Алатаудың баурайында қоныс тепкен Алматы шаһарының табиғи сұлулығына нұқсан келтірмеу жағы үнемі назарда болған. Кеңес Одағы кезінде қаланың көркін ажарландыра түскен небір әсем ғимарат салынды. Жаңа нысандар көздеген мақсатқа сәйкес шаһар сұлулығымен біте қайнасып кетті. Алайда соңғы жылдары салынған ғимараттар елді ерекшелігімен таңдандырудың орнына қаланың тарихи қалпына нұқсан келтіріп жатыр деген ойға жетелейді.
Соның бірі – «Нұрлы тау» бизнес орталығы. Тұтасымен шынымен көмкерілген ғимаратты кәсіби сәулетшілердің өзі соншалықты жылы қабылдаған жоқ. Нарық сұранысына сай жаппай салынып жатқан сырт көрінісі бір-бірінен аумайтын тұрғын үй кешендері мен сауда-ойын сауық орталықтары да қаланың көркін аша түсті дей алмаймыз. Негізі, алып шаһарда әл-Фараби даңғылынан жоғары қарай биік ғимараттар салмау керегі бұрыннан айтылған. Бұл қала тынысын тарылтып, таза ауа ағымына кері әсер ететіні және қала көркін бұзатыны шегелеп тапсырылған. Әйтсе де, әне бір елең-алаң шақта осы талап ескерілмей, даңғылдың жоғары жағынан 5-6, тіпті 9-12 қабатты ғимараттар бой түзеп үлгерді. Осыдан біраз бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда Шымбұлақ тұрмақ, әл-Фараби даңғылынан жоғары қарай ешқандай биік ғимараттар салмау керегін тағы да қадап айтып, «Мұндай заңсыз құрылыстарды бульдозермен бұзыңдар! Мен рұқсат етемін!» деді. Сол кезде Алматы қаласының Бас жоспарына қатысты үлкен жиын өтіп, тау жаққа салынатын ғимараттардың биіктігін 12 метрден, енін 15 метрден асырмау туралы шешім қабылданды. Шаһардың климат жағдайына тау бөктерінен келетін жел қатты әсер етеді. Ол қаланың орталық бөлігін желдетіп, ауасын тазартып тұрады. Сондықтан қала ауасының қандай болатыны салынған құрылыстарға тікелей байланысты. Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде Алматы экологиясына қатысты сыннан көз ашпайтын болдық. Бұл жағдай тұрғындардың денсаулығына да айтарлықтай кері әсерін тигізіп, аллергиялық аурулардың асқынып тұрғаны рас. Алматы архитектурасының қарқынды дамуы қаланың 1929 жылы астана мәртебесін алған кезінен бастау алады. Қазіргі таңда шаһарда бірен-саран ағаш үйлер болмаса ғұмыры ғасырдан асқан ғимараттар аса көп емес. 1870 жылдары Верный басшылары қала сыртындағы жасыл желекті қиғызбай, экологияны сақтау үшін үй тұрғызуда ағаш пайдалануға рұқсат бермеген. Осылайша, үйлер қолдан жасалған сазды кірпіштен салына бастайды. 1887 және 1911 жылдарда болған жойқын жер сілкінісі кезінде сабан мен саздан тұрғызылған ғимарат пен баспаналар жермен-жексен болды. Өткен ғасыр басында Алматы қаласының сәулетшісі болған А.Зенков өз жазбаларында қала туралы: «Мен Верныйдың болашағына сенемін. Біздің қаламыз әдемі, көркем болуы үшін бірнеше қабатты үйлер мен ғимараттарды тастан, бетоннан және басқа да мықты құрылыс заттарымен салуға болады» деген. Расында да, бір кездері негізінен саз, сабан, ағаштан тұрғызылған үйлердің орнына бетоннан, басқа да мықты материалдардан үйлер тұрғызыла бастады. Әйтсе де, кейінгі кезде көңілге кірбің түсірер бір жайт – қаладағы тарихи нысандардың азайып бара жатқаны. Алматыға келген бір сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та бірқатар ғимараттардың сүрілуі жайлы айтып, қала әкімдігін сынға алған болатын. Ол: «Бұрынғы қала құрылысы кезінде Алматының орталығы жайлы біраз қате кеткен. Жергілікті алматылық ретінде айтарым, Абылай хан көшесіндегі тарихи ғимараттың орнында үлкен тұрғын үй салуға келісе алмаймын. Сонымен қатар Қабанбай батыр көшесіндегі қонақ үй жайлы да. Үлкен қонақ үй тұр. Барлығын жауып тастаған. «Алатау» кинотеатрының сүрілуі жайлы да сондай пікірдемін. Кинотеатр ғимаратын сүрудің не қажеті бар еді? Бұл алматылықтар үшін маңызды нысан еді. Сонымен қатар оған біршама уақыт пен күш-жігер жұмсалған. Алматыда мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Орталық аудандарда тығыз құрылысқа тыйым салынуы керек. Саябақ аймақтарын көбейту қажет. Бұл – қалалықтардың қызығушылығынан туған маңызды мәселе» деген еді. Тарихи және әсем ғимараттардың көз алдымызда сүріліп, орнына басқа нысандардың бой көтергеніне өзіміз де куә болып, қынжылып жүргеніміз бар. Сүрілген ғимараттарды тізбектей берсек, әрі қарай жалғасып кете беретіні өкінішті. Қалада Жетісу облысы генерал-губернаторының үйі орналасқан болатын. 