Шымкент – еліміздегі республикалық маңызы бар үшінші қала. Яғни, үшінші мегаполис. 2018 жылдың 19 маусымына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып келді. Оның сәл алдында-ақ Шымкент ірі агломерацияға айналып, миллион тұрғыны бар қала атанған. Бүгінде қала агломерациясының аумағы 1573,5 мың гектарға жеткен. Жалпы Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда тұрғындары жөнінен Алматы қаласынан кейінгі екінші орында. Болжам бойынша 2020 жылға қарай Шымкент агломерациясы халқының саны 185 093 адамға немесе 10,3 пайызға артып, 1 986 087 адамды құрайды деп күтілуде. Осыған орай, 2017 жылы қала ішіндегі кедергілерді азайтып, кішігірім қалалардың қарқынды дамуы үшін Шымкент агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы әзірленген болатын.
Сонымен, республикалық маңызға ие шаһардың облыстан бөлініп шыққанына да тура 1 жыл 4 ай болыпты. Бірақ енші алған баланың көпке дейін аяққа тұрып кетуі қиын болатынындай, Шымкент қаласында да әлі күнге дейін жұмыс толық жүйелене қойған жоқ. Әсіресе, бір кездері мегаполис болдық деп бөркін аспанға атқан қала шетіндегі тұрғындардың халі әлі мүшкіл. Мегаполисті «Лас Вегастан» да әдемі қыламын деп жанталасқан бұрынғы әкім Ғабидолла Әбдірахымов бар күшті орталыққа салды ма, қала шетіндегі ауылдар қала статусының жұрнағын да көрмей, өгей баланың күйін кешіп отыр. Су жоқ, газ жоқ, жарық жоқ... Осылай жалғаса береді.
Өгей баланың күйін кешпей ше, бір кездері қалаға жақын маңдағы Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарының аумағына кірген бірнеше ауыл агломерация кезінде Шымкент қаласына қосылып кетті. Аудан орталықтарынан шалғайырақ болса да ауыл статусымен өздеріне лайықты жолдары, жылуы, жарығы бар еді. Тіпті, аудан әкімдіктерінің жоспарына сай әне-міне инфрақұрылымдары дамудың сәл-ақ алдында еді. Енді міне, қаланың территориясында демесеңіз, инфрақұрылымы өте нашар күйде отыр. Әкімдік әзірге онда мойын бұрар емес.
Инфрақұрылымнан жұрдай елді мекендер қатарына қаладан шалғай орналасқан Солтүстік саяжай шағынауданы кіреді. Елді мекен тұрғындары жол азабы мен қоғамдық көлікті былай қойғанда ауыз судың да, табиғи газ бен жарықтың да рахатын көрмей отыр. Шағынауданның табиғи газ құбыры мен электр энергиясының сымын жекеменшік компания қойған. Сондықтан оның төлемақысы өте қымбат, оған тұрғындардың қалтасы көтермейді. Әрі қызметі сапасыз. Ауызсу мәселесі де мәз емес. Апта сайын әр отбасыға 300 литр су жеткізіледі. Көп тұрған судың қандай болып кететіні айтпаса да түсінікті. Ал ілуде бір көрінетін қоғамдық көлік ауылдың шетінен қайтып кетеді. Аталған мәселелер жандарына батқан бір топ ауыл тұрғыны қала әкімдігіне де келген. Қала әкімінің орынбасары Н.Ергешбек шағынаудандарға инфрақұрылым жұмыстары үшін қаржы бөлу қарастырылуда деп шығарып салған-ды. Содан бері ауыл тұрғындары әкімдік жаққа мойын созумен келеді.
Ал, «Таскен» шағынауданындағы 3 көшенің тұрғындары 13 жылдан бері жарыққа жарымай келеді. Жергілікті халық жекенің меншігіндегі электр қуатына тәуелді. Жарықты кейбір тұрғындар өз күшімен тартып алғандықтан электр қуаты төмен, тариф жоғары. Ауыл тұрғындары сапасыз сымның салдарынан теледидар мен тоңазытқыштың жиі істен шығатынын айтып шағымданады. Кедір-бұдыр жолдар да ауыл жұртшылығын шаршатқан. «Асар-2» шағынауданында да ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – осы сапалы ауызсу, табиғи газ, электр жарығы. «Қаланың іргесінде тұрып ауызсуға жарымай, қоғамдық көлікке жете алмай, батпақтан шыға алмай жүрміз» дейді ауыл тұрғындары.
Өркениеттен кенже қалған ауыл тұрғындарының қатарына Сайрам және Исфиджаб тұрғын алабы да кіреді. Қаладан шалғай жатқан бұл елді мекендердің мәселесі бір. Қарашаның сұрайтыны – ауызсу мен сапалы электр жарығы. Абай ауданына қарасты «Жаңаталап», «Игілік» тұрғын алаптарының инфрақұрылым жүйелері де көңіл көншітпейді. Ауылдықтар жоғарыдағы мәселелермен қатар қоғамдық көлікке де жарымай отыр.
«Базарқақпа», «Қарабастау» тұрғын алабы мен «Көксай-2» және «Көксай-3» шағынаудандарында мәселе жетерлік. Несін айта береміз, жалпы, бүгінде Түркістан облысынан қала аумағына қосылған 41 елді мекен бар. Олардың көбінде әлі күнге дейін ауызсу, жарық, көгілдір отын мен тіпті қатынас үшін көше-жолдар жоқ десек те болады. Тіпті, кезінде құжатсыз үй салып алған жеке тұрғын үйлердің құжаттарын заңдастыру шаралары өзінше бір тақырып десе де болады.
Айта кетейік, қала әкімінің виртуалды сұрақтар парақшасына да шаһар тұрғындарынан осы тектес сауалдар көптеп жолданады. 300 мыңға жуық халқы бар Абай ауданының өзінде мәселе шаш етектен. Ауданға қарайтын үш шағын ауданда ауызсу жоқ. Жеті елді мекенге газ тартылмаған. 2 мың 750 тұрғын үйдің 340-қа жуығы жекеменшік компаниялар ұсынған жарықты өз күшімен тартып алған.
Шымкент қаласының әкімі Е.Айтаханов өзінің мегаполистегі алғашқы жұмыс күндерін осынау шағын ауылдардың жағдайымен танысудан бастаған. Тұрғындарды толғандырған мәселеге құлақ түріп, негізгі жұмыс халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталатынын айтып, көтерілген мәселелерді рет-ретімен шешу міндеті тұрғанын жеткізіп кеткен болатын. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясының съезінде Үкіметке ауылдық жерлерге тұрғын үй, жол салып, коммуникация тарту қажеттігін тапсырған болатын. Осы жұмыстардың барлығын мегаполиске қосылған аудандарда да жүргізуіміз қажет. Көп жылдардан бері қордаланып келе жатқан коммуналдық мәселелерді рет-ретімен шешетін боламыз» деп уәде берген халықтың алдында. Сөйтіп елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту бойынша іс-шара жоспарын бекітуді тапсырған сала басшыларына. Арнайы әлеуметтік карта да әзірледі.
Президент тапсырмасына сай қаланың шеткі аумақтарындағы шағынаудандар мен тұрғын алаптарды дамытудың кешенді іс-шаралары жасалуы қажет. Осы бағытта шаһар басшысы қала бюджетін нақтылау жиынында келер жылы әрбір аудан әкімдігіне 1 млрд теңгеден қаржы бөлінетінін айтты. Аталған қаржы шалғай жатқан елді мекендердің инфрақұрылымына бағытталуы тиісін, аудан әкімдері бюджет қаражатына иек артпай, жеке инвесторлар тарту бағытында жүйелі жұмыстар атқаруы қажеттігін де тапсырған.
Сонымен көрінген таудың алыстығы жоқ, келер жылға да бар-жоғы 2 ай қалды. «Қалада тұрамыз» деп қомпиып жүрген қаланың шеткі аймақтарындағы тұрғындарының жарыққа шығар күні жақындап қалды деп сендірейік.
Одан бөлек, келер жылы Шымкент қаласы ТМД елдерінің мәдени астанасы болатынын да естен шығармаған жөн...
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы