Құс еті қымбаттаса, «қызылсырағанның» көкесін көреміз
Құс еті қымбаттаса, «қызылсырағанның» көкесін көреміз
5,301
оқылды

Қазақта «Тауықтың тү­сі­не тары кіреді» деген мә­тел бар. Тек тары емес, биыл «үй құсының» түсіне бә­­рі кіретін секілді. Себеп – атал­­ған са­лаға беріліп кел­­ген субси­дияның азаюы. Он­­дай жағ­дай­да еліміздегі құс фабри­каларының өнді­ріс көлемі азайып, құс етінің құ­­ны көтерілуі әбден мүм­кін.

Қазақстанның агроөнер­кә­сібіне ортақ мәселе субсидиясыз, мемлекеттің қолдауынсыз өнім­нің өзіндік құнын азайту әлі де қиынға түсетіні анық. Мал ша­руашылығындағы жемшөп мәселесі құс фабрикаларына да тікелей қатысты. Жемшөп қо­рын құру неше жылдан бері ше­шілген жоқ. Субсидия қар­жы­сына қол жеткізе алмағандықтан, Алматы облысы мен Ақмола об­лы­сының және Шығыс Қа­зақстан облысындағы құс фа­б­ри­калары өндіріс көлемін азай­туға мәжбүр болып отыр. Ал бұл өңірлер, әсіресе, Алматы об­лы­сы республикадағы құс етінің жар­ты­сын өндіретін аймақ екенін ескерсек, биыл ет бағасы қалтаға бұрынғыдан көбірек салмақ салатындай.

Қазақстанның құс өсірушілер одағы мамандарының айтуынша, құс шаруашылығының болаша­ғын субсидиясыз елестету әзірге мүмкін емес. Өйткені тауық пен қаз-үйректің жеміне қажетті қоспалар, дәрумендер, дәрі-дәр­мек түгел сырттан әкелінеді. Өзімізде өндірілетіні тек астық дақылы. Оның өзінің түсімі биылғы ауа райына байланысты төмен болғаны белгілі. Құс ша­руа­шылығы фабрикалары керекті жемнің бір тоннасын бұрын 120 мың теңгеден алып келсе, қазір құны 200 мыңға шығып отыр. Оған да сылтау дайын. Жем құ­рамына кіретін арпа-бидайдан бөлек, қоспа жемге керек соя, өсімдік майы, т.б дақылдар да қымбаттаған.

Тауықтың асылтұқымды ет беретін тұқымын да шетелден сатып аламыз. Кеңес кезіндегі қазақ жеріне жерсінген қатал климат жағдайына қарамастан, күн сайын жұмыртқа туатын «Алатау», «Медеу» атты тұқымдар жойылып кетті. Амал жоқ, өнімді көп беретін шетелдік тұқымға тәуелдіміз. Айта кететін жайт, асылтұқымды мал секілді ондай бағалы тауық түрі де күй талғап, күтімді қажет етеді. Үйренген қоспа жеміне тоймаса, дәрумені жетпесе, жетіліп өсіп, ет те, жұ­мыртқа да бере қоймайтыны тағы бар. Осыған дейін салаға қажетті шығындарды мемлекет бөлінетін субсидия қаржысы жауып келген. Енді ол қаражатты тоқтатса, өнімнің өзіндік құны көтерілмек. Ондай жағдайда тауық етінің бағасы жылқыға жетпесе де, сиыр мен қой етіне теңесіп қалуы ғажап емес.

Байқасаңыз, қазіргі күні үл­кен қалалардағы дәмхана, мейрам­ханалар болмаса, қоғам­дық тамақтану орындары мен асханалар желісінен төрт түліктің етінен әзірленген тағам түрін сирек кездестіресіз. Болса да, басқа тамақтан бағасы қымбат. Көбіне жейтініміз тауық еті. Өйткені осы күнге дейін құс еті­нің құны мал етінен едәуір арзан болды.

Жасыратыны жоқ, осы уа­қытқа дейін құс шаруашылығы өндірісі – мемлекет қолдауымен өсіп келе жатқан сала. Соңғы жылдары тауық саны көбейіп, еті мен жұмыртқасы ішкі қажет­тілікті жаба бастаған. Қазір отан­дық өндірушілер халықтың құс етіне деген сұранысын 55-60% көлемінде жауып отыр, қалған 40-45% сырттан әкелінеді. Елімізде жылына жан басына шақ­қанда 22-23 келі тауық еті өндіріледі. Статистика ко­митетінің дерегіне сүйенсек, 2019 жылдың 1 қыр­күйегінде құс саны 47,2 млн басқа жеткен. Биылғы сегіз ай ішінде 142 мың тонна ет нарыққа шығарылыпты. Бұл – жақсы көрсеткіш.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лігінің жоспары бойынша 2021 жылы Қазақстан 300 мың тонна құс етін өндірсе, ішкі нарық толығымен қамтамасыз етілмек. Ал 2025 жылы өнім көлемі 600 мың тоннаға жетсе, тауық еті арқылы да әлемдік нарықтың есігін қағатын уақыт жақын. Сол секілді жұмыртқа қазіргі 5 млрд данадан 7,5 млрд данаға жетуі тиіс. Алушы да алыста емес. Іргеміздегі екі бірдей халқы көп мемлекеттер Ресей мен Қытай әлем бойынша жұмыртқаны көп жейтін елдердің қатарында тұр. Негізі, тағамтану мамандары бекіткен норма бойынша, әр адам жылына 230-240 дана жұмыртқа жеуі керек. Ресейде бұл көрсеткіш 260 болса, Қытайда жан басына шаққанда жылына 300 дана жұмыртқадан айналып отыр. Демек, сұраныс бүгін болмаса да, ертең түсері анық. Бірақ бұл әзірге қағаздағы жоспар. Атал­ған көлемге жету үшін бірта­лай жұмыс істелуі керек. Ол – асыл­тұқымды құс түрлері, шаруа­шылыққа ке­рек заманауи жаб­дық­тар, жем­ге қосатын дәрумендер, меди­­­ка­­менттер. Мұның бар­­лы­ғы сырт­тан әкелінеді. Он­сыз әлемдік нарықты былай қой­­ғанда, одақтас Ресей мен Беларусь­тің шаруашылығымен бәсеке­лес бола алмаймыз.