамдық қауіпсіздігінің меңгерушісі Б.Алынязованың сыбайлас жемқорлық жасағаны белгілі болған. Алматы қаласы Жетісу ауданының №2 аудандық сотының үкімімен Итенов пен Әділбаева азаматты ветеринарлық зертханаға зертханашы ретінде жұмысқа орналастыру үшін 250 мың теңге көлемінде пара алғаны, сондай-ақ Итенов кәсіпкерлерге тиісті қорытындылар беруде қызметтік өкілетін теріс пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылып, әрқайсысына 10 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Осы үкіммен Алынязова да кінәлі деп танылып, сенімді асыра пайдалана отырып, мемлекетке мүліктік залал келтіргені үшін 757 мың теңге көлемінде айыппұл арқалаған. Аталған тұлғалар өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдар атқару құқығынан айырылған. Ал енді күні кеше, 14 қазанда РМК директоры Нұрлан Сбановты Қаржы мониторингі комитетінің экономикалық тергеу қызметі ұстаған. Ол жануарларға сараптама жүргізуге арналған шығын материалдарына бөлінген қаражатқа қол салды деген күдікке ілініп отыр. Экономикалық тергеу қызметінің дерегінше, біраз уақыттан бері «біртіндеп» желінген ақша 500 млн теңге шамасында. Кәсіпорын басшысы жеткізушілерді шертіп тұрып таңдайды екен. Бюджетті үнемдеуге мүмкіндігі бола тұра, бағаны бірнеше есе көтергендерді «қалап алған» деседі. Басшылық қызметке келместен бұрын Сбанов бас директордың өндірістік қызмет жөніндегі орынбасары болып істеген. Содан бері жегені желкеден шығып, жарты миллиардтан бір шыққанға ұқсайды. Нұрлан Бекбосынұлы былтыр қазанда республикалық ветеринариялық зертхана қызметінің бас директоры болып тағайындалған. Еңбек жолын осы зертханада экономика бөлімінің маманы ретінде бастаған. Білімі қызметі мен мамандығына сәйкес – ветеринария ғылымдарының кандидаты, доцент. Ал енді білігіне қатысты нақты баға беру қиын. Іске қатысты өзге еш дерек айтылмады. Бізге белгілісі – осы. Зертхана туралы ақпаратты ресми дереккөзден алмақшы болып, сайтына кірдік. Басты бетін аша қалсаңыз, бір топ адамның суреті тұр. Дәл ортада жарнамалық баннер орналастырылған. Ондағы жазу: «Есіңде болсын! Пара беру – бостандық пен болашаққа балта шабу» деген сөзбен мәндес орысша мәтін. Астында жемқорлық деректерін білетіндерге хабарласу ұсынылатын сенім телефоны беріліпті. Кездейсоқтық па, қайдам, осы баннер ортада тұрған Нұрлан Сбановтың бетін көлегейлеп тұрады екен. Жә, айтпағымыз бұл емес. Назарымызды аударғаны ветеринария саласындағы жемқорлықтың жыл санап өсіп келе жатқаны болып отыр.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аға тергеушісі Данияр Бегайдаров былтыр жемқорлық фактілері көбейіп кеткенде баспасөзге бірнеше мәлімдеме жасап, сандарды сөйлеткен. Қылмыстық тәжірибеден көріп отырғанымыздай, бұл саладағы жемқорлық 1,5 есе көбейген. Яғни, 2018 жылдың 8 айында 92 факті тіркелсе, 2019 жылдың 8 айындағы көрсеткіш – 139. Осы қылмыстық істер бойынша 71 адам күдікті деп танылды. 100 адамның ісі сотта қаралып, 22 тұлға айыпталған. Айтпақшы, Республикалық ветеринариялық зертхананың Алматыдағы филиалы директоры да істі болған. «Бұл жерде басты мәселе ретінде Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі мен электронды үкімет порталымен байланысқан «Е-Лицензия» мемлекеттік мәліметтер базасының интеграциясының болмауын айтуға болады. Яғни, азаматтар «Ветеринариялық құжат беру», «Ауыл шаруашылығы жануарларын идентификациясын жүргізіп, ветеринариялық құжат алу» сынды қызметтерді электронды форматта ала алмайды. Осының кесірінен бұл қызметті алушы мен шенеунік арасында тікелей байланыс орнайды. Мұның соңы жемқорлыққа апарып соғады. Әрі ветеринариялық құжаттар есебінің қатаң жүргізілмеуі кез келген адамның баспадан бланкты шығарып алып, қолдан жасауына жол береді. Заңнамада анықтамалардың заңды екенін бақылауға мүмкіндік беретін нормалар жоқ», – дейді Бегайдаров. «БҚО ветеринар дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсатировтың айтуынша, Қазақстанның ветеринариялық қызметіне жедел арада реформа қажет. «Сбановтың ұсталғаны кездейсоқтық емес, еліміздегі ветеринария қызметінің мүшкіл халінің бір көрінісі. Мұның бәрі Ауыл шаруашылығы министрі тарапынан бәрін бетімен кетіргенінен болып отыр. 2015 жылдың наурызында вице-министр Исаева ветеринарияны дамытуға алдағы 7 жылда 2 млрд еуро бөлінетінін айтқан. Артқа көз тастасақ, аса өзгеріс көріп отырған жоқпыз. Ауыл округтерінің 50 пайызында типтік ветеринариялық бөлімше жоқ. Ондағы ветеринарларға жағдай жасалмайды. Бұрын бөлінген автокөліктің тозығы жеткен. Ветеринарлар өз ақшасына жөндетуге мәжбүр. Әрі олардың мойнына малдарды идентификациялау және есеп жүргізу міндетін іліп қойған. Интернеттің жағдайы мәз емес. Пандемия мұны анық көрсетті. Ал ветеринарлар қанша жылдан бері төзіп келеді», – дейді маман.Осы ретте, сарапшы бұл мәселенің бес түрлі шешімін ұсынып отыр. Біріншіден, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің басшылығы мен командасын дұрыстап іріктеу қажет. Аймақтарда тәжірибелі маман жеткілікті. Екіншіден, комитет қызметкерлерін аймақтарға бекітіп, сол жақтарға жиі барып, қызметтің шынайы көрінісінен хабардар болатындай ету керек. Комитет басшылығына вице-министрлер тарапынан біліксіз басқару ісін болдырмау үшін еркіндік берген жөн. Төртіншіден, елдегі ветеринарлық істі ұйымдастыру мен басқарудың тиімді вертикалын жасау қажет. Соңғы ұсыныс – комитет жанынан пәрменді әрі нақты жұмыс істейтін коллегиялық ғылыми-техникалық кеңес құрған дұрыс болады. Байқасақ, басында айтқанымыздай, бұл салада былық көп. Одан әрмен былықтыра берсе, бүгінгі жағдаймен жылап көрісуіміз бек мүмкін. «Ата-бабамыз аттың құлағында ойнаған» деп мақтанып жүріп, астымыздағы ат біткеннен аурудың кесірінен айырылсақ, атымызға сын болмай ма? Қол астындағы қызметкері жемқорлықпен ұсталса, басшысы жауап беретін күн ветеринарияға да туа ма? Олай болса, бұл саладағы былық үшін кімнің «басы» кетуі керек? Сапархан Омаров саладағы олқылықтарға неге көз жұмып отыр?
Жадыра АҚҚАЙЫР