Нұрсұлтан Назарбаев Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті. Бұл туралы Елбасының баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында Елбасы Владимир Зеленскийді Украинаның президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
– Украинаның жаңалықтарын күнделікті қадағалап отырамын. Мен үшін сіздің еліңіздің орны ерекше. Бұл кезінде Украинада екі жыл оқығаным үшін ғана емес. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Украина президенттерімен жақын таныс болдым, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сонымен бірге Нұрсұлтан Назарбаев Украинадағы оқиғаларға өз алаңдаушылығын білдірді.
Елбасы Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығысты бейбіт жолмен шешудің маңызын атап өтті.
– Сіз сайлауда халықтың үлкен сеніміне ие болдыңыз. Жоспарларыңызды жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндік бар, – деді Елбасы.
Өз кезегінде Владимир Зеленский Украинаның Қазақстанды кең ауқымды мәселелер бойынша әрдайым қолдағанын атап өтті.
Келіссөздер барысында В.Зеленский Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевпен Нью-Йорк қаласында кездескенін айта келе, Елбасыны Украинаға шақырды.
Сонымен қатар тараптар екі ел арасындағы сауда-саттықты арттырып, қатынастарды нығайту мәселелерін талқылады.