Жамбыл облысы Шу ауданында бір аптада үш бірдей шулы оқиға болды. Ең алдымен Батыс шағынауданында полиция қызметкерін бұзақылар соққының астына алып, тіпті қызметтік көлігін айдап кетсе, арада үш күн өтпей өкпе тұсынан жарақат алған жас жігіт қалалық ауруханада жан тәсілім етті. Енді өткен жұмада Тасөткел ауылының маңында тәртіп сақшылары бір-бірімен атысып, соңы адам қазасымен аяқталып отыр.
Жалпы, оқиға желісін баян етсек, Көліктегі Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері арнайы операция өткізіп, заңсыз есірткі айналымымен айналысты деген күдікпен аудандағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлерінің ізіне түскен. Күдіктілерді қолға түсіру кезінде олар берілуден түбегейлі бас тартып, із суытпақ болады. Басқарма қызметкерлері «Тойота Лэнд Крузер» автокөлігін тізгіндеген әріптестерін тоқтатпақ болғанда олар 32 жастағы полиция қызметкерін қағып өте шыққан. Мұндай ауыр соққыдан тәртіп сақшысының екі аяғы мен мойын сүйегі сынып, өзге де дене жарақатын алған. Бұйрыққа бағынбаған заң бұзушылардың артына түскен құқық қорғау органының қызметкерлері қару қолдануларына тура келіп, соңында бір күдікті оққа ұшса, екіншісі дене жарақатын алып отыр. Аталған арнайы операция кезінде ізін суытпақ болған автокөліктен 55 келі кептірілген марихуана табылды. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын сату, жөнелту немесе сату мақсатында заңсыз дайындау, өңдеу, алу, сақтау, тасымалдау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық іс аяқталып, күдіктілердің кінәсі дәлелденетін болса, олар 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар 345-баптың 2-бөлігі бойынша (көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы, денсаулығына зиян келтіруі) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі (билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді қаруды қолдану арқылы асыра пайдалану) бойынша тағы бір іс тергелуде. Бұл оқиғаға қатысты Жамбыл облыстық Полиция департаменті жақ ашпады. Ондағылар ақпаратты тек Ішкі істер министрлігі бере алатынын айтты. Ал аталған құрылымдық орган ресми сайтында «Шудағы арнайы операция барысында полицейлерге қару қолдануға тура келді» деген материалды шығарды. «ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаменті полиция қатарындағы қылмыстылықты түп-тамырымен жою бойынша жүйелі шаралар қабылдауды жалғастыруда. Бұл жолы назарға Көліктегі полиция департаменті Жамбыл облысы Шоқпар стансасындағы желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері ілінді. Жабайы қарасораны заңсыз егіп, жинау фактісі бойынша Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Тексеріс барысында қызмет бабындағы полицейлердің заңсыз есірткі затын жинап, сату үшін Кұмөзек жеріне баратыны туралы мәлімет түсті. Қылмыстың жолын кесу үшін Өзіндік қауіпсіздік басқармасы арнайы мақсаттағы бөлініс қызметкерлерімен бірлесіп, операция жүргізді. Күдіктілер мінген көлікті тоқтату үшін қызметкерлер Шу-Тараз автожолын жапты. Осы уақытта күдіктілер бой тасаламақ оймен, арнайы бөлініс қызметкерін қасақана қағып өтіп, оған ауыр дене жарақатын келтірді. Атыс қаруымен қаруланған автокөліктегі үш күдікті қатты жылдамдықпен қуғыншылардан сытылып кетпек болған. Полицейлер ескерту жасап, аспанға оқ атса да күдіктілерлер құлақ аспаған, бұдан соң көлік құралын тоқтату үшін қызметтік қару қолданылды. Үш адамның екеуі жарақат алып, нәтижесінде олардың біреуі медициналық мекемеде көз жұмды. Ал екіншісіне стационар жағдайында медициналық көмек көрсетілді. Үшінші күдікті Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 128-бабымен уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 297, 345, 362-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген министрліктің сайтында. Бір сөзбен айтқанда, барлығы тергеу амалдарына келіп тіреліп отыр. Ол дұрыс та шығар. Алайда айналдырған бір аптаның ішінде болған оқиғалардан қазір шулықтар шулап қалды. Полицейді соққыға жыққан алғашқы оқиғадан кейін Шу ауданында екі күндік «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, нәтижесінде облыстық Полиция департаменті 900-ге тарта құқықбұзушылықты анықтағандарын айтты. «Екі күнде 900-ге тарта заң бұзушылықты анықтадық» деген департаменттің мәліметі кімге жұбату болып тұрғаны түсініксіз. Егер Шу ауданында екі күнде осынша құқықбұзушылықтың беті ашылып жатса, бұл дегеніңіз масқара ғой. Демек, ауданда мүлде заңның үстемдігі жоқ немесе құқық қорғау органдары бұзақыларды бастарына шығарып алды деген сөз. Әй, бірақ тәртіп сақшыларының өзі есірткі тасып, бір-бірімен атысып жатса, бұл өкпеміз де бекер шығар.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы