Еліміздің бірқатар өңірінде жемқорлық қылмысын жасаған ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты сот үкімі шықты деп жазады "Қазақпарат".
Осы жылдың 17 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданының № 2 аудандық сотының үкімімен қалалық ПД жол-патруль қызметінің инспекторы, полиция капитаны К.Н. Досханов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол ЖШС өкілін алдап, ақшасын иелену арқылы бұрын келісілген 4 мың доллардың 390 мың теңгесін иемденген.
Сол секілді бұрын ұсталған Өзбекстан Республикасының 19 азаматын босатқаны үшін көші-қон қызметінің лауазымды тұлғаларына ақша берді деген күдікке ілінген болатын. 21 қазанда осы соттың үкімімен қалалық ПД арнайы баталонының инспекторы, полиция лейтенанты Д.С.Салкимбаев сотталды. Ол әлдебір азаматтан әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 100 мың теңге көлемінде пара алған. Оған параның 30 есе мөлшерінде айыппұл салынды.
Осы күні Бурабай аудандық соты осындай қылмыс жасағаны үшін (қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны үшін 70 мың теңге пара алған) Ақмола облысы ПД аудандық полиция бөлімі жедел-криминалистика бөлімшесінің жедел уәкілі, полиция капитаны А.Б.Тен 4 млн 900 мың теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жазаға тартылды. Петропавл қалалық соты әкімшілік жауапкершілікке тартылмағаны үшін жүргізушілерден бірнеше рет пара алған қалалық ПБ батальон полицейлері, аға сержант П.В. Кузьминых және полиция кіші сержанты Т.Е. Хисамутдиновты кінәлі деп таныды. Олардың әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Жоғарыда аталған полиция қызметкерлері мемлекеттік қызметте лауазымды қызметпен айналысу және арнайы атақ-шен алу құқығынан өмір бойына айырылды.