1887 жылы болған зілзаланың салдарынан ғимарат тұтасымен қирап, араға жеті жыл салып кірпіштен Италия дождары сарайына ұқсайтын үшқабатты ғимарат салынған. 1894 жылы әйгілі сәулетші В.Брусенцов Тянь-Шань шыршасынан жер сілкінісіне төзімді бір қабатты ғимарат тұрғызды. Ғасырдан астам тарихы бар осы ғимарат та белгісіз жағдайда өреніп, 2004 жылы сүрілді. Уақыт өте келе оның орнына тұрғын үй кешені бой түзеді. Тарихы тереңде жатқан, талай таланттың бағын ашқан Пионерлер үйінің орнында қазір Rixos қонақ үйі салтанат құрған. Ал Алматының белгісіне айналған сағаты бар мұнара мен «Саяхат» автовокзалын айтсаңызшы. Қаланың қақ ортасындағы ғажайып ғимарат 2008 жылы сүріліп, орны содан бері қаңырап бос тұр. Бұл мекенді өткен ғасырды еске түсіретін жайма базар жайлаған. Бұл тізімді жалғастыра берсеңіз олардың қатарында «Октябрь» кинотеатры, ескі «Медеу» қонақ үйі, ескі әуежай және Алматы мақта-мата фабрикасын да атап өтуге болады. Қала көркі дегенде ауызға алынар тағы бір мәселе – ұлттық нақыштың, бояудың азайып бара жатқаны. Қатаң бақылауда болған өткен кезеңде тұрғын үйлер мен ғимараттардың балконы мен қасбетіне қазақтың ою-өрнегін жымын білдірмей пайдалана білген сол кездегі сәулетшілердің ұлтжандылығына қалай сүйсінбейсің?! Байқап қараған адам бұрынырақта салынған үйлердің сырт келбетінен нағыз ұлттық бояуды аңғарар еді. Таяуда өмірден өткен Сәулетшілер одағы президенті Ақмырза Рүстембеков те осы мәселені үнемі көтеріп жүрді. Бір сөзінде: «Кеңес заманында үлкен кесенелер, биік ғимараттар салар алдында жергілікті басшылар Сәулетшілер одағына келіп ақылдасатын. Қазір бұл жүйе жойылған. Сәулетшілермен ақылдасып отырған ешкім жоқ» деген болатын. Дамыған мемлекеттерде сәулет құрылысы мәселесіне ерекше мән беріледі. Барды бағалап, әрбір тасын ұқыптап ұстап, ұрпағына тапсырғанды жөн көреді. «Шет елдерде архитектуралық кеңістіктің қалыптасуына жергілікті халық атсалысып отырады. Германияның Берлин қаласында көбіне түріктер шоғырланған Кройцберг деген аудан бар. Сол ауданда қандай нысан салынса да, ол балалар алаңы, дәріхана немесе көпір болсын жергілікті халықпен ақылдасып барып, құрылыс жүргізіледі. Тіпті, дәмхана, мешіт, шайхана салынса да, тұрғындардың пікірі ескеріледі. Тұрғындар құрылыс жүргізілерде оған қандай материалдар қолдану керектігіне дейін араласып отырады. Осылайша, аудан тұрғындары өздерінің ойы мен дауысы жергілікті биліктің маңызды шешімдері кезінде ескерілетінін біледі. Неге бізге де осы жүйені қолға алмасқа? Сонда қалада ұлттық нақыш та, сапа да болар еді» деп Қазақстанның Құрметті сәулетшісі Гүлнар Әбдірасылова да өз ойын білдірген еді. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары қаланың көркін ашып тұрған көне ғимараттарға қайта жөндеу жұмыстары жүргізілгенде оның сырт келбетін бұрынғы қалпында сақтап қалу жағы да ескерілмей жүр. Оған мысал ретінде 1970 жылы бой көтерген Республика сарайын (бұрынғы Ленин атындағы сарай), 1967 жылы пайдалануға берілген Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын, қаланың қақ ортасында орналасып, 600-ден астам адам жұмыс істеген «Әсем» тұрмыс үйін (қазіргі «Мегатау» сауда кешені), Достық даңғылы бойындағы сәулетімен ерекшеленіп тұрған атақты «Үш алып» тұрғын үй кешенін айтсақ та жеткілікті. Мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков Кеңес Одағының қылышынан қаны тамып тұрған кездің өзінде әрбір тарихи нысанның қаз-қалпында сақталып, ұрпағымызға аманат ретінде табысталуы үшін жанын салған жоқ па еді?! Ал біз ай-күннің аманында небір әсем ғимараттарымыздан айырылып отырғанымыз қалай?!