Жалдамалы пәтерден мәйіті табылған 20 жастағы бойжеткенге қатысты тың дерек шықты
Жалдамалы пәтерден мәйіті табылған 20 жастағы бойжеткенге қатысты тың дерек шықты
247
оқылды

Еуразия бірінші арнасының хабарлауынша, пәтер иесі марқұмның денесін тек екі тәуліктен кейін ғана көрген.

Себебі, баспананы жалға алған жігіт есікті сыртынан құлыптап, өзі қашып кеткен. Бойжеткеннің мәйіті Шымкеттегі 18-ықшамаудандағы «Атамекен» тұрғын үй кешенінен табылған. Оқиға орнына барған полицейлер марқұмның Түркістан облысының тұрғыны екенін анықтаған.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов: «Мәйітті қарау барысында мойын тұсында қылқындыру белгілері анықталып, сот-дәрігерлік сараптама қорытындысымен қылқындырудың нәтижесінде қайтыс болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдіктіге бұлтартпау шарасы қолданылды», – деді.

Шұғыл іздеуге кіріскен тәртіп сақшылары күдіктіні ұстады. Ол да Түркістан облысының 23 жастағы тұрғыны. Ер адам оқиға болған күні сол маңдағы бейнекамераға түсіп қалған. Марқұмның денесін алғаш пәтер иесі байқап, полиция шақырған.

Тұрғын үй кешенінің төрайымы: «Екі өлім тіркеліп отыр. Бізде бір жігіт 10-қабаттан құлап, бір жігіт қайтыс болды. Ол да пәтерді жалға алған. Жас жігіт 29-да. Мына бойжеткен 20 жаста өзі жүкті екен», – дейді.

Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.