Өңір дамуы – ортақ игілік
Өңір дамуы – ортақ игілік
122
оқылды

Елбасы тапсырмасымен биыл «Қызылорда облысын әлеумет­тік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары» қабылданды. Өңір экономикасы үшін маңызды құжат негізінде аймақта ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бү­гін­­де Қызылорда облысы ин­вес­­тиция тарту, құрылыс жұмыс­тарының көлемі және тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша жоға­ры көрсеткіштерге қол жеткізе отырып, Қазақстан­ның қарқынды дамып келе жатқан бес өңірінің қатарына кірді.

Осы құжат Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленіп, 6 маусымда Үкімет қаулысымен бекітілді. Кешенді жоспар бойынша 119 іс-шараның жүзеге асырылуы өңір үшін маңызды. Себебі бұл жоспарды іске асыру нәтижесінде, жалпыөңірлік өнімнің көлемін 2 триллион теңгеге жеткізіп, 10 мың жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Осының аясында 2020 жылдан бастап «Оңтүстік – Торғай», «Сырдария», «Шу – Сарысу» ойпаттарында жаңа кен орын­да­рын іздеу жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ «Қызылорда қаласының жылу-электр орта­лы­ғын кеңейту және қайта жаңарту» жобасы іске аспақ. Мұнан бөлек Солтүстік Аралдағы «Көксу» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келті­ру, «Қызы­лор­да» су торабын кешенді жөн­деу жобасы, Күміскеткен мен Қараөзек су қоймаларының құрылысы қарастырыл­ған.

Сонымен қатар облыс әкімдігі мен «KZAT» корей компаниясы арасында «Қызылорда облысында емдік қасиеті бар қызанақ егу» бойынша құны 100 млн АҚШ долларын құрайтын меморандумға қол қойылған. Оған қоса, биылғы жылдың мамыр айында облыстық делегация Қытай Халық Республикасының Бейжің, Шан­хай, Циндао, Чжэн-Чжоу, Нанкин қалала­рын­да іссапармен болды. Форум барысын­да делегация мүшелері Циндао қаласы мэрінің орынбасары Ян Цзин Зюнмен және «Қытай – ШЫҰ» аймақтық сауда экономикалық ынтымақтастығы пилоттық зонасы» басшылығымен, Чжэн-Чжоу қаласы­ның вице-мэрі Ван Чжен Фэнмен жолығып, Қытай халықаралық сауда министр­лігімен, Хайнян комитетінің басшылығымен, Цзян Су провинциясы /Нанкин қаласы/ губернаторының орынбасары То Юань Цяньмен және аймақтың бизнес өкілдерімен кездесіп, облыстың инвестицияға қажетті жобалары таныстырылған. Соның нәтижесінде, қытайлық тарап аймақта шығарылатын әктас өніміне, ауылшаруашылық өніміне, соя өсіруге қызығушылық танытқан.

Оның үстіне өңірде 2025 жылға дейін республикада қарапайым заттар импортын 37 пайызға азайтуды көздейтін «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаны нәтижелі жүзеге асыру мақсатында, тіпті, Үкімет қаулысы қабылданып, өнеркәсіп өнімін шығаратын кәсіпорындарға жеңілдеткен шартпен 600 млрд теңге бөлініп, қаржыландыру бастал­ды. Жалпы құны 8,6 млрд теңге құрайтын 82 жобамен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде 1,8 млрд теңгені құрайтын 13 жоба мақұлданды. Ал 2,9 млрд теңгені құрай­тын 24 жобаның өтінімі – банктер қарауында.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық көрсеткіші бойынша өнеркәсіп көлемін қоспағанда, оң дина­мика қалыптасуда. Бұл туралы облыс әкімі Қ.Ысқақов мәлімдеген. Өнеркәсіпті өңдеу саласында 8 айда 82 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Көрсеткішке химия саласын­да­ғы өнім көлемінің 3,5 пайызға, метал­лур­­гия өнеркәсібі көлемінің 13,5 пайызға, мұ­най өнімдерін өңдеу көлемінің 12,9 па­­йыз­ға төмендеуіне әсер етті. Деген­мен өңдеу өнеркәсібінің бірқатар сала­ларында өсім байқалуда. Биылғы жылдың 8 айында 3,8 млн тонна мұнай өндіріліп, өткен жыл­дың осы кезеңімен салыстыр­ғанда, 11,5 пайызға кеміді. Кем­ші­ліктің ор­нын толты­ру­да экономика­ны әртарап­тан­дыру бағы­ты­­мен индустрия­лан­дыру бағдарлама­сын жалғастыруда.

Өңірде өңдеу өнеркәсібі саласында құны 289 млн теңгені құрайтын 5 кәсіпорын іске қосылып, 53 жұмыс орны ашылды. Экономикаға тартылған инвестиция екі есе, құрылыс екі жарым есе, тұрғын үйді пай­­далануға беру 21,6 пайызға, ауыл шар­уа­­шылығын 2,3 пайызға арттырды. Сегіз айдың қорытындысында өңірге тар­тыл­ған жалпы инвестиция көлемі 233,4 млрд теңгені құрады.

Президент Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін өңірге республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге бө­лінді. Бұл қаржыға Жосалы, Жалағаш кент­терінде 21 жобаны іске асыру ұйғарыл­ды. Келер жылы жоба аясында 4 елді ме­кен­де 7,6 млрд теңгеге 57 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Сондай-ақ келер жылдан бастап елді мекендерді дамытуға көп қаржы тарту көзделіп отыр. Сонымен қоса 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы 3,4 млрд теңге көлемінде жергілікті бюджетке беру жос­пар­­ланған және өңірді дамытуға және халық­тың мұқтаждығына көбірек қаржы бөлінуі мүмкін. Себебі ша­ғын кәсіпті дамыту арқылы түскен салық төлемінің көр­сеткіші қала, аудан әкімдері­нің жұмы­сын бағалауға тікелей әсерін тигізбек.

Жолдауда көрсетілген өзекті мәселе – тұрғын үй. Бұл мақсатта облыста қарқынды жұмыстар атқарылуда. «Нұрлы жер» тұр­ғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарла­ма­сы ая­сында 1 997 пәтерді құрайтын 46 үй са­лын­ды. Облыста барлығы 720,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспар­лан­­ған. Республикалық бюджеттен көпба­ла­лы, аз қамтылған отбасылар үшін сатып алу құқысыз жалға беретін тұрғын үй құрылысына жаңа дайын пәтерді сатып алуға қосымша 3,6 млрд теңге қаржы бө­лінген. Жыл соңында 431 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз ететін болады.

 

Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы