Бастапқыда электронды темекілер шылым шегуді тастауға немесе адамдар үшін зиянды әдеттің залалын төмендетуге көмектесетін құрал ретінде ұсынылған. Алайда соңғы жылдары олар мектеп оқушылары мен жастар арасында да танымалдыққа ие болды. Ғалымдардың бақылауынша, электронды темекілерді пайдаланатын жастар кейіннен қарапайым темекілерді де жиі шеге бастайды екен.
Кәсіпкер Ринат Шаймирзаев электронды темекіге қажетті түрлі дәмі бар сұйықтықты сатумен 3 жылдан бері айналысып келеді. «Тұтынушы көп, сауда да қызып тұр» дейді ол. Шылым шегуден бас тартқысы келетін адамның таңдау құқығын шектеуге болмайтынын да айтып қалды кәсіпкер бір сөзінде.
Электронды темекінің бағасы орта есеппен алғанда 20 мыңнан басталады. Табактарының өзі – 500, 1 000, 2 000 теңге аралығында. Бірақ бағасының қымбатына қарамастан, сұраныс тым жоғары. Қоғамдық ортада, үйде, мейрамханаларда темекінің осы түріне шектеу қойылмаған. Яғни, «вейперлер» көпшілік арасында емін-еркін электронды темекі түтінін будақтатып отыра алады.
Бұған дейін шылым өндіруші компаниялар мен бертін келе шыққан электронды темекі өндіруші кәсіпкерлер арасында бірнеше рет дау-дамай болған. Себебі сәнге айналған вейптің кесірінен темекіге деген сұраныс әлдеқайда төмендеп кеткен. Компаниялар тұтынушылар үшін ғана таласып жатқан жоқ. Әңгіме электронды темекі шығаратын компаниялар оны «темекі өнімі» ретінде бекіткісі келетінінде.
Жыл басынан бері көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқықбұзушылық үшін 43 277 азаматты әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде қоғамдық орындарда темекі тартқаны үшін 2 981 адам жауапқа тартылған. Аталған тауардың таралымын заң аясында реттеу керек деп есептейді депутаттар. Ал Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов заңнамалық тұрғыда электронды шылымды дәстүрлі темекілерге теңестіру қажет екенін елордада өткен Онкологияға қарсы көшбасшылардың Дүниежүзілік саммитінде айтты.
– Бұл мәселені құқықтық база аясында шешу үшін заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, электронды темекілерді, вейпингтерді дәстүрлі темекілерге теңестіру керек. Бізде дәстүрлі темекіге деген талап қатал. Мейрамханада, қоғамдық орындарда темекі шегуге болмайды. Алайда бұл жерде мәселе заңнамалық түрде реттелмеген жаңа өнімдерде болып тұр. Күні ертең мен Парламентте заңнамаға енгізілетін жаңа өзгерістерді таныстырамын. Ол бойынша жоғарыда аталған өнімдер қатаң реттелетін болады, – деді ол.
Бүгінгі таңда ғалымдар Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп, электрондық темекілердің адам денсаулығына тигізетін залалын зерттеп жатыр. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының сарапшысы Дуглас Бетчер, «Антитабак» одағының төрағасы Кирилл Данишевский, Голландия еліндегі «Темекіні тұтыну орталығының» директоры Лиз Ван Грип сынды мамандар темекінің бұл түріне жоламауға кеңес береді. Біздегі Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы да қазақстандықтарға электронды темекіден бас тарту керегін айтып дабыл қағуда.
Вейптерден шығатын буды қауіпсіз деп санауға болмайды. Оның құрамында канцерогендермен бірге ағзаны улайтын әлеуетті зиянды қосындылар мен уытты қоспалар бар, сондай-ақ металл іздері немесе қыздырғыш элементтің не темекі құрылғысының басқа бөлігінің белгілері бар. Формальдегид секілді қауіпті заттардың мөлшері электронды темекі түтінінде жүз есе көп болып шықты. Демек, оның басым бөлігі адам ағзасында сақталатыны анық. Бұдан басқа, девайстар жарылып, адамды жарақаттауы мүмкін. Бірақ әзірге мұндай оқиға елімізде тіркелген жоқ. Дегенмен АҚШ-та болған оқыс оқиғаны көпшілік жарыса айтып жүр. 17 жастағы жігіттің анасы баласына темекіні қойғызу үшін электронды шылым сатып алып берген. Бірақ электронды темекі жігіттің қолында жарылып, жағы мен тісін сындырған. Бұл алғашқы жағдай емес. 2016-2018 жылдар аралығында, яғни айналдырған 2 жыл ішінде АҚШ-та электронды темекінің 2 035 жарылу дерегі тіркеліпті.
Қазан айының басында АҚШ-та 18 адам электронды темекінің құрбаны болғаны туралы жаңалық БАҚ-та тараған болатын. Онда электронды темекіден тыныс алу жүйесі нашарлаған 500 адам ауруханаға жатқаны айтылды. Осы жағдайлардан соң электронды темекі өндіретін АҚШ-тың Калифорния штатындағы ірі компаниясы басшысы қызметінен өз еркімен кетті. Осы жағдайға байланысты Қытайдың Alibaba компаниясы АҚШ-қа дайын электронды темекі сатуды доғаратыны туралы мәлімдеді. Қазір электронды темекіні сататын 500-ден аса бренд пен оған арналған 7 000-нан аса сұйықтық бар. Олар түрлі әдіспен жасалады және құрамы да әртүрлі.
АҚШ-тағы эпидемияға байланысты ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы қазақстандықтарды вейпингтен бас тартуға шақырып отыр.
– АҚШ-та электронды темекілерді шеккен адам өлімінің бесінші жағдайы тіркелді. Сол себепті АҚШ Денсаулық сақтау министрлігі электронды темекіден пайда болатын белгісіз ауруға байланысты адамдарды одан бас тартуға шақыруда. Бүгінгі таңда вейпингпен байланысты тыныс алу жүйесі нашарлаған 500 адам ауруханаға жатқызылды. Айрықша таралған ауру белгілері ретінде жөтел, кеуденің ауырсынуы, ауаның жетіспеуі, қалтырау, бас ауруы, естен танып қалу, диарея, анорексия, салмақ жоғалту жайттары тіркелді. Бронхоскопия бізге аурудың жұқпалы емес екенін анықтауға мүмкіндік берді. Рентгенограмма өкпенің астыңғы бөлігінің күңгірттенгенін, компьютерлік томография өкпе альвеолары үлпілделігінің төмендегенін көрсетті, – делінген аталған мәліметте.
Медицина ғылымдарының профессоры Алмаз Шарман темекі тастағысы келетін адамдарға никотинді алуға болатын басқа да әдістерді қолданып көруді ұсынды. «Мұндай өнімдерге: пластырь, арнайы сағыздар, ингаляторлар және мұрынға арналған спрейлер жатады» дейді ол. Бұл өнімдер темекіге әуестенгеннен гөрі жақсырақ және электронды темекіге қарағанда, егжей-тегжейлі зерттелгенін айтты білікті маман.
Өкініштісі, Қазақстанда он жыл бойы темекі бұйымдарының маркетингі жеткілікті деңгейде жасалды және спорт, кино, музыка, интернет және әлеуметтік желілер сияқты барлық салаға еркін еніп кетті. Көптеген жаңа темекіні қыздыру құралдарын сататын бутиктер жастар мен жасөспірім көп жиналатын сауда орталықтарында орналасқан. Сондықтан бұл жұмыспен тек Денсаулық сақтау министрлігі ғана емес, бүкіл ел болып күресуіміз керек.
Қазіргі кезде Қазақстанда электронды темекіге қарсы жұмыс жүргізіліп, шара қолданылып жатыр. Осыған орай, еліміздегі Денсаулық сақтау министрлігі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекс жобасын әзірледі. Аталған жобада электронды темекіге де, қарапайым темекіге де қойылатын талап бірдей. Өйткені екеуінен де келіп-кетер зиян көп.
Түйін
Темекі тартудың адамның денсаулығына қаншалықты залалы бар екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ тұтынады. Біз темекі зиян деген сөзді жиі айтамыз. Бірақ шегеміз. Темекі тартып, денсаулығын құртып, өмірін қысқартып, қалтасына салмақ түсіріп жатқан жандарға қарап-ақ темекіге тәуелділіктің қаншалықты қатерлі екенін бағамдайсың. Алла Тағала Құранда: «Өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер» дейді. Яғни, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін заттарды пайдаланудың дұрыс емес екенін осы аяттан-ақ ұғуға болады. Ал біз бәрібір зиянды заттарға әуеспіз... Адам ағзасына еш қажеті жоқ, залалды нәрсеге несіне құмар болады екенбіз?