Қазақстан Теннис федерациясы Нұр-Сұлтан қаласында жүлде қоры $275 мың болатын ATP 250 Astana Open кәсіпқой теннисшілер қауымдастығының әлемдегі ең беделді турнирлерінің бірін өткізеді. Турнир 2020 жылдың 26 қазаны мен 1 қараша аралығында өтеді және әлемдік рейтингтің бірінші жүздігінің 60-тан астам қатысушысының басын бір арнаға тоғыстырады.
Әлемнің ең мықты теннисшілері Ришар Гаске, Бенуа Пер, Адриан Маннарино, Джон Миллман бастаған серке спортшылар жарысқа тас-түйін дайын. Ал Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан Александр Бублик, Михаил Кукушкин және Дмитрий Попко кортқа шығып, байрақты бәсекеде ел намысын қорғайды.– Теннис федерациясының жұмысы АТР-дің жоғары бағасына ие болды. Оған Қазақстан астанасын турнир өтетін орын ретінде таңдау дәлел. Біз үшін бұл – үлкен сынақ, бірақ біз турнирдің ең жоғары деңгейде өтетініне сенімдіміз. Бұған барлық жағдай жасалған, – дейді Қазақстан Теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов.Жалпы, АТР 250 әлемдік турына жылына 40 кәсіби ерлер туры кіреді. Алайда осы маусымда пандемияға байланысты барлығы 17 тур өтті. Нұр-Сұлтандағы турнир маусымды қорытындылайды және теннисшілерге осы жылда соңғы рет АТР рейтингінде 250 ұпай алуға мүмкіндік сыйлайды. Турнирді өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздіктің жоғары шараларын ескере отырып, ойындар көрермендердің қатысуынсыз және қатаң хаттама аясында өтеді. Қазіргі кезде теннистен халықаралық турнирді өткізуге дайындық жұмыстары жалғасуда. Ұлттық теннис орталығында монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, корттарды дайындау да сәтті жүзеге асырылуда. Теннисшілер мен қатысушылар үшін 1 500 ПТР-тест қарастырылған. Қазақстан Теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский турнирге қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қолданылатыны туралы айтып берді. Оның сөзінше, Қазақстанға келетін барлық ойыншының ПТР-тесті теріс болуы тиіс. Қонақүйге келген соң олар тестті қайта тапсырып, нәтижелерін алғанға дейін бөлмелерінде болуы керек. ПТР-тесттің теріс нәтижесін алғаннан кейін ғана спортшылар турнирдің жабық, қауіпсіз кеңістігі форматына жіберіледі. Сонымен қатар Юрий Польский теннис орталығында жүргендердің барлығы тұрақты тестілеуден өтіп, оны төрт күн сайын қайталайтынын тілге тиек етті. Бұл барлық қатысушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Жарысты ұйымдастырушылардың бірі Дмитрий Савчук алдағы турнир туралы қызықты ақпаратпен бөлісті. Оның айтуынша, Astana Оpen үшін 7 мың теннис добы, 10 мың бөтелке су және 1 500-ге жуық сүлгілер пайдаланылады. Теледидар таратылымын ұйымдастырушылар кемінде 4 мың метр сым төсейді. Іс жүзінде турнирдің барлық қатысушыны анықталды – ең көп теннисші Франциядан келеді екен. Олардың ішінде Бенуа Пэр, Ришар Гаске, Адриан Маннарино және басқалары бар. Сондай-ақ Astana Оpen корттарына Испания, Сербия, Франция, Аустралия, Ұлыбритания, Португалия, АҚШ, Италия, Чехия, Молдова, Аргентина, Ресей, Босния және Герцеговина, Беларусь, Германия, ОАР, Финляндия, Жапония, Бельгия, Дания, Нидерланды, Уругвай, Хорватия, Бразилия, Үндістан, Эквадор және Монако теннисшілері шығады.
– Ойыншылардың демалыс бөлмелерінде біз теннисшілерге арналған бөлімдер мен жеке бокстар қоямыз. Мұның бәрі әлеуметтік байланыстардың санын шектеу үшін жасалады. Әр бокс үш адамға арналған. Сондай-ақ матчқа шығу секторындағы күту бөлмелеріне арнайы бөлімдер орнатылды. Басқаша айтқанда, теннис орталығының барлық логистикасы қауіпсіздік талаптарын ескере отырып құрылған, – дейді турнирдің техникалық директоры Дмитрий Савчук.Айтпақшы, қатаң ережелерге байланысты теннисшілер экскурсияға бара алмайды, мұражайларды аралап, қала бойынша серуендей алмайды. Теннис орталығының аумағында ойыншыларға арналған «Құланшы» заманауи өнер орталығы «Жусани ісі» экспозициясын ұйымдастырады. Барлық матч онлайн-трансляция режимінде көрсетiлетін болды. Халықаралық серіктес IMG компаниясы әлемнің барлық негізгі өңірінде трансляцияны жүзеге асырады, ал Қазақстан аумағында QAZSPORT арнасы эксклюзивті хабар таратады. Бұдан басқа, Ұлттық теннис орталығының аумағында виртуалды баспасөз орталығы жұмыс істейді. Бұл қазақстандық және халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының баспасөз конференцияларына, ойыншылармен эксклюзивті сұхбаттарға мүмкіндік береді.
– Коронавирус пандемиясы өмірдің барлық саласына әкелген қиындықтарға қарамастан, біз үлкен спорттың біртіндеп бұрынғы бағытына оралғанына өте қуаныштымыз. Qazsport телеарнасы, Қазақстан Теннис федерациясының стратегиялық ақпараттық серіктесі ретінде, қазақстандық және шетелдік теннисшілер матчтарының сапалы көрсетілуіне барлық күш-жігерін салады, – дейді АҚ РТРК «Қазақстан» QAZSPORT телеарнасының директоры Нағи Бақытбеков.«Тойдың боларынан боладысы қызық» демекші, Нұр-Cұлтан қаласында ATP 250 Astana Open турнирі өтетіні белгілі болған күннен бастап жарыс иелері қызу дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Бүгінде барлық іс-шара кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Қазақстандық спорт жанкүйерлері де турнидің басталуын тағатсыздана күтіп жүр. Бір аптаға жетер-жетпес уақыт қалды. Алда тартысқа толы бірнеше кездесу бар. Ең бастысы, әлем елдері көз тіккен дүбірлі доданы абыроймен өткізсек, турнирде ел теннисшілерінің мерейі үстем болса, біз үшін айтулы жеңіс сол болмақ